Жаңалықтар

Күршімдіктердің көбі осы оқу орнын таңдайды

 Күршімге С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұстаздары мен студенттері арнайы келіп, Университет күнін өткізді. Бұл келелі шараға аталған жоғары оқу орнының ұжымын университет ректоры Мұхтар Төлеген бастап келген болатын.

Аудандық Мәдениет үйіне лық толған күршімдіктердің алдына шыққан осы кешті жүргізушілер өздері білім алып жатқан Шығыстағы қара шаңырақтың қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін тізбелеп шығып, алғашқы сөзді ректорға  берді. Мұхтар Әділбекұлы қысқа болса да нұсқа сөйлеп, ашылғанына биыл 70 жыл толып отырған жоғары оқу орнының бүгінгі таңда бой көрсетіп отырған биіктері мен алдағы уақытқа межелеген жоспарлары жайлы баяндады. Ол өз сөзінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің республикамыздағы жоғары оқу орындары ішінде алдыңғы қатардан орын алатын жетекші білім ордаларының бірінен саналатынын атап айтты.

– Біздің университет, – деді ол, – бакалавриаттың 59 білім беру бағдарламасы, 39 магистратура және 12 докторантура бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырады. Университеттің оқу базасын төрт жоғары мектеп пен жоғары колледж құрайды. Университетімізде Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра, «Алтай жастары»  медиа орталығы, робот техникасы кабинеті бар. Сондай-ақ қызметкерлер мен студенттерге арналған А.Трунов атындағы фитнес, студенттерге қызмет көрсететін «PARASAT» орталығы жұмыс істейді. Осы өткен 70 жыл ішінде біздің университет сапалы білім беріп, белгілі қоғам қайраткерлерінің, ұстаздардың, спортшылардың, заңгерлер мен экономистердің әлденеше буынын даярлап шығарды. Сонымен бірге ол педагог кадрлар даярлайтын ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының арасында бірінші орын алып отыр.

Осыдан соң университетке ең көп түсетін түлектердің негізінен Күршім ауданынан екендігін баса көрсеткен Мұхтар Әділбекұлы Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаевқа, оқуда тек жақсы жағынан көрініп келе жатқан студенттердің ата-аналарына Алғыс хаттарын табыс етіп, олардың осындай өнегелі ұрпақ  тәрбиелегеніне шын көңілден ризалық білдірді. Бұдан соң ол облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың атынан №1 Күршім орта мектебінің директоры Ерболат Мәжібаевқа Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Үздік ауыл мектебі» дипломын табыс етті. Бұл мектептің мұндай атақты осымен үшінші рет жеңіп алып отырғанын айта кеткеннің артығы жоқ.

Талапты студенттерден құралған көркемөнерпаздар ұжымы ән шырқап, би билеп, түрлі өнер көрсетіп, жиылған қауымды тәнті етті.

Бұдан кейін сөз берілген  облыстық  Жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Арайлым Есімбекова, осы университеттің қазақ-орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымының кандидаты Сіләмбек Оразалин, экономика және басқару кафедрасының доценті, экономика ғылымының кандидаты Ғайни Қойшынова, маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығының жетекшісі Жанелла Болатова, педагогика, психология және мәдениет факультетінің 3-курс студенті, күршімдік Максим Корпач көпшілікті жоғары оқу орнындағы айтулы жетістіктер мен жаңалықтардан хабардар ете келе, ауыл жастарын осы университетке оқуға түсуге шақырды.

– Біздің бұл сапарымыздың мақсаты, – деп жауап қайтарды біздің сауалымызға университеттің байырғы ұстаздарының бірі С.Оразалин, – жоғары оқу орны мен мектептер арасындағы байланысты жаңғыртып, одан әрі нығайту. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Зайсан мен Тарбағатай аудандарындағыдай мектептердің бірінен ақпарат орталығын ашатынын айтып өтті ғой. Бұл дегеніміз – емтиханға дайындықты оңайлатып, құжат тапсыру, тіркеуді бұрынғыдай міндетті түрде қалада емес, осы ақпарат орталығында өткізу, сонымен бірге жастардың еңбектен қол үзбей жоғары білім алуына қолайлы жағдай туғызу.

Хасен Зәкәрия, Күршім

Осы айдарда

Back to top button