Кәсіптік бағдарды дұрыс жолға қоюымыз керек
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Өскеменге жұмыс сапарымен арнайы келіп, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыс активі және білім қызметкерлерімен зейнеткерлік жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар білім нысандарында болды.
– Облыс көлемінде Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамту туралы заң жобасын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы ақпараттық-насихат топтары құрылып, сәуір айының басында Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрғындармен, мекеме-ұйымдардың өкілдерімен аталған мәселе турасында 260-тан астам кездесу өткізіп, 80 мыңнан астам адамға түсінік жұмысын жүргізді. Бұл жұмыс әлі де жүргізіле бермек. Заң жобасының маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік органдардың басты міндеті – оны қабылдаудың қажеттілігін халыққа дұрыс және шынайы мысалдармен дәлелдей отырып, түсіндіру, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жоғары оқу орындарының басшылары, білім беру саласының барлық деңгейдегі өкілдері, сондай-ақ, аудан әкімдерінің орынбасарлары жиналған университеттегі кездесуді ашқан сөзінде.
Бұдан соң кездесудің күн тәртібіндегі мәселе бойынша Бақытжан Жұмағұлов сөз тізгінін алып, ел ішінде үлкен пікірталас тудырған шаруаны жіліктей баяндап берді.
– Бүгінгі кездесу өте өзекті екенін барлығыңыз да түсініп отырған боларсыздар. Бұл біріншіден, жаңа зейнетақы туралы заңның толықтырылулары мен өзгерістері, екіншіден, ел ішінде талқыланып жатқан мәселе бойынша сіздер тарапынан қойылатын сұрақтарға жауап беру. Біздің білім саласында көптеген адам еңбек етеді. Сондықтан бұл саладағылардың қолдауы мен насихатына көп нәрсе байланысты. 1998 жылғы зейнетақы туралы реформада негізінен біріктіруші жүйе жұмыс істеген болатын, – деген министр зейнеткерлікте негізінен үш құрамдас бөлік барынан хабар беріп өтті.
Республиканың бас мұғалімінің сөзіне қарағанда, олар: базалық зейнетақы, біріктіруші (солидарная) және жинақтау зейнетақысы. 2012 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа зейнетақы 42 мың теңге шамасында болған екен. Бұл мәселеде негізгі үміт соңғы, жинақтау жүйесіне артылғанмен, ол бар-жоғы 7-ақ пайызды құрап, күткен межеден көріне алмаған. Қорытындысында, алдын ала есептеулер бойынша 2050 жылдары жалпы зейнетақы орташа жалақының көрсеткішімен салыстырғанда төрт есеге қысқартылуы мүмкін. Сондықтан, ең басты мақсат – жинақтау жүйесін тиімдірек жүргізіп, әр адамның жинақтаған ақшасы оның қарттықты лайықты, бабымен өткізуіне мүмкіндік тудыратындай болуына қол жеткізу.
Министр тілге тиек еткендей, расында елімізде жинақтау жүйесіне қатысқан адамдар өте аз көрінеді. Бұл мәселені толыққанды жүзеге асыру мақсатында зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасына үш негізгі блок енгізіліп отырған сыңайлы. Бірінші блок – бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры.
– Мұндай блок тек тұрғындардың сенімі арқылы жүзеге асатынын ұмытпау керек. Қазір бізде тиімсіз жұмыс істейтін жекелеген қорлар өте көп. Ендігі жерде олардың орнына бірыңғай қор жұмыс істейтін болады. Бұл – жаңа дүние. Оның құрылтайшысы және акционері Үкімет болып табылады. Ал қордың зейнетақылық активтеріне еліміздегі Ұлттық банк басшылық жасайтын болады. Сөйтіп, бірінші рет Елбасы жанынан бірыңғай зейнетақы қорының жұмысына қатысты мәселелерді қарайтын кеңес беру органы құрылады. Осылайша тек айқындық қана емес, сенімді қөзқарас орнығатын болады деп ойлаймыз, – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Кездесуге келгендер асыға күткен зейнет жасының ұзартылу себептері туралы нақтылай түсіндірген министр барлық мәселені алақанға салғандай етіп баяндап берді.
