Күздің қара суығында киетін киім тігеді
Аягөз қаласының тұрғыны Әсем Исина 583 400 теңгеге ноутбук пен екі тігін мәшинесін (тұрмыстық және өндірістік) сатып алды. Бұл оның арманын іске асыруға мүмкіндік берді.
– Кішкене кезімнен тігінге араласып өскенмін. Үйдегі бұйымдар өз қолымнан шыққан. Өзім көпбалалы анамын. Бала тәрбиесімен үйде отырмын. Сондықтан мемлекеттік грант ұтып алуға болатынын білгенде пайдалану керегін ойладым. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, ондағы кісілермен ақылдасып, бизнес жоспарын құрдым. Нәтижесінде жоғарыда аталған қаражатқа қол жеткіздім, – дейді Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алған ол.
Әсем Исина құрақ-көрпе, перде, замануи шапан мен бешпент тігеді. Балалары да, өзі де өзінің қолынан шыққан киімдерін киеді.
– Иә, сырт көзге қазақы бұйымдарды ешкім сатып алмайтын секілді көрінеді. Себебі адамдар үлкен-үлкен оюларды жапсырып қойған киімдерді елестетуі мүмкін. Қазір біз біркиер үшін емес, күнделікті киуге болатын жылы сырткиім тігеміз. Шапандардың қалың астары болады. Олар қар түскенге дейін қара суықта киуге арналған. Ішіне синтепон салсам, қыстық күрткенің орынын да басады. Өзімнің ортамда да, қатарластарымның арасында да мұндай киімдерді кигісі келетіндер көп. Перде мен құрақ-көрпелерге де сұраныс бар, – дейді Әсем Исина.
Оның бұйымдарының бағасы қалтаға қолайлы. Мәселен, қыз балаға арналған жылы шапан жеті мың теңге тұрады.
– Грантты сәуірде ұтып алдым. Жұмысымды бастағаныма көп бола қойған жоқ. Ересектер мен балаларға шапан тігіп саттым, құрақ-көрпе өткіздім. Әзірге тапқан табысымды ізденісіме, оқып-үйренуіме және қажет материалдарыма жұмсап жатырмын. Мысалы, дәл қазір 3D ою-өрнек элементтерін пайдаланып, бір жұмыс бастадым. Көзге әдемі көрінеді. Замануи «анасы мен баласы» деп аталатын жұп шапандарым да дайындалып жатыр. Жастар жағы соны ұнатады. Өзім тігіншілік курстарын оқығанмын. Қазір интернет арқылы әртүрлі дәрістерді қарап, білгенімді жетілдіріп келемін, – деді тігінші.
Тігіншінің арманы – үлкен ателье ашу.
Аягөз ауданының жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуы бойынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант ұтып алғандардың көпшілігі кондитерлік өнім дайындау мен мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс істейді. Мәселен, Ақши ауылының тұрғыны Серік Солтанқан 583 400 теңгелік грантына ұсақ мал сатып алған. Ол Аягөз қаласының тұрғындарын қой етімен қамтамасыз етуге атсалысып жатыр. Сонымен қатар жеке кәсіппен айналысуға ден қойғандардың қатарында тігін шеберханасы мен сән салонын ашу үшін жұмыс істеп жатқан қыз-келіншектер де бар.
Тасқын Болатұлы