Кішіпейілдігінен әсте кішіреймеген жан еді
Шырт ұйқыда жатқанмын. Құлағыма Тұр-ағаның саңқылдаған дауысы жетті. «Бек, (жастау кезімде әріптестерімнің көбі мені солай атаушы еді) мен жақын жерде тұрмын. Тездетіп телефон соғып жіберші», – дейді.
Жайма-шуақ мінезді ағамыздың жарқын дауысы дәп жанымнан шыққандай ап-анық естіліп тұр. «Телефон соғы несі? Тіпті, таң да атқан жоқ қой», деп ойладым ұйқылы-ояу жатып. Одан кейін Тұр-ағаны жуықта ғана жерлегеніміз, әлі қырқының да өте қоймағаны есіме түсіп, ұйқым шайдай ашылды.
Басыма: «Қайран аға! Үнемі іні