Экономика

Кәсіпорындарымыз «ЭКСПО-2017» құрылысына қатысады

Кәсіпорындарымыз «ЭКСПО-2017» құрылысына қатысады

Шығыс Қазақстандағы құрылыс материалдарын шығарып жатқан шағын кәсіпорындардың өнімі ЕКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрылысына кеңінен пайдаланылмақ. Өскеменде Қытайдың ШҰАА, Ресей Федерациясының Алтай өлкесі, «Астана-ЭКСПО» АҚ ҰК, «Астана ЭКСПО-2017» корпоративтік қоры, облыс кәсіпорындары, бизнес қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен өткен көрмеде халықаралық көрме кешенін салып жатқан бас мердігерлер аймағымыздағы 10 кәсіпорынмен олардың өнімдерін сатып алу туралы меморандумға қол қойды.
Тауарларымыз сапасымен тәнті етті
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, Ресейдің Алтай өлкесі әкімшілігінің өкілі, «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің хатшысы Борис Ларин, Қытайдың ШҰАА Шәуешек қаласы әкімінің орынбасары Шуе Хай Бинь, республикалық бизнес құрылымдары өкілдері қатысқан «Шығысты өзіңе және әлемге таныт» атты тақырыптағы халықаралық көрмеге облыстағы 30-дан астам құрылыс материалдарын өндірушілердің өнімдері қойылды. Алматы облысының, өзіміздің туристік фирмалар да қызметтері мен мүмкіндіктерін, жетістіктерін паш ететін жарнамалары мен ақпараттарын көп алдына жайып салды.
«Алма Град», «Изотерм», «СМУ-Шығыс», «Ульба Электро», «УМК», «Семей силикат зауыты», «Казақцемент», «Корунд», «Өскемен конденсатор зауыты» сияқты байырғы кәсіпорындармен бірге инновациялық өнімдер өндіріп, нанотехнологиямен жұмыс істеп жатқан көптеген жаңа кәсіпорындар өнімдерінің бәрі де құрылысқа, өндіріске арналған материалдар екендігімен ерекше. Көрмеге келген қонақтар мен кәсіпкерлерді бірінің жаңа өнімі қызықтырса, бірінің сапасы мен бағасы назар аудартқызды.
– 15-наурыздан бастап былтырғы көрменің жалғасы іспетті өткізілгелі отырған «Өскемен ЭКСПО-2015» көрмесіне тапсырылған жобаларды іріктеу конкурсы жарияланды. Бұл шара «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындығымызды пысықтап қана қоймай, аймағымызда болашақтың баламалы энергиясын құруға, жасыл технологияларды қалыптастыруға игі ықпалын тигізуде, -деді көрме аясында өткізілген пленарлық кеңеске қатысушыларды аймақтың өнеркәсіптік, туристік әлеуетін дамыту бағытындағы іс-шаралардан хабардар еткен облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Елбасының тапсырмасына орай халықаралық көрме кешенін салу құрылысына негізінен отандық кәсіпорындардың өнімдерін пайдалану мақсатында «Астана ЭКСПО» АҚ ҰК аймақтағы өнім өндірушілермен кездесу, олардың өнімдерінің көрмесін өткізу шараларын өткен жылдан бері өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін құрылысты жүргізіп жатқан бас мердігерлер Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары және Астана қаласының кәсіпорындарымен меморандумдарға отырған. Аймақтармен жасалған келісімдер бойынша ЭКСПО нысандары құрылысына өңірлердегі 85 отандық өндірушіден 56 млрд. теңгенің өнімі сатылып алынбақ.
Көрмені аралап, өңір кәсіпорындары өнімдерімен танысып шыққан «Астана ЭКСПО» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Алмас Жаманбеков кеңесте облыстағы кәсіпорындармен байланыс мұнымен шектеліп қалмайтынын айтты.
– Көрмеден Шығыстағы құрылыс материалдары кәсіпорындарының шығарып жатқан тауарларының сапасы аса жоғары екенін, өндірістердің басым бөлігінде заманауи технологиялар қолданылатынын көріп тұрмыз. Көрме кешенін салу барысында отандық өнімдерді пайдаланудың деңгейін 80 пайыздан асыруды көздеп отырмыз. Сіздердің облыстағы сапалы, құрылысқа қажетті материалдардың қай-қайсысын да сатып алуға мүдделіміз. Осындай әріптестік елдегі ірі де маңызды жобаны жүзеге асыруға шағын және орта бизнесті тартуға мүмкіндік беріп отыр. ЭКСПО қалашығын салуға облыстарда шығарылатын өнімдерді қолдану үрдісін кеңейту арқылы аймақтардың дамуына мүмкіндік туғызылуда, – деді ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары.
Облыс өнім өндірушілерін көрме кешені құрылысына қажетті материалдар тізімімен, нысандарды салудың сипаты, ерекшелігімен таныстырған «Астана ЭКСПО» ҰК АҚ құрылыс департаментінің бас менеджері Алмас Қисабеков 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өткізілгелі отырған халықаралық көрме павильонының өзінің аумағы 25 га жерді алып жатқанын , сондықтан, өндірісшілер үшін мүмкіндік көкжиегі бүгінгіден де мол екендігін жеткізді.