– Зейнетке шығу жасын ұзарту әйел адамдардың зейнетақы қорына көбірек ақша жинақтауына мүмкіндік береді. Соңғы есептеулер көрсеткендей, аталған жүйеге қосымша бес жыл қатысу әр әйелдің жинақтау қорындағы ақшасын шамамен 15 пайызға көбейтпек, – деген Б.Жұмағұлов зейнет жасына қатысты унификациялау қазір көпшілікке әбден белгілі болғанындай, 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетінін егжей-тегжейлі түсіндіріп, мұндай қадамдар әлемнің бірталай елінде жүзеге асып отырғанын немесе қолға алынып жатқанын жеткізді.
Осылайша зейнет жасының ұзартылуына байланысты әйелдер арасында алаң туғызып отырған көкейкесті мәселені бүге-шігесіне дейін жайып салған министр алдағы уақытта еліміздің барлық жерінде өтіп, өзіндік байламдар жасалған пікір-ұсыныстар осы мәселеге орай құрылған жұмысшы тобының отырыстарында ескерілетінін және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы мониторингі арқылы салаға реформа жасау бағытында жүзеге асатынын баяндап берді.
– Қазір бізде мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерін, колледждер мен жоғары оқу орындарының және 20 мың ғылыми жұмыспен айналысатындарды есептемегенде 317 мың мұғалім бар. Бұлардың бәрі бюджеттік ұйымдар және оларға жылына 1 триллион 300 миллиард теңге жұмсалады. Тағы бір айтарым, бір жылда ғана білім саласын қаржыландыру екі есе, ал ғылымды қаржыландыру тіпті, екі жарым есе өсіп отыр. Осыған орай біздің мақсатымыз жаңаша ойлайтын мұғалім шығару екенін бәріңіздің түйсінгендеріңіз жөн. Жапонияның Премьер-министрінен «сіздер осынша озық жетістікке қалай жеттіңіздер?» деп сұрағанда ол: «Біз мұғалімдердің мәртебесін көтердік, олардың жалақысын министрдікіндей еттік, күзетін дипломаттардікіндей, ал құрмет көрсетуді императордікіндей етіп бекіттік» дегені бар. Біз сондай биікке ұмтылып келеміз. Енді ағылшын тілін бірінші сыныптан енгізетін боламыз, – деп бір қайырған бас мұғалім қазақ тілін білу әр қазақстандықтың міндеті екенін, соңғы екі жыл көлемінде орта білім беру жүйесінде түбегейлі реформа жасалғанын, ал биылдан бастап мұғалімдерді, оның ішінде білгір мұғалімдерді жекелеп қаржыландыру тұрғысында қанатқақты жоба қолға алынатынын айтып өтті.
Министрдің сөзінен тағы бір түйсінгеніміз, қазір республика бойынша 7800 зейнет жасындағы мұғалімдер еңбек ететін көрінеді. Алайда, олардың білгірлігі мен ерен тәжірибесі әлі де талай баланы ұлағаттылыққа тәрбиелеуге жететіні белгілі. Бақытжан Жұмағұлов сондай-ақ, нағыз заман талабына сай мұғалім тәрбиелейтін жоғары оқу орындары туралы сөз қозғай келіп:
– Бізде 149 ЖОО болған, қазір олардан 134 қалды, әлі де 30-дай оқу орны қысқармақ. Олардың бәрі сапаға емес, санға мән беріп кеткен меншік оқу орындары екенін түсінетін боларсыздар. Колледждер де қайта сұрыптауды қажет етеді, өйткені, олар сұранысқа қарай және нағыз білімпаз маман даярлап отырған жоқ. Ал жоғары мектептерде ілгері кеткендері де баршылық, әсіресе, ең озық білім беретін НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектептері барлық талап үдесінен көрініп келеді. Адам тегінде киімімен емес, білімімен дараланып тұруы керек емес пе?
Келелі ойлар мен күрмеуі әлі де шешіле қоймаған мәселелер қозғалған жиында Ұлттық банктің стратегиялық зерттеулер департаментінің директоры Г.Шайқақова, Аягөз ауданы білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы С.Есжанова, Семейдегі №6 гимназияның директоры Г.Селезнева және ШҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры Г.Бектасова күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алып, зейнеткерлік жасының ұзартылуы жөнінде өздерінің оң пікірде екендіктерін білдірді.
