Мәдениет

Күй құдіретін сезінді

Халқымыздың атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай  сақтаған қымбат қазынасының бірі – күй өнері. Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан Өнер училищесінде өңірдегі колледж студенттері арасында қазақтың осынау қасиетті өнеріне арналған «Күй шашу» облыстық фестивалі дүркіреп өтті.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың аспаптық музыкасы 18-ғасырдың соңында жоғары деңгейге көтерілді. Бұл кезде Байжұма, Баламайсан, Есжан, Байжігіт, Махамбет сияқты күйшілердің атағы халыққа кеңінен мәлім болды. Ал 19-ғасырда күйшілік өнердің дамуына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ықылас, Қазанғап, Сейтек, Дина, Сүгір сияқты күйшілік өнердегі ірі тұлғалары елеулі үлес қосқаны белгілі.

Өнерлі жастар осы аты аңызға айналған ұлы күйшілердің рухына тағзым етіп, ұлтымыздың рухани құндылығын дәріптеу мақсатындағы шара барысында өнерсүйер қауымды өздерінің күй орындау шеберліктерімен тәнті етті. Сахна шымылдығын Өнер училищесінің студенттер оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашты. Ал аталған білім ордасының студенттерінен құрылған Қазақ халық аспаптар оркестрі Ернар Кәкежановтың «Шабыт» күйін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Өнер училищесінің қосымша білім беру бөлімінің ең кішкентай өнерпаздары да шарадан тыс қалған жоқ. Өнер әлеміне енді қадам басқан жас домбырашылар көрермендерге Малгаждар Әубәкіровтің «Өрнек» күйін тарту етті. Көрермендер Ә.Желдібаевтің «Ерке сылқым», Қазанғаптың «Шыныаяқ тастарын» домбырашылар ансамблінің орындауында тыңдап, жоғары бағалады.

Сонымен қатар қыл қобызшылар ансамблі мен Қазақстан-Американдық еркін университетінің жоғары колледжінің студенті Сабина Фархатқызы, талантты күйшілер Тілекжан Раджанұлы мен Расул Бурахан, Дәрігер Берсінтілек, Уәли Мұратқазин, Жасқанат Арқашов, Алтынай Болатова, Батыр Фархатұлы, Дильназ Абдилованың өнерлерін де ерекше атап өткен жөн.

«Күй шашу» фестиваліне атсалысып, өнерлерін көрермен назарына ұсыну үшін Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің өнерпаздары да келді. Білікті ұстаз Серік Рамазанұлы жетекшілік ететін домбырашылар ансамблі атақты композитор, дирижер, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі мен Динаның «Науайы» күйін орындап, ұлттық өнерге шөліркеп қалған жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

«Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған» домбыра тілін шәкірттеріне үйретіп жүрген өнер майталмандарының бірі – Шалқар Рысханұлы. Ол жетекшілік ететін домбырашылар ансамблі К.Нүкішовтің «Шабыт» күйін орындаса, Әділет Серіковтің жетекшілігіндегі  фольклорлық ансамбль Дулат Файзілдаевтың «Ақыртас» күйін көпшілікке ұсынды.      Домбыра шанағына ұлтымыздың тұтас болмысын сыйдырған, ұлы өнердің атасы Құрманғазының «Қызыл қайың – Серпер» күйін  Өнер училищесі студенттерінің камералық оркестрі орындады.

– Аталмыш шара ұлттық өнерімізді ұлықтау және студент жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгінгі орындалған әрбір шығарма ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті, биіктікті, рухтың мықтылығын көрсетеді. Осындай талантты өнерпаздардың басын қосып, облыстық фестивальдің жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы болған Өнер училищесінің басшылығына алғыс айтамын, – деп ақжарма тілегін білдірген облыстық білім басқармасының кәсіптік және техникалық білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Бейсенбайқызы өнер мерекесіне белсене қатысқан студенттер мен оларды ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаздарын алғыс хаттармен марапаттады.

«Күйге толы дүние-ай, дүбірлеген,

«Қайран шешем», «Кішкентай» күнім деген.

«Көбік шашқан», «Сары өзен» жағасында,

«Ерке сылқым», «Айжан қыз» күлімдеген.

«Ақ жауын» «Алатауға» нәрлі жауын,

«Аңшының зары» емес пе, ал мынау үн?

Құрса егер күй керуен «Салтанатын»,

«Той бастар» топты жарып «Балбырауын», – деп ақын Қалқаман Сарин жырлағандай, өнер мерекесі күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен өз мәресіне жетті. Қазақтың қара домбырасынан күй төккен осындай дарынды жастарымыз барда қасиетті күй өнері асқақтай бермек.

                Дарабоз өнерпаздардан тәлім алған шәкірттер

Игі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген ұжымның тізгінін ұстап отырған басшысы Альмира Оралбекқызының айтуынша, қазір Өнер училищесі үш білім беру сатысы бойынша педагогикалық қызметті жүзеге асырады. Атап айтар болсақ, қосымша білім беру-мектеп-училище. Алғашқы саты баланың шығармашылық қабілетін танып, өнер дәнегін себумен шұғылданса, мектеп сатысы жас өнерпаздың қанатын қомдап, орта кәсіби сатыға даярлайды. Ал кәсіби білім беру сатысы педагогикалық шеберлікпен қатар, өнер майталманын тәрбиелеп шығаруға бағытталған. Училище өзінің білім беру қызметін мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асырып, өңіріміздің музыкалық өнер, мәдениет және білім беру саласындағы білікті мамандарға деген қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр.

Бүкіл ғұмырын өнер саласына арнаған әйгілі жерлестеріміз Ришат пен Муслим Абдуллиндердің жарқын жолын жалғастырып келе жатқан училищенің дарынды студенттері республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанып жүр. Мәселен, «Қазақ халық аспаптар оркестрі», «Үрмелі аспаптар оркестрі», «Камералық оркестр», «Аралас хор», «IN CORO» вокалдық тобы, «BELISSIMO» ансамблі, «Камертон» балалар хоры мен «Жастар» би ансамблі – қаламыздың, облысымыздың және республикамыздың мәдени-бұқаралық іс-шараларының көркі. Он жылдан бері білім мен шығармашылықта оза шауып, Өнер училищесінің қоғамдық өміріне белсене араласатын студенттерге Абдуллиндер атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалған.

Өнер училищесіндегі ұстаздар қатары жаңа мамандармен толығып отырады. Білім ордасында шығармашылыққа арналған екі зал, екі кітапхана, дыбыс жазу студиясы, спорт залы мен асхана және фонотекасы бар.

– Училищеміздің әр жылғы түлектері еліміздің бейінді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып, әртүрлі білім беру мекемелерінде, мәдениет үйлерінде жемісті еңбек етіп жүр. Түлектермен жүйелі жұмыстың нәтижесінде Өнер училищесінде білім алып, кейін жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар оқытушылар қатарын толықтырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда. Осы білім ордасынан тәлім алған кешегі студенттің бірі Азамат Мұхамедчинов бүгінде облыс әкімінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарып жүрсе, Данияр Мерғалиев – мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» кәсіпорнының директоры, сондай-ақ Ж.Ерманов, З.Смакова, Д.Нұрбаева, А.Пархоменко, Е.Кәкежанов, Е.Жәкенов, М.Жәкенова, Т.Харламова, А.Касаинов сынды түлектеріміз еліміздегі беделді оқу орындары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болашақ мамандарды тәрбиелеуде, – дейді Альмира Оралбекқызы.

     Түркі ұлысының алтын бесігі болған Алтай өңірі – еліміз үшін қасиетті мекен. Шығыс Қазақстан жұртшылығына деген халқымыздың ықыласы тек Алтайдың киесінен ғана емес, қазақ философиясының темірқазықтары – Абай мен Шәкәрімдей тұлғаларға деген құрметінен де көрінеді. Шығыстан шыққан талай батыр, ақын, ғалым, өнерпаз тұлғаларымыздың еліміздің абыройын асқақтатқаны, қазір де көп салада келелі еңбек сіңіріп жүргені баршаға аян. Халқымыздың музыкалық мұрасының үлкен тармағы саналатын Алтай-Тарбағатай өңірінің ән-күйлері – баға жетпес қазыналарымыздың бірі.

     Осынау киелі де құтты мекендегі өнер ордасы Халық артистері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің ұжымына амандық, бақ-береке, жұмыстарыңызға телегей табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!

  Арман Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры

 

Айжанат Бақытқызы, Өскемен

Осы айдарда

Back to top button