Төрт мемлекеттің туристерін тоғыстыратын мүмкіндік бар
Мұндай мүмкіндік өңіріміздің өнеркәсібін ғана емес, туризм саласын дамытуда да мол. Жүз мемлекеттен 300 мыңнан астам адам қатысып, шараны бірнеше миллион келуші көріп, тамашалайды делініп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Шығыс Қазақстанда туризмді дамытудың аса қолайлы сәті туып отыр. Алтай өлкесі әкімдігінің өкілі, «Алтай – ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің хатшысы Борис Ларин Ресей, Қытай, Моңғолия, Қазақстан сияқты төрт мемлекеттің шекарасымен ұштасып жатқан Шығыс өңірінде туризмді дамытудың халыққа ыңғайлы тиімді тетіктерін жетілдіруге, төрт елдің алты аймағын араластырып, ынтымақтастырып отырған Алтайдың -Алтын таулардың байлығы мен берекесін ел игілігіне айналдыруға қатысты өз ұсыныстарын да айтты.
Облыста қазір 329 туристік фирмалар мен қызмет көрсету нысандары жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы олар 3,5 млрд. теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл қаржы аз болып көрінгенімен бұрынғы уақыттармен салыстырғанда әжептәуір, 15 пайызға өскен. Шығыс Қазақстандағы курортты аймақтарда демалушылар саны сегіз пайызға артып отыр. Облыста туризмді дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жол картасы бойынша көктемнен бастап өңірлерде туризм нысандарын салу, қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ. Қазіргі күні «Бизнесті дамытудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 10, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша алты, кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен 28 туристік жоба жүзеге асырылуда. Өзен, көл, орман, тоғайлы демалыс орындарынан бөлек аймақтағы родон, пантымен, балшықпен емдеу орындарының өзі айырықша туристік кластер құруға тұрарлық.
ШҰАА Шәуешек қаласы әкімінің орынбасары Шуе Хай Бинь, аталған қаладағы сауда мекемесінің жетекшісі Айтан Айтыкен ол жақтағы тұрғындардың әсіресе, біздің облыстағы Алакөлге келуге ынтығып отыратынын, осы орайда екі жаққа да жайлы, оңды туристік қарым-қатынас байланыстарын орнатсақ деген ойларын жеткізді.
Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының үйлестірушісі Мәлика Қоянбаева 2011 жылдан бастап қолға алынған бағдарлама аясында Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті өркендетуге, өзінің шағын кәсібін, сервистік қызмет көрсету орындарын ашушыларға қолдау көрсетіліп қана қоймай, аймаққа туристер тарту мақсатында облыстағы көрікті жерлердің фотоконкурсы ұйымдастырылып, елде конкурс жеңімпазы деп танылған 500 фотоның жылжымалы көрмесі өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Жиын соңында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бас мердігерлері – «АБК Құрылыс-1»ЖШС, «Сембол Иншаат» АҚ, «СК Базис ЖШС», «АДС компаниясы» ЖШС және «Маbco constructions s.a» компаниялары ЭКСПО нысандарын салу кезінде өнімдерін қолданатындығы туралы облыстағы 10 кәсіпорынмен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Облыстағы «Қазақкабель», «Кэмонт», «Востокуниверсал», «Семейпластком», «Өскемен полиэтилен құбырлары зауыты», «Қазақцемент», «Полиус», «Корунд», «Үлбі фтор кешені», «Тас мақтасы зауыты», «Металлист», «Эгрей», «Семей цемент зауыты» серіктестіктері енді өз өнімдерін көрме кешенін салып жатқан бес бас мердігер компанияға саудалайтын болады.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «Астана ЭКСПО»ҰК АҚ, Инвестиция және даму министрлігі арасында туризм және өнеркәсіпті дамыту жөнінде ынтымақтастық меморандумдары қабылданды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button