Спорт

Күллі қазақ елінің сенімін арқалаған команда

Нұржан Кенжеұлы

Күні кеше Латвия астанасы Ригада мәресіне жеткен шайбалы хоккейден Әлем чемпионаты қазақстандық жанкүйердің есінде ұзаққа сақталып қалары анық. Олай дейтініміз, былтыр ғана элиталық дивизионға шыққан біздің хоккейшілер бұл жолғы жаһандық додада бірнеше азулы қарсыласын тізе бүктіріп, нағыз сенсацияның авторы атанды. Дегенмен тәуелсіздік жылдарындағы қазақ хоккейінің тарихында бұдан артық болмаса, еш кем түспейтін өзге де сәттер аз емес. Оны тарих беттерін ақтарғаннан кейін аңғардық. Енді сол айтулы оқиғалар туралы аз-кем сөз қозғасақ.

Рас, биылғы Әлем біріншілігі ұлттық құрамамызды өзге қырынан танытқандай. Бұған дейінгі бәсекелерде сөзсіз аутсайдерлердің бірі саналып келген Қазақстан құрамасы Латвия жерінде түрленіп сала берді. Бұған дейін ірі есеппен жеңілмеудің өзі арман болған азулы қарсыластарымен терезесі тең өнер көрсетіп, кейбірінен басым түскенін де көзіміз көрді. Бұған бізді қойып, шетелдік хоккей мамандары да аң-таң. Таңданбағанда қайтсін?! Қазақ командасының Әлем чемпиондары финдерді, соңғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Германия құрамасын, айдын иелері Латвия хоккейшілерін жеңеді деп кім ойлаған?! Ал Италия құрамасымен ойында жерлестеріміз қарсылас қақпасынан 11 мәрте саңылау тауып, жарыстың бір ойынында ең көп шайба соққан команда атанды. Бұл рекордты чемпионат соңына дейін бірде-бір құрама жаңарта алмады. Дегенмен мұның өзі де плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін аздық етті. Әттең, Норвегия, Канада мен АҚШ-қа қарсы ойындарда тым болмағанда бір ұпайға қол жеткізгенде, плей-офф кезеңіне «үйеңкі жапырақтылар» (Канада) емес, біздің құрама шығып кетері анық еді. Ал бұдан артық қандай сенсация керек?..

Гретцки мен Бондраларды састырған ұжым

 

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында жалауын желбіреткен Ақ Олимпиада қазақстандық спортсүйер қауымның есінде әйгілі шаңғышы Владимир Смирновтың ерлігімен есте қалатыны рас. Дегенмен жапон жерінде өткен сол додада тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай оқиға болғанын отандастарымыздың көбі біле бермейді. Сондай-ақ оның Шығыс Қазақстанға тікелей қатысы бар.

Дәл сол жылы тізгінін даңқты Борис Александровтың өзі ұстаған шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Олимпиадалық турнирдің ширек финалына дейін жетіп, айды аспанға бірақ шығарды. Жарыс алдында анық аутсайдердің бірі саналған біздің команда өз тобында бірінші орынға ие болып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Әсіресе, Ерлан Сағымбаев пен ағайынды Корешковтар бастаған отандастарымыздың құрамында атақты Петер Бондра сияқты ойыншылары бар азулы Словакия құрамасын тізе бүктіруі сенсацияға баланды. Тіптен, ХХ ғасырдың үздік хоккейшілерінің бірі саналатын канадалық Уэйн Гретцки біздің командамен өткен ширекфиналдық кездесуден кейін Қазақстан құрамасының тұтастай бір клубтың – өскемендік «Торпедоның» ойыншыларынан құралғанын біліп, «Сіздердің бір клубтарыңыз осылай ойнаса, қалғандары туралы ойлау тіптен қорқынышты. Олардың келмей қалғаны қарсыластарыңызға жақсы болған екен» деп таңданысын жасыра алмаған деседі.

