Күміс жас: зейнетке шығатындар да жұмыссыз қалмайды
ШҚО-да тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобаларын іске асыру аясында азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, Риддер қаласында жұмыссыздық деңгейін төмендету 2025 жылға дейін есептелген Ұлттық жобаның аясында жүзеге асырылады. Мұнда шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындардың жұмыспен қамтылуын арттыру міндеті қойылып отыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Жоба тұрғындарды тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық алуына, қажет болған жағдайда қайта даярлауға немесе өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін бірнеше бағытты қамтиды.
–Бағдарламада негізінен жастарды және зейнеткерлік жасқа таяған адамдарды жұмыспен қамту шараларына ерекше назар аударылады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатын көздейтін «Алғашқы жұмыс орны», түлектерге арналған «Жастар практикасы» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жас мамандардың бастапқы тәжірибе алуына мүмкіндік береді. Бұл ретте жалақыны бюджет қаражаты есебінен мемлекет субсидиялайды, –деді басқарма басшысы Альмира Мусинова.
Аталған бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасқан жандар жайлы бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, Риддер аграрлық-техникалық колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген Валерия Кайманакова Риддер қаласының жұмыспен қамту бөлімінде «Жастар практикасынан» өтті. Сүйікті мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтаған жас маман қазір Риддер қаласының жұмыспен қамту орталығында есепші болып еңбек етіп жүр.
Ал 45 жастан кейін жұмыс табу тіптен қиын екендігі белгілі. Өйткені жұмыс берушілер әдетте жастарға басымдық береді және бос жұмыс орындары туралы хабарландыруда жас шектеулерін көрсетеді. Ал өздеріне лайықты зейнетақыны қамтамасыз ету үшін адамдар зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жұмыс істеуі керек. Мұндай жағдайда еңбек тәжірибесі бар, зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүрген азаматтар «Күміс жас» жобасы аясында мемлекеттің қолдауын пайдалана алады. Оған елу жастан асқан жұмыссыздар қатыса алады. Ал жалақыны 60%-70% мөлшерінде үш жыл бойы субсидиялау – кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қолдау. Риддер қаласында «Күміс жас» жобасы былтырғы шілде айынан бастап жүзеге асырылуда.
62 жасында жұмыс іздеу енді оңай шаруа емес. Риддер қаласының тұрғыны Василий Пилюкшин осындай мәселеге тап болған. Бір жылдан астам уақыт бойы өз бетінше жұмыс іздегенімен, оған тек бейресми жұмысқа орналасу ұсынылған. Василий Пилюкшин Риддер қаласының жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп барғанда ол кісінің зейнеткерлікке шығуына небары бір жыл қалған еді. Осылайша ол «Күміс жас» жобасының алғашқы қатысушысы болып, «Алтай» ботаникалық бағына темір жону ұстасы болып жұмысқа орналасты. Бұл бақ өзінің тарихымен танымал, ол 1935 жылы құрылған және бүгінде бірегей өсімдіктердің бай коллекциясы бар. Осындай үлкен шаруашылыққа қызмет көрсету үшін, әрине, кәсіби маманның тәжірибесі өте қажет болды. Ұжым басшылығы кәсіби маманның жауапкершілігі мен тыңғылықты жұмысына зор құрметпен қарайды. Осылайша «Күміс жас» жобасының көмегімен Василий Пилюкшинге тұрақты жалақы, зейнетақы және әлеуметтік жарналары мен медициналық сақтандыру жарнасы ай сайын аударылады.
Осы жылдың бес айында Риддер қаласында бұл жобаға аспаз, нысан күзетшілері, шаштараз, залалсыздандырушы, күзет байланысы диспетчері сияқты түрлі мамандықтағы 58 адам қатысқан. Осы мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде жұмыс істейтін тұрғындар «Күміс жас» жобасының маңыздылығын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі Светлана Голубь 59 жасында «Қазақтелекомның» Риддер филиалынан жұмыстан шыққан соң, осы жоба аясында құрылыс дүкеніне қоймашы болып орналасты. Нәтижесінде жалақыдан басқа үздіксіз зейнетақы және әлеуметтік жарналар аударылып, жұмысынан айрылу бойынша жәрдемақы алады.
Сол сияқты Риддер орман шаруашылығында ұзақ жыл орманшы болып жұмыс істеген Вячеслав Татьянкин де жұмыстан шығарылғаннан кейін табиғат қорғау және орманшылық саласындағы тәжірибесінің арқасында «Күміс жас» жобасы аясында қорықшы болып тұрақты жұмысқа орналасты.
Биыл «Күміс жас» жобасына қатысушылар арасынан төрт адам зейнеткерлікке шығады.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