Мәдениет

Курчатовта қазақ тілінде ән айтатын тұңғыш квартет құрылды

Курчатовта Қайрат Ахмердің отбасын білмейтін жан жоқ десе де болады. Өйткені, қаладағы қасиетті өнер қонақтаған қара шаңырақтың бірі – осы. Қайраттың қос ұлы Есіл мен Маман да, келіні Арай да, немересі Зәмзәм да шетінен әнші. Қаладағы бірде бір мерекелік шара бұл отбасының мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді.

Қайраттың анасы ғажап әнші, суырып салма ақын болыпты

Курчатовта қазақ тілінде ән айтатын тұңғыш квартет құрылды

Қырық жыл бойы атом дейтін аждаһаның дүрсілінен көз ашпаған Курчатов қаласының қазір еңсесі көтеріліп, ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің ордасына айналып келеді. Міне, осынау шағын қаланың өмірін шуақтандырып, өнері мен мәдениетін өрге сүйреп жүргендердің ішінде Қайрат Ахмердің отбасын ерекше атауға болады дер едік.
Қайрат Ахмердің дүниеге келіп, кіндік қаны тамған жері – Қытайдың Толы аймағы. Өзінің айтуынша, осынау киелі жер «ән мен жырдың мекені» болған екен. Дәл осы мекеннен әдебиет пен өнердің дамуына атсалысып, үлес қосқан 500-ден астам азамат шығыпты. Қайраттың ата-анасының өзі де өнерден құралақан емес еді. Әкесі халық ауыз әдебиетін, оның ішінде қиса-дастандарды жатқа соқса, анасының да ғажап әншілігімен қатар, суырып салма ақындығы болыпты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, осындай отбасында тәрбиеленген Қайраттың да құйттай жүрегіне жыр ерте қонақтайды. Жастайынан өнерге жерік болып, құмарта өскен Қайрат Ахмердің есімі 1980 жылдары-ақ әдебиетсүйер қауымның арасына белгілі бола бастайды. Кейін Қытай жазушылар қоғамының мүшелігіне қабылданады. Қазіргі күні ол – 300-ге тарта өлең мен алты поэманың, елуге жуық әңгіменің авторы. «Әйел үкімінің намысы» атты жыр жинағы да жарық көрген. Жетпіске жуық өлеңіне ән де жазылыпты. Сонымен қатар, біздің кейіпкеріміз Қайрат Ахмер «Толы өлең-жырлары», «Толы мақал-мәтелдері» атты оннан астам кітап та құрастырған екен.
Қайрат Ахмер 2008 жылы Қытайдан тарихи атамекенге қоныс аударуды жөн санайды. Алғашында Үржар ауданына қоныстанған ол отбасымен 2010 жылы Курчатов қаласына көшіп келеді. Қайрат елге оралғаннан кейін де шығармашылық жұмыспен айналысады.
2013 жылы ақынның «Сұлу махаббат» атты жыр жинағы жарық көреді.
– Ағамыз сізге талай жауһар жырларын арнаған шығар, – деймін Қайраттың өмірлік жолдасы Гүлзия жеңгемізге. Әдемі жымиған жеңгеміз бәріне риза секілді.
– Курчатовқа келгелі жаман болған жоқпыз. Құтты мекен болды десем қателеспейміз. Басымызда баспанамыз бар, балаларға да жұмыс табылды, – дейді Гүлзия.
Қытайда тұрғанда акушер-гинеколог болып қызмет еткен Гүлзия құдай берген үш ұлдан көрген төрт немеренің тәрбиесімен айналысады. Жолдасының да жаны сүйген шығармашылық жұмыспен шұғылдануына жағдай жасап отырған да – осы кісі.