 

Канаданы осылай жеңу керек

Тағы сол 1998 жыл. Финляндиядағы жастар арасындағы Әлем біріншілігі. Бұл – Қазақстан хоккейін төрткүл дүниеге танытқан дода болды, дейді мамандар. Себебі, оған дейін тәуелсіз Қазақ елінің құрамасы негізінен құрлықтық додаларда ғана өнер көрсетіп келген-ді. Сондықтан ешкімге белгісіз команданың жарыстың жетінші орны үшін ойында атақты Канада құрамасын 6:3 есебімен жеңуі күтпеген жайт болды. Сол құраманы баптаған Владимир Беляев Финляндиядағы тарихи жеңісті былай еске алады:

«Канадамен ойында командалық ойын өрнегін көрсеттік. Жеңісіміздің кілті – сонда. Оған қоса, мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырыстық. Нәтижесінде ешкім күтпеген жеңіске жеттік. Бәзбіреулер сәттілік жолдас болды деп айтар. Дегенмен олай болса, чемпионаттың топтық кезеңінде тағы бір мықты қарсылас Словакияны 5:2 есебімен жеңе алмас едік қой. Жалпы, сол Әлем біріншілігінен кейін командадағы жас хоккейшілердің көбі ересектер арасындағы додаларда да жақсы қырынан көріне білді. Тіптен, арасында спорттағы мансабын таяуда ғана аяқтағандары да бар».

Айта кетейік, Финляндиядағы жаһандық додада ұлттық құрама сапында көп жыл бойы НХЛ-да табысты өнер көрсеткен Николай Антропов, сондай-ақ Андрей Трощинский, Вадим Рифель, Дмитрий Уппер, Сергей Александров сияқты беткеұстар ойыншылар ойнаған-ды. Бұлардың бәрі –  Шығыс Қазақстанның тумалары.

 

Жеңісті күндер қайта оралды

 

Жетістіктер туралы сөз қозғалғанда, «Торпедо» туралы да айтпай кете алмаймыз. Тәуелсіздік жылдары ұлттық құрамамыздың базалық клубына айналған өскемендік команда талай белесті бағындыра білді. 30 жылда «торпедолықтар» елішілік біріншілікте 13 мәрте топ жарып, Қазақстан кубогы үшін жарыстың бес дүркін жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 2007-2008 жылдары құрлықтық кубок сарапқа салынған додада қола медаль жеңіп алды. Дегенмен өскемендік команда жанкүйерлерінің жадында 2016-2017 жылғы маусым ерекше сақталары сөзсіз. Себебі, дәл сол жылдары «Торпедо» Ресейдің Жоғары хоккей лигасында толағай табыстарға қол жеткізді.

Рас, сол бір маусымда «Торпедо» әлдеқашан ұмыт болған игі дәстүрді жаңғырта алды. Кезінде хоккей ұстаханасы, қазақ хоккейінің отаны саналған Өскеменге қайтадан үлкен жеңістер келді. Араға біраз жыл салып команда құрамына Талғат Жайлауов, Евгений Рымарев сынды Шығыстан түлеп ұшқан тәжірибелі хоккейшілер оралды. Клуб ішінде орын алған елеулі өзгерістерден кейін команданың бапкерлік цехы да, ойыншылар құрамы да едәуір жаңады. Мақсаттар да өзгерді. «Торпедо» ортаңқол ұжымнан жүлделі орындарға таласатын  мықты командаға айналды.

2016-2017 жылдардағы Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионатын клуб тарихында тұңғыш рет бірінші орында аяқтаған өскемендік команда одан кейінгі плей-офф кезеңінде де сенімді ойнап, финалға іркілмей шықты. Тек ақтық сында жолы болмады.

Десек те, сол «Торпедо» жанкүйерлер жүрегінен орын тапқаны анық. Шабуылдаушы ойын өрнегі мен жарқын жеңістері арқасында «Торпедоның» іздеушілері көбейіп, Б.Александров атындағы спорт сарайының трибуналары бұрынғысынша халыққа лық толатын болды.

Жасырып қайтейік, қазір кезінде бүкіл КСРО-ға аты дүркіреп шыққан Өскемен хоккейі ауыр кезеңді бастан кешіруде. Бүгінде Қазақстан хоккейі десе, ойға алдымен  «Барыс» пен «Сарыарқа» оралатын болды. Ал чемпиондар ұстаханасы саналған «Торпедо» олардың тасасында қалып қойғандай. Соған қарамастан, көңілде Өскемен мен Шығыстың хоккейі өз тұғырына қайта қонады деген үміт әлі де бар.

Осы айдарда

Back to top button