Бұдан соң министр Өскемендегі №3 көпбейінді мектеп-гимназиясына барды. Бұл оқу орнында бүгінде 1300-ден астам бала білім алады. Соңғы үш жылда мектепті 208 түлек бітірген, олардың 29-ы «Алтын белгі» иегері атанған. Өткен оқу жылында түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орта есеппен 92 балл жинапты. Мұндағы 94 мұғалімнің 31-і – жоғары санатты, 20-ы – бірінші, 26-сы – екінші санатты ұстаздар.
Министр оқу орнының жанынан ашылған шағын орталықта болып, оның жатын орындарын, асханасын және спортзалын көрді, бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесті. Қаладағы ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің қазіргі заман технологиясын меңгеру бойынша өткен жиынына қатысты. Басқосуға келген ұстаздар балаларды 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқуға дайындау барысын талқыға салды.
– Алдағы оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқытылатын болады. Пән аптасына бір сағат қана жүргізілмек. Әрине, әлемнің барлық елдерінде шет тілі бірінші сыныптан бастап үйретілмейді. Мәселен, Финляндияда оқушылар ағылшын тілін тек 3-сыныптан оқи бастайды. Біздің мақсатымыз – үш тілді, яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгерген азаматтарды тәрбиелеу. Сондықтан, осы қадамға барып отырмыз. Менің ойымша, бұл бағдарлама сәтті болуы тиіс. Ағылшын тілі – келер ұрпаққа аса қажет, бұл – заман талабы. Адам неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым оның дүниетанымы да кеңейе түседі. Ал қазақ тілін үйретуде бізге жаңа әдістемелер мен технологияларды қолданатын кез келді, – деді министр ұстаздар қауымы алдында.
Әңгіме барысында Бақытжан Жұмағұлов еліміздің білім саласында қолға алынып жатқан бастамалар туралы да сөз қозғады. Айталық, қазіргі кезде министрлік тарапынан электронды білім беру ісіне жіті көңіл бөлініп отыр. Енді облыстарда арнайы электронды білім беру қоры құрылмақ, әрбір оқушы мектептегі компьютер арқылы сол мәліметтер көзіне қол жеткізе алатын болады. Бұл ауқымды жобаны 2016 жылға дейін аяқтау көзделуде. Сонымен қатар, ведомство мұғалімдердің міндетті есеп беру құжаттарының санын үш есеге дейін қысқартып отыр. Яғни, оқытушы өзінің уақытын қажетсіз қағаздарды толтыруға емес, негізгі міндеті – балаларға білім мен тәрбие беруге жұмсауы тиіс. Тағы бір жаңалық – мектептерді қаржыландыру оқушының санына байланысты жүргізіледі. Бұл қаражат әр оқушымен «еріп жүреді» деген сөз. Аталмыш шара мектептер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, оқыту сапасының артуына септігін тигізуі шарт.
Басқосу барысында дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қанипа Бітібаева министрге өзі жетекшілік жасайтын республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы зертханасы жайында кеңінен баяндады. Қырық бес жылдық іс-тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз оқыту әдістемесіне қатысты соны идеяларымен, тың ойларымен бөлісті. «Сіздің бірегей зертханаңызды республика көлемінде кеңінен пайдалануымыз керек» деген министр жаңашыл мұғалімнің еңбегіне жоғары баға берді.
– Соңғы кездері мұғалімдердің өздері де, кәсіптеріне деген көзқарастары да өзгере бастады. Әсіресе, олардың шығармашылық ізденіске ерекше ден қойып, түпкі нәтиже үшін еңбек ете бастағандары қуантады. Біздің міндет – ұстаздың мәртебесін көтеру, оларды еңбегіне сай лайықты еңбекақымен қамту. Десек те, мұғалімнің беделі ең алдымен өзіне байланысты екенін айтқым келеді. Оқытушы қай жерде болмасын өзін мәдениетті ұстауы, өзінің іс-әрекетіне жауап беріп отыруы тиіс. Өйткені, ұстаздың әрбір сөзі, қимылы – бүгінгі және кешегі оқушыларының және олардың ата-аналарының назарында, – деп қорытындылады жиынды Бақытжан Тұрсынұлы.
