«Күміс жас» жобасы кәріліктен құтқарады
Еңбекке еті үйреніп кеткен адам үшін бос отыру оңайға соқпайды. Әсіресе зейнетке шыққаннан кейін денсаулығы мен жасына сай жұмыс таппаған үлкен кісілердің зерігіп қалатыны бар. Тіпті, оның соңы тез қартаюға алып баратын көрінеді. Әуелі әлем халқының белгілі пайызы деменция атты ауруға ұшырайды екен.
Дүниежүзінде деменция сияқты аурудың алдын алып, әртүрлі бағыттағы әлеуметтік жобаларды жүргізіп отырған елдер баршылық. Осы бір бастама бүгінгі таңда бізге де қажет болып отыр. Осыны ескерген Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана мен Әлеуметтік қызметкерлер волонтерлері қауымдастығы бірлесіп, «Күміс жас» атты әлеуметтік жобаны қолға алуда. Бұрынғы заманда екі қолға бір күрек деп өскен жандар үшін немере мен шөбере ермек еді. Бүгінгі таңда бұл үрдіс те өзге арнаға бұрылған. Сондықтан бұл төрт қабырғаға телміріп отырған үлкен кісілерге үміт сыйлайтын жоба деуге негіз бар.
– Қартайып бара жатқан азаматтар когнитивті денсаулығына көп қарамайды. Қараған кезде де әлеуметтік оңалтуды емес, медициналық көмекті қолданады. Жаһан ғалымдары деменцияға қарсы ем-дом іздестіріп жатыр, әзірге тиімді препараттар жасалмаған. Сондықтан әлі күнге дейін деменция емделмейтін дегенеративті ауру болып саналады. Десе де әлемде күміс жастағы адамдарға ақыл-ойды ұзаққа сақтауға көмектесетін әлеуметтік әдіс-тәсілдердің үлкен тәжірибесі бар. Соған сүйеніп Өскеменде осындай жоба бастап отырмыз, – дейді жоба тізгінін ұстаған Әлеуметтік қызметкерлер волонтерлері қауымдастығының төрағасы Күлшария Көккөзева.
Осындай білінбей бойға тарайтын аурудан жылына әлемде бірнеше миллиондаған адам зиян шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2015 жылы жер бетінде 46 млн-нан астам адам деменцияға (ойлау қабілетін бұзатын ауру) шалдыққан. 2017 жылы – 50 млн болса, 2050 жылы мұндай адамдар саны – 130 млн-ға жетеді деп болжануда. Бұл жағдай білінбей бізде де жүріп жатуы бек мүмкін. Сондықтан «Күміс жас» әлеуметтік жобасының маңызы зор деуге болады. Бұл жобаның «Мидың жастығы – саусақтардың ұшында» атты алғашқы сабағына 12 адам келіп қатысқан. Олар қағаздан модельдау жасап, сананы сергітіп, қол мен саусақты жаттықтыру сияқты жаттығулар жасап қайтқан.
– Біздің жоба бойынша әр адам қалаған терапия түрін таңдап, оны хоббиге айналдыруға ынталанады. Ал хобби күміс жастағы адамдардың когнитивті функцияларын жақсартып, жалғызсырау, қобалжу сезімдерін төмендетеді, көңіл-күйін көтереді. Ниет білдірушілерді әр аптаның бейсенбісінде де күтеміз, – дейді Күлшария Көккөзева.
Міне, бұл – төрт қабырғаға қамалып жатқан зейнет жасындағы қала тұрғындары үшін таптырмайтын мүмкіндік, денсаулықты сақтай отырып, уақытты тиімді өткізудің бір жолы деуге болады.
Алтай Ғали-Асқар