Өнер

Күмбірлеген «Күй ғұмыр»

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

 Қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілген күйге елең етпейтін жан жоқ болар, сірә. Қазақтың күйінде бір құдірет бар екені рас.  Өйткені күй – халықтың жаны, күй – халықтың жады. Жуырда Өскемендегі «Ертіс концерт» залында  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсеннің «Күй ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.

 Жетпістен асса да Орынбай Кәріғұлұлының қолынан домбырасы әлі түскен жоқ. Домбыра –  оның айнымас серігі. Саусақтары домбыраның пернесіне тисе болды,  күй саулап қоя береді. Бұл жолғы шығармашылық кешін «Күй ғұмыр» деп атауы да тегін емес. ­Өткен өмір өрнектеріне көз жүгіртсе,  саналы ғұмыры күймен өтіпті.

– Жер ортасы жасқа келгенде «Күй ғұмыр» деген атпен республика бойынша концерт өткізіп жатырмын.   Ғұмырым күймен көмкерілді. Бұл концерт негізі 2021 жылы менің  70 жылдық мерейтойымның қарсаңыңда басталған болатын.  Бәрі жақсы басталған. Оралда, өзім жұмыс істейтін  Ұлттық университетте, Қостанай, Көкшетау қалаларында концерт бердік. Бірақ  пандемияға байланысты концертіміз тоқтап қалды. Биыл соны қайта  жандандырып, біраз жерді араласам ба деймін. Бастамасын Өскеменнен  бастап жатқан жайымыз бар. Сосын Жезқазған, Қарағандыны, Ақтөбе, Семей өңірлерін араласам деймін, –  дейді күйші Орынбай Дүйсен.

Айтуынша, бұл Орынбай Кәріғұлұлының Шығысқа бірінші келуі емес. Бұл жаққа жұмыс бабымен талай келген. Республикалық, халықаралық өнер байқауларында  қазы ретінде,  сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің бағыт-бағдар беру жұмыстарымен Өскеменде бірнеше рет болыпты.

– Күй – халқымыздың төлқұжаты. Күйде қазақтың ұлттық болмысы, табиғаты жатыр. Оның тыныс-тіршілігін, дәстүрі мен ғұрпын да күй арқылы білуге болады. Күй –  синкреттік өнер. Ғылым академиясында қазақтың 5-6 мыңдай күйінің үлгісі тіркелген, –  дейді Орынбай Дүйсен.

Сазгер шығармашылық ғұмырында  әртүрлі жанрда 100-ге тарта шығарма жазған болса, оның 50-60 шақтысы күй.

Күйден бөлек оркестрге арналған  әндері де бар. Ал  «Балғындар» циклі бүлдіршіндерге арнап жазылған күйлерден тұрады.

Шығармашылық кеште күйші, сазгер бірқатар халық күйімен қатар, өзінің шығармаларын да орындады. Соның бірі – «Құлагер» күйі. Айтуынша, бұл күй 1999 жылы Ат спорты федерациясының өтінішімен жазылыпты. Ал «Ұлы көш» күйі қазақ елінің астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысып, ел қопарыла елордаға қарай көшіп жатқан кезде туған көрінеді.  Концертте сондай-ақ  Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өкілдері республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Естай Айтқұлов өз өнерін көрсетті.

–  Күй тазалықты ұнатады.  Өйткені ол халықтың өнері.    Ең алдымен орындаушыға емес, күйге құрмет болу керек.  Күй бірінші орында тұруы керек. Бізде қалай? Бірінші лауызымын  бірінші орынға қойып, күйді екінші орынға ысырып тастайды. Жастар осыған көңіл бөлсе, –  дейді Орынбай Дүйсен.

Орынбай Дүйсен 1951 жылы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп,  1982-1998 жылы аталған оқу орнында оқытушы болған. 1998 жылы Халық әртісі Айман Мұсақожаеваның шақыруымен қазіргі Қазақ ұлттық университетіне ауысып, бұл күнде осы өнер ордасында қызмет істейді.

 

Осы айдарда

Back to top button