«AES Өскемен жылу-энергия орталығы» компаниясының оқу орталығында Білім және ғылым министріне осында іске асырылып жатқан мамандарды дайындаудың дуальді жүйесі таныстырылды. Біздің облыстағы ірі кәсіпорындарда Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымы бойынша колледж түлектерін сегіз мамандық бойынша дайындау орталықтары ашылған. Бұл бастама аймақтағы техникалық кадр тапшылығы мәселесін оңтайлы шешуге негіз болмақ. Осы қанатқақты жобаға «AES» компаниясы да енген.
Компанияның білікті мамандары Өскемен политехникалық колледжінің ең үздік оқушыларын іріктеп алып, осында олардың білімдерін ары қарай шыңдайды, тәжірибелерімен бөліседі. Бастаманың нәтижесі де жоқ емес, былтыр 46 студент орталықтан тәжірибеден өткен, кәсіпорында-ғы 300 еңбеккер – аталмыш оқу орнының түлектері.
Қазір өңірде жылу және электр энергетикасы мамандарына сұраныс жоғары. Министр орталық басшылығына мамандық түрлерін арттырып, оларға халықаралық стандартқа сай білім беру туралы ұсыныс жасады. Сонда дуальды білім беру жүйесімен оқыған түлектер Қазақстанмен қатар, Кедендік одаққа мүше елдерде де жұмысқа орналаса алады.
Бақытжан Жұмағұлов оқу орталығының дәрісханалары мен тәжірибе алаңдарында болды. Осы жерде министрге өскемендік 86 жастағы өнертапқыш Михаил Булдаков желден электр қуатын алатын қондырғысын көрсетті. Жобаға қызығушылық танытқан министр Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Нұрлан Темірбековке осы қондырғыны ары қарай жетілдіріп, өндіріске шығарудың мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тапсырма берді.
– Аталмыш кәсіпорын жергілікті политехникалық колледжбен бірлесе отырып, заманауи мамандарды әзірлеуде. Біз осы қанатқақты жобаның тиімділігіне анық көз жеткізіп отырмыз. Жастар осы жерде әрі білім алады, әрі өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынақтан өткізеді. Өңірде тапшы мамандар мен шеберлерді дайындау ісі дұрыс жолға қойылған. Тап осындай жолмен мәселені ертерек шешуіміз керек еді. Осы бастаманы бүкіл ел көлемінде кеңінен қолға алу керек, – деді Бақытжан Тұрсынұлы. – Жалпы жұмысшы мамандарды кәсіпорындардың өздері дайындау керек. Өйткені, кадрлар олардың өздеріне қажет қой. Ал бізде мамандарды мемлекет оқытады, кәсіпорындар «дайын асқа, тік қасық» деп, еш шығын шығармай, мемлекеттік тапсырыс арқылы оқып шыққан тиісті маман иелерін жұмысқа қабылдап жүр.
Келесі кезекте Білім және ғылым министрі Өскемен техникалық колледжінде болып, оқу орнының сыныптарын аралап, өндірістік базасымен танысты. Аталмыш білім ордасы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша да маман дайындауда. Бағдарлама аясында білім алған түлектердің 98 пайызға жуығы жұмысқа орналасады екен. Бірақ қазір білім алып жүрген жастар курсты бітіріп шыққан соң қай жерде жұмыс істейтіндерін білмейтін болып шықты.
– Біз ертең жұмыссыздар қатарын көбейтетін мамандарды әзірлемеуіміз керек. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында оқып жатқан әрбір адам өзінің қайда жұмысқа орналасатынын білуі тиіс, – деді Бақытжан Жұмағұлов осы орайда.
Жұмыс сапарының соңында министр Өскемендегі «Азия Авто» кәсіпорнында болып, кәсіпорынның мамандармен қамтылу деңгейімен танысты.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздің инвесторларымен кездескенде жұмысшы мамандарды әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Осы міндет Өскеменде табысты іске асырылып жатыр екен. Мұнда дуальді жүйемен маман дайындаудың қанатқақты жобасы қолға алынған. Кадрларды дайындауды ірі кәсіпорындар мен оқу орындары бірлесе орындауда. Ендігі көңіл аударатын жәйт – сол мамандардың сапасын жақсарту, – деді іссапарын қорытындылаған Бақытжан Жұмағұлов.
Ержан Әбіш