Кәсіптік білім беру саласы стандарттауды қажет етеді
Өмір ағысы ерекше талап етіп отырған бір сала болса, ол – бүгінгі жастарды кәсіптік және техникалық білім алуға бағыттау. Сондықтан аталған саланы стандарттау қажеттілігі өзінен-өзі туындайды.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалық етуімен өңірдегі колледждер мен лицейлердің басшылары, жұмыс берушілер қатысқан дөңгелек үстел отырысында негізінен кәсіптік білім саласы кадрларын даярлау, саланың өзекті тұстары және оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселелері сөз болды.
– Білім беруде, оның ішінде кәсіптік дағдыға үйретуде басты өлшем білім сапасы болуы керек, – деп бастады отырысты Ермек Көшербаев. – Келесі айда облысымызға вице-премьер келіп, біздің өңірде кәсіптік білім берудің барысымен танысып, тәуелсіз бағалау жүйесіндегі әдістемелік бағдарламаның тұсауын кеспек. Сол кезде біздегі кәсіптік және техникалық білім беру саласының көкейкесті тұстары да айқындалатын болады.
Отырыста баяндама жасаған республикалық туристік қауымдастықтың төрайымы Рашида Шәйкенова өз сөзін бірден кәсіптік білім алып шығатындардың біліктілігін тәуелсіз бағалаудың барысынан бастады. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы 228 бітіруші 5 мамандық бойынша сертификаттаудан өтсе, биыл 10 кәсіпорын мен кәсіптік білім беретін оқу орнының 386 түлегі арнайы сертификациялаудан өтпек екен.
– Бүгіндері «Атамекен» ұлттық одағының филиалдары бұл мәселе бойынша жақсы жұмыс істеуде. Біздерді шағын және орта бизнес жүйесі қатты алаңдатып отыр. Жалпы әрбір мекеме заман талабына орай халықаралық стандарттарға сай сертификат алуы керек. Қазақстанда біліктілікті дамыту турасында ұлттық кеңес құрылған. Біз соның шеңберінде жұмыс істейміз. Ал 2012 жылы Қазақстанның туристік қауымдастығы мен Қазақстанның мейманханалар және мейрамханалар қауымдастығының кәсіби стандарттары құрылған-ды, – деген ол техникалық және кәсіптік салалардағы стандарттар жүйесінің қызметін түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге туризм саласында 25, қонақжайлылық саласында 37 стандарттау жұмысы жүргізілген көрінеді. Сонымен қатар, қазір техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқу ісі жөніндегі меңгерушілерімен және әдіскерлерімен оқыту курстары өтіп жатыр. Кәсіптік стандарттаудың жеті тармағын жіліктей баяндаған Р.Шәйкенова бұған қоса арнайы жасақталған жұмыс тобы жұмыс берушілермен және білім ошақтарымен нақты жұмыстар атқарып жатқанын да баяндап өтті. Осы тұста облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев:
– Біз диплом алып шығатын жастың ертеңгі күні жұмыс табатын және сұранысқа ие болатын маман болып даярлануын қадағалауымыз керек. Сонымен қатар, кәсіпорындардың да сертификаттаудан өтіп, еңбекті қорғауды оқып-үйрететін орталықтар ашуға да ден қойылғаны жөн. Және бәрін заң шеңберінде шешіп қана қолға алу қажет деп ойлаймын. Біздің облыста туризмді дамыту туралы арнайы бағдарлама жасалып, жұмыс істеуде. Жалпы кадр даярлаудың дуальды жүйесін мықтап қолға алу қажет, – деп атап өтті.
Кәсіптік және техникалық білім берудің өзекті мәселелері арқау болған отырыста сөз алған Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің директоры Марат Нұрғалиев «Білім туралы» Заңда белгілі бір оқу орнын бітірген түлекті жұмысқа орналастыру қарастырылмағанын көлденең тартса, 84 жылдық тарихы бар Семей транспорт колледжінің директоры Александр Люй барлық түлек сертификат алуға тиіс, өйткені, бүгінгі күн талабы соны талап етеді дегенді айтты. Ал шағын және орта бизнес саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Галина Казанцева бұл мәселенің әсіресе, колледждерге ерекше қатысты екенін жеткізді.
– Бүгін өзекті мәселе сөз болды. Кәсіптік білім қазір өте-мөте сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан біз бүгінгі күнмен өмір сүрмей, келешекті ойлай қарекет етуге тиіспіз. Сол себепті әр оқу орны, мейлі ол жоғары, мейлі орта арнаулы білім мекемесі болсын менеджмент болуға тиіс. Біз көп ұзамай соған келетін боламыз, – деді дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған Ермек Көшербаев.