Невада-Семей

Курчатов инновациялық идеялардың орталығына айналды

Курчатов  инновациялық идеялардың орталығына айналды

Семей атом полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Содан бері Курчатов қаласындағы ядролық технологиялар паркі жаңаша инновациялық идеялардың орталығына айналып келеді. «Радиация түптеп келгенде пайдалы екен» деген сөзге сенбеуіңіз де мүмкін. Дегенмен де, «Адамзатқа заман талабына сай пайдасын тигізер ғылымның жаңа саласы деуге болады» деген де ұғым бар. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әділ Төлеуішовтің айтуынша, шығарып отырған өнімдері аса сапалы. Парктің радиациялық стерильдеу бөлімін аралап көргеннен кейін, бұл ғылыми фантастика емес, нағыз шындық екендігін байқадық. Мәселен, осында стерильдеуден өткен тамақ өнімдерінің қалбыр-қалыптарында сақталған өнім өзінің пайдалылығын ұзағынан сақтап, дәрумендері бұзылмайды. Мұндай электронды стерильдеу көптеген дамыған елдерде қолға алынған. Олар микробтар мен зиянды заттарды 100 пайыз өлтіреді. Бұған жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытуда. Өйткені, қалбырға салып, өз өнімдерін жеткізуде, сақтауда пайдасы мол.
– Мәселен, құлпынайды алайық, – дейді Әділ Төлеуішов, -АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропаның барлығы осы тәсілді қолданады. Бұл тиімді, яғни, таза күйінде құлпынай үш күн сақталады, ал оны сәулеге ұшыратса, бір ай сақталады. Өнімдерді сәулелендіруге ұшырату арқылы шетелдерге өзіміздің тауарларды сапалы түрде жеткізуге болады. Электронды стерильдейтін немесе залалсыздандыратын қондырғының құны – 1 млн. АҚШ доллары шамасында. Қондырғыны ойлап тапқан өзіміздің қазақстандық ғалымдар. «ҚазАгроИнновация» АҚ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша бас ғылыми үйлестірушісі Серік Түменовтің айтқанындай, курчатовтық ғалымдардың жаңалығын енді кеңінен пайдалануға болады.
– Сіздер фитошай деп дәріханадан алып ішіп жүрсіздер. Ол – құрғақ шөп, микробтары жеткілікті. Ал мына электронды тазартқыштан өткен шөп-шайлар нағыз денсаулыққа пайдалы болмақ, – деп түсіндірді Серік Түменов.
Қолға алынбақ тағы бір тың дүние – мұнай-газ құрылғыларын кешенді түрде тазалаудың химиялық технологиялық бағдарламасы. Бұл Индустрияландыру картасына да енгізілген екен. Идея авторы, патент иесі – Әділ Төлеуішов. Бірақ, тіркетуге арналған ресми қағаз жұмыстары көп уақыт алып жатқан көрінеді.
Жақында ғана Астана қаласында «Фармацевтикалық және медициналық бұйымдардың, азық-түліктердің электронды стерильденуі» атты семинар өткен болатын. Осынау халықаралық жиынға қатысып келген «Ядролық технологиялар паркі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әділ Төлеуішов, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина сияқты 22 мемлекет ішінде Қазақстанның мәртебесі жоғары тұрғандығын ерекше атап өтті. Әсіресе, бір ретке ғана пайдалануға болатын медициналық бұйымдарды стерильдеу сапасы барлығының көңілінен шыққан екен.
– Және де жақында жылу, су құбырларын бекіту, жылыландыру мақсатында көбікті полиэтиленнен жасалған «Экоизолды» және термобекітуші лента «Термоизол-Л» дегенді қолдануды Павлодар қаласында алғаш рет қолға алдық, нәтижесі ойдағыдай болды, – дейді Әділ Төлеуішов.
Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атом медицинаға, халық игілігіне еңбек етсін деген бағыт-бағдарына орай қолға алынып отыр.
Сондай-ақ, алдағы уақытта «Ядролық технологиялар паркі» АҚ құбырларды жылылатып бекітетін бұйымдар және жылу бөлетін, ішке артық дыбыс жібермейтін бұйымдарды өндіріп, пайдалануға бермек. Демек, тұрғын үй құрылысы саласына да кеңінен араласпақ.

Раушан Нұғманбекова

Курчатов

Осы айдарда

Back to top button