Жаңалықтар

Құрбан айт биыл қалай өтеді?

Мұсылман қауымға қуаныш сыйлайтын мейрамдардың бірі – Құрбан айт. Баба дәстүр мен діни ғұрыпты байланыстырған мейрам биыл 28 маусымға дөп келіп отыр.

Бұл күні мұсылман қауым таңның атысымен айт намазына асықса, осыдан кейін құрбан шалуға бет бұрады. Биылғы айт намазы Шығыс өңірі бойынша облыс, қала, аудан және ауыл мешіттерінде 28 маусым күні таңғы сағат 7.00-де оқылады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Осыған орай облыстың бас имамы үндеу жариялап, жұртты айт мейрамымен құттықтады.

– Мұсылман баласы асыға күткен Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Құрбан айт – мейірім мерекесі. Бұл күні барлық мұсылман баласы хал-қадірінше басқаға жақсылық жасауға тырысады. Осы орайда айта кетсем, облысымыздағы барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы.

Әдеттегідей биыл да құрбан шалу орны Өскемен қаласының іргесіндегі Шығыс ауылының жанында болады. Құрбан шалу айт намазынан кейін сағат 07.30-да басталады. Ал  мерекелік рухани-мәдени шаралар 28 маусым күні Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің алдында өтетіні хабарланды. Сондай-ақ алдын ала қасапшыларды оқыту, еріктілерге қызмет қылу тәртібін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанынан құрылған «Уақып» және «Зекет» қорларының ұйымдастыруымен «Құрбан-2023» сайты жұмыс істеп тұр. Осы сайт арқылы онлайн құрбан шалып, аз қамтылған отбасыларына көмектесуге болады. Көмекке мұқтаж жандардың тізімін еріктілердің көмегі арқылы жасап жатырмыз. Біз осыған дейін 15 қасапшы оқытып, оларға санитарлық кітапша бердік. Өзге де қасапшылар арнайы мамандардың бақылауында болады, – деді «Уақып» және «Зекет» қорларының Шығыс Қазақстан бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.

Сондай-ақ құрбан шалу орнын Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және санитарлық эпидемологиялық бақылау басқармасының мамандары қатаң бақылауға алып, сол жерде жұртпен бірге жұмыс істейтіндерін айтты. Қасапшылардың және сатушылардың барлық әрекеті бақылауда болмақ. Сондықтан да құрбан шалу барысында белгіленген талап-тәртіпті сақтап, тазалыққа мән берген жөн. Құрбан шалуға қатысты өзге де сұрақтар болса мешіт өкілдеріне хабарласып білуге болады.

Құрбан айттарыңыз қабыл болсын!

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button