Білім

Кәсіптік білім алғанның келешегі жарқын

Кәсіптік білім алғанның келешегі жарқынКәсіптік білім алғанның келешегі жарқын Қазақстанның орнықты дамуының негізгі шарты кәсіптік оқу орындарында сапалы білім беру екенін уақыттың өзі бағдарлап отыр. Заман ағысы мен талабын түсінетін әр қазақстандық жас дәл ХХІ ғасырда кәсіптік мамандық иесі болудың қаншалықты қажет екенін білетін болар деп ойлаймыз. Біз осы мәселенің мәнісін тереңірек айтып беруін өтініп, облыстық кадрларды даярлау мен техникалық және кәсіптік білім беру орталығының директоры Александр Журенкомен әңгімелескен едік.

– Александр Васильевич, Елбасымыз өткен жылдың желтоқсанындағы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің келешек дамуына бірден-бір үлес қосушы лидердің айқындамасы ретінде «Біз алға қарай анық формуламен жылжимыз: «бірінші – экономика, содан кейін – саясат» дегені белгілі. Индустриялды-инновациялық өндірісті дамытуға жағдай жасаудың негізгі кілті адамгершілік қоры және жоғары білікті маман болып табылатынын тарата әңгімелесеңіз.

– 2009 жылы Білім министрлігі мен Дүниежүзілік банк арасында «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту» атты бірлескен жоба жасалған болатын. Ал біздің облыс республика бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңартуда алдыңғы қатарда келеді. Осындай басымдық ескеріле отырып және жүйені жаңарту мақсатында кадрларды даярлау мен техникалық және кәсіптік білім беру орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – аймақтың экономикасын дамытуға қажетті мамандарды даярлау және қайта даярлықтан өткізу мәселелері бойынша аталған қызметті үйлестіру.

– Сонда бұл мекемені оқу орындары мен жұмыс берушілердің байланыс орталығы десек те болатын шығар.

– Нақ солай. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі облыс бойынша 94 колледжде 147 мамандық бойынша 200-ден астам біліктілік алатын 45 мың 800 жасты қамтиды. Бүгінгі таңда түрлі бағытта қызмет көрсететін ең қажет мамандықтар аспаз, шаштараз, тігінші, ауыл шаруашылығының тракторшы-машинистері, іс жүргізуші, ұсталар, техник-механиктер, электр-механиктер, малдәрігерлік фельдшерлері, тас қалаушылар, сылақшылар болса, облыстың өндіріс орындарына ең қажетті және жоғары білікті мамандар электр-газбен пісірушілер, электр-монтерлер, құрылысшылар және тағы басқалар болып табылады.

– Осы тұста газет оқырмандарына өткен жылы өңіріміздің қанша адамы кәсіптік мамандық алып шыққанын айта кетсеңіз.

– 2012 жылы сегіз мыңға таяу, нақты айтқанда, 7992 түлек кәсіптік мамандық алып, олардың 58 пайызы алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Тағы бір баса айтар нәрсе, техникалық және кәсіптік білім беру орталығы мамандарды даярлау барысында жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта орталығымызда студенттерді облыс аймақтарында өндірістік тәжірибеден өткізуді бекіту акциясы өткізілген болатын. Аталған акцияға облысымызда жұмыс істеп тұрған 452 өндіріс орнының басшылары немесе өкілдері қатысып, түрлі колледждердің үш жарым мыңнан астам студенті өндірістік тәжірибеден өтуге бекітілді. Мұндай өндірістік ынтымақтастық келешек жұмыспен қамту көрсеткіштерінің жоғарылауына бірден-бір себепші болғанын жеткізгім келеді.

– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі түлектерінің кәсібилігін арттыруда қандай да бір мекеме-ұйым белсенділік танытып отырған болар?

– Бұл тұрғыда облыста құрылған «Жастардың еңбек биржасы» үлкен көмек көрсетіп келеді. «Жастардың еңбек биржасы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі студенттерінің, оқу орындары мен жұмыс берушінің, колледж түлектерінің ғаламтор арқылы әрекеттесулеріне үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Арнайы жасалған ғаламтор порталы жастардың мектеп қабырғасынан бастап, жұмысқа орналасқанға дейінгі барлық еңбек жолына дәнекер һәм қосымша құрал болып табылады. Сондай-ақ, ол жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыратын бірден-бір көпір деуге де әбден негіз бар. Тағы бір айтарым, қазіргі кезде облыстық техникалық және кәсіптік білім беру орталығы мен «Жастардың еңбек биржасы» бірлесе отырып, колледждің ең үздік түлектері базасын құрған.

– Жұмыспен қамтамасыз етудің ең бір тиімді жолы үгіт-насихат жұмысы екенін уақыттың өзі айқындап отыр. Бұл мәселеде істеліп жатқан шаруалар туралы да білгіміз келеді.

– Біздің орталықтың мамандары бұл тұрғыда барлық оқу орындарының осы бағыттағы жұмыстарын жеделдетіп, өздері де облыстағы орта және негізгі мектептердің түлектерімен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырады, түлектерге, сонымен қатар олардың ата-аналарына облыс бойынша қажет мамандықтар жайында және қай оқу орнынан қандай мамандық бойынша білім алуға болатыны туралы толық мағлұматтар береді.

Жалпы айтқанда, қазіргі кезде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім алып жатқан түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша біршама шаруалар тындырылып келеді, дегенмен, алдағы уақытқа жоспарланған шаралар одан да көп. Сөз орайы келгенде аймағымыздың жастарына «өмірдің кілті – білімде, ал дәл бүгінгі күннің талабы – нақты бір кәсіптік білім алу» дегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button