Кәсіптік-техникалық мамандықты тегін алады

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, «Nur Otan» партиясы, облыстық басқармалар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Әсем Нүсіпова айтып өткендей, жыл сайын өңір колледждеріне 13 мыңнан астам студент оқуға түседі. Олардың шамамен жартысы жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады.
Бұған дейін комиссия облыстық бюджет есебінен мемлекеттік білім тапсырысының көлемін ұлғайту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Биылғы оқу жылында ол 6200 орынды құрады. Бюджеттік қаражатты орналастырудың басты өлшемі – колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі болды. Комиссия шешімі бойынша бұл үлес 70 пайыздан төмен болмауы тиіс.
Облыстық білім басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесіне сүйенсек, бүгінде түлектерді жұмыспен қамтудың орташа көрсеткіші 73,3 пайызды құрайды.
– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі қағидасы еңбек нарығы мен облыс экономикасына қажетті техникалық және жұмысшы мамандарды даярлауға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті Әсем Нүсіпова.
2022 жылға дейін өңіріміздегі техникалық мамандарға деген сұраныс 12358 адамды құрайды. Түрлі мамандық иесі атанатын осыншама колледж түлектерін өңір кәсіпорындары өзіне жұмысқа қабылдауға дайын.
– Жұмысқа орналасудың тиісті көрсеткіш деңгейіне жетпей қалған 27 колледждің алтауы мемлекеттік, жетеуі қылмыстық-түзету жүйесінде орналасқан, ал қалғаны жекеменшік колледждер. Мұндағы мемлекеттік колледждер аудандарда орналасқан және олар да жекеменшік колледждер сияқты жұмысшы мамандықтары бойынша конкурсқа қатысу құқығына ие болды, – дейді білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев.
Орта буын мамандықтарына колледждерден 5918 орынға тапсырыс түскен, бірақ 2279 орынға сұраныс жоқ. Сәйкесінше, мемлекеттік тапсырыс тек 3639 орынға бөлінетін болады.
Негізгі мамандықтар қатарында білім саласы – 869 орын, медицина және фармацевтика – 860, өндіріс, монтаж, жөндеу, көлік эксплуатациясы – 450, геология, тау-кен өнеркәсібі және пайдалы қазбаларды өндіру – 310, құрылыс және коммуналдық шаруашылық – 257, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, электронды техника – 256, өнер және мәдениет – 175 орын.
Тағы 136 орын қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша алғаш рет бөлінді. Бұл – жоғары білімге жақын мамандықтар және ол бойынша кіші инженерлер даярлайды.
Осылайша, 6200 орын мемлекеттік тапсырыстың 3775-і орта буын мамандары мен бакалавриат бағдарламасына, ал жұмысшы мамандықтарын даярлауға 2425 грант бөлінді. Салыстыра айтсақ, мемлекеттік гранттардың 60 пайызы орта буын мамандықтарына, 40 пайызы жұмысшы мамандықтарына бөлінді.
Жұмысшы мамандықтарына 2885 орынға тапсырыс берілген, бірақ 445 орынға сұраныс болмады. Сондықтан комиссия 2425 орынды мақұлдады. Жұмысшы мамандықтарына сұраныстың басым бөлігі құрылыс және коммуналдық шаруашылық, қызмет көрсету, экономика және басқару, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология саласының үлесінде.
4000 грант өңірдегі көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға бағытталатындығын атап өткен жөн. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы аталған санаттағы түлектерді жұмыспен қамтуға кепілдік беріп отыр. Палата директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, қазірдің өзінде әлеуетті жұмыс берушілер мен колледж түлектері арасында 350-ден астам келісімшарт жасалған.
Бұдан бөлек, қосымша 1730 орын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қарастырылады.
– Демек, облыстық бюджет есебінен 2019-2020 оқу жылында 7930 студент колледждерде тегін білім алады. Олардың барлығы стипендиямен және ыстық тамақпен қамтылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл қарастырылған 6200 грантқа облыс бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлінеді.
– Бұл – аз қаражат емес, бірақ маман жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қажетті қадам. Мұны Жастар жылына орай адам капиталына салынған инвестиция деуге де болады, – деді Әсем Нүсіпова.
«Дидар» – ақпарат