Курчатовта құрылған тұңғыш квартет

Курчатовта қазақ тілінде ән айтатын тұңғыш квартет құрылды

– Көзімді ашқалы өнерлі ортада тәрбиелендім. Қытайдың Толы аймағында тұрғанда әкем мәдениет үйінің бастығы болғандықтан, мені кішкентайымнан-ақ небір үйірмелерге беретін. Үйрене берсін дейтін болса керек. Төрт жасымда домбыра үйрендім. Атам Ахмер де керемет жырау еді. Менің әр қадамыма қуанып, көңілі марқайып жүретін. Сахнаға шығып ән салсам да, күй тартсам да ақ батасын беретін еді. Атам жетпіс сегіз жасқа қараған шағында дүниеден озды, – дейді Қайраттың кенже ұлы Маман.
Кейіннен ол Үрімжідегі ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. 2008 жылы атамекенге оралған соң да, өнерді жанына серік етеді. Сүйген жары Арай екеуін табыстырған да – қасиетті өнер. Арай 2009 жылы Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжін тәмамдаған. Маман мен Арай сахнада бірге ән шырқағанда өнерлі жұпқа қызықпайтын жан кемде кем. Қазіргі күні Арай Курчатовтағы балалар музыка мектебінде қызмет істейді.
– Курчатовқа көшіп келгеннен соң, қазақ өнерінің өрісін кеңейткіміз келді. Қайда барсаңыз да, еститінің орысша әндер. Біздің қалаға бір мықты топтың қажет екенін айқын сезіндік. Сөйтіп, 2010 жылы қалалық мәдениет бөлімі жанынан «Достар» атты квартет құрдық. Репертуарымызда негізінен – халық әндері. Эстрадаға домбыра, қобыз сынды аспаптардың үнін қоссаң, халық әндері тіпті түрленіп сала береді емес пе? Бір жылдан соң есеп беру концертімізді өткіздік. Залда ине шаншар орын болмады. Алыстан атамекенін аңсап келген ағайынның ұлттық өнерге шөліркеп қалғанын байқадық, – дейді Маман әңгімесін әрі жалғап.
«Достар» квартетінің бір мүшесі Маманның туған ағасы – Есіл. Оның негізгі мамандығы режиссер екенін жоғарыда айттық. Бірақ, шағын қалада режиссер мамандығы бойынша жұмыс қайдан табылсын?! Қазіргі күні Есіл күзетші болып жан бағып, отбасын асырауға мәжбүр. Есілдің келіншегі Тойлас та – он саусағынан өнер тамған шебер жан. Тойластың қолынан шыққан небір бұйымдар көрген адамның көзін сүйсінтеді.
– Әрине, республикалық деңгейдегі өнер байқауларына қатысып, бағымызды сынағымыз келеді. Десе де, кейде дайындығымыз жетіспей, тартыншақтап қаламыз. Өйткені, квартеттегі төрт жігіт төрт жерде жұмыс істейміз. Біріміздің қолымыз босаса, біріміз жұмыста боламыз дегендей. Әйтпесе, жергілікті билік тарапынан қолдау бар. Қалалық мәдениет бөлімінің жанынан құрылғандықтан, бізге зал да, аппаратура да тегін беріледі. Концерт қоятын кезде киім жағынан да көмектеседі, – дейді Маман Қайрат.
Бір атап айтарлығы, Маманның да әкесіне ұқсап, өлең жазатын ақындығы, ән шығаратын сазгерлігі бар. Оның:
Өмірім құлпырғандай,
Бір нәзік сезімменен.
Қараймын жүрегіңе
Ғашықтық көзіменен.
Шырқайық мәңгі ән ғып,
Жұбайлар берекесін.
Шырқайық кел екеуміз,
Ғашықтар мерекесін, – деп басталатын жұбайларға арнаған әні той-томалақта жиі айтылып та жүр. Маманның елордасы Астанаға арнаған әні де бар. Ал «Ғашық әнім» атты туындысы сүйген жары Арайға арналыпты.
Осы арада Курчатовтағы «Достар» квартеті мүшелерінің мына бір игілікті ісін де ерекше атап айтқан жөн секілді. Өткен жылы «Достар» квартеті «Сәби болғым келеді» атты қайырымдылық концертін өткізіпті. Тағдырдың қатал сынына тап болып, мүгедектікке ұшыраған атыраулық Ислам атты үш жастағы бүлдіршінге көмек қолын созып, 300 мың теңге көлемінде қаражат жинап берген. Концертке арнайы Атыраудан келген Исламның анасы Айнұр жігіттердің адамгершілігіне риза болып, алғысын жаудырыпты.
– Мұндай жағдай кез келгеніміздің отбасымызда орын алуы мүмкін ғой. Сондықтан да біз бірімізге біріміз қайырымды, мейірімді болуға тиіспіз, – дейді Маман.
Біз Маманның өнеріне ғана емес, биік адамгершілігіне де қатты сүйсіндік.
Иә, кеңестік заманда Курчатовтың көгінде қазақтың әні қалықтап көрді ме екен осы? Әрине, жоқ. Ал бүгінгі Курчатовтың көркі – Мамандай жігіттер, ажары – Арайдай арулар екені сөзсіз. Шалғайдағы шағын қаланың өмірін жып-жылы шуаққа бөлейтін, қазақ өнерінің туын биік ұстаған осындай отбасылар көбейе берсе деп тілейміз біз де.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button