Қоғам

Күршімге әжесін сағалап келіпті

Барақ батыр көшесімен келе жатқанда үй жанындағы орындықта отырып, ықыласпен сәлем беріп, ынты-шынтысымен хал сұрасып жататын осынау бір орта бойлы, ширақ қимылды қарияны жақсы білетінмін. Көптен бері көрінбей кеткен соң, көршілерінен сұрастырғанда оның аяқастынан сал ауруға ұшырап, төсек тартып қалғанын естідім.

Көп ұзамай қайтадан аяғына «мініп», сыртқа кіріп-шығуға жарап қалған қарт басын көтеріп, тағы да сол үйренген жеріне жайғасқан екен. Әдейі бұрылып, сәлем бердім де, ары қарай жөнелмек болып едім, ол біраз уақыт бөліп, тілдесуімді өтінді. Мен бұған қарсы емес екенімді білдіріп, қарияның әңгімесіне пейілмен құлақ түрдім.

Өзін Авдеев Николай Петрович (Авдеев екенін бұрыннан білетінмін) деп таныстырған 73 жастағы қария сөзін ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Өзінің ұзақ жылдар бойы комбайншы болып жұмыс істегенін айта келе, бүгінгі ең толғақты мәселенің өзі сонда екенін, қазір тракторшы, комбайншы атаулының қасқалдақтың қанындай тапшы болып тұрғанын, жастардың мұндай мамандыққа баруға ынта білдірмейтінін әңгімелеп, бұрынғы уақытпен санаспайтын маман кадрлардың әбден қартайып, қатардан шығып жатқанын өкінішпен баяндады.

– Мен өзім бұрынғы Талдықорған облысының Сарқан ауданындағы Антоновка деген ауылдың тумасымын, – дейді Николай Петрович. – Мектепті бітірген бойда Сарқандағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, оны кең профильді тракторшы-комбайншы, слесарь-жөндеуші мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейіннен автомобиль жүргізушісі мамандығын игердім. Сөйтіп, өмір бойы ауыл шаруашылығында еңбек еттім. Ол кезді өзіңіз де білесіз, көктемде тұқым себу, жаз бойы шөп шабу, күз келе астық ору сияқты науқандардан қолымыз бір босамайтын. Ол кездің адамдары күн-түн, қыс-жаз дегенді білмейтін еді ғой, қайда жұмсаса, сонда барып, тынымсыз тер төгіп жүрдік.

Тиянақты мамандық алған балғын жігіт Коля Шымкент облысындағы туыстарына барып, сол өңірдегі «Победа» деген совхозға комбайншы болып орналасады. Бұл кезде оның  ата-анасы Антоновкада совхоздың омартасын ұстайтын. Кішкентайдан әжесінің бауырында өскен Коля біраз жылдан соң талайдан бері осында тұрып жатқан әжесін сағалап, көрікті Күршімге қоныс аударады да, біржола тұрып қалады. Алдымен автобазаға жүргізуші болып орналасқан ол көп ұзамай «Казсельхозтехника» кәсіпорнына механизатор болып қабылданып, сонда жеті жыл жұмыс істейді. Ал бұл кәсіпорынға науқан уақытында көлік пен механизаторлар жетіспей, тығырыққа тірелетін совхоздардан өтінімдер үзіліссіз түсіп жататын еді. Сөйтіп, тәжірибелі комбайншылар шеткері ауылдарға ұзақ мерзімді іссапарға аттанатын.

Еңбек десе ерінгенді білмейтін пысық-ширақ азамат қайда жүрсе де алдан көрініп, үнемі озық көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. Астықты жоспардағыдан екі-үш есе артық орып, үздік атанған Н.Авдеевті басшылық өзгелерге үлгі тұтып, әркез бағалы сыйлықтармен, ақшалай сыйлармен марапаттап отырды. Николайдың сол кездегі ерекше құрметтің белгісі – «Социалистік жарыстың жеңімпазы» вымпелін иеленіп, омырауына «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгісін екі мәрте таққаны тегін болмаса керек.

– Әсіресе «Высокогор» совхозында еңбектенген шақтарым естен кетпейді, – дейді Николай Петрович. – Мен онда қатарынан бірнеше жыл барып астық ордым. Сол кездердегі екпінді еңбек, қарышты қадамдарымызды ойға алсам, кеудемді қуаныш пен мақтаныш қатар кернейді. Шіркін, қазіргі жастар сол қарқынымызды көріп, ұғынып, өнеге алса ғой…

Бұдан соң қарт қайраты бар кезінде қаншама ерен еңбектің үлгісін көрсеткенімен, қартайған шақтарында екеуінікін қосқанда 120 мыңға толмайтын ең төменгі мөлшердегі зейнетақыға қарап қалған тірліктеріне ренішті екендігін аңғартты.

Дегенмен, өмірлік серігі Людмила Александровнамен қол ұстасып кешкен ғұмырларын, өздері өсіріп-жеткізген төрт перзенті мен олардан өрбіген 9 немересін ерекше бір қанағатты сезіммен атап айтып, тебірене әңгімелеген Николай Петрович өзінің жалпы тірлігіне, Күршімде өткізген өміріне риза екенін айқын сездірді.

– Осы ауылда 44 жылдан бері тұрамын, – дейді ол. – Мұндағы ұлттар достығын бөле-жара әңгімелеуге әбден болады. Қанша ұлттар өкілдерімен қоян-қолтық араласып, тірлік кешіп жатсақ та, біз «сен бөтенсің, жаман адамсың» дегенді естіген емеспіз. Кеңқолтық қазақ халқына айтар алғысымыз аз емес, қазіргі көршілеріміздің барлығы қазақтар. Солардың ешқайсысы біз туралы жат пікір білдіріп көрген жоқ, сәлеміміз түзу, тілеуіміз дұрыс. Тәңірім әрқашанда береке-бірліктен айырмасын, ортақ Отанымыз –  Қазақстанда мәңгілік тыныштық пен татулық, молшылық болғай!

Хасен Зәкәрия,  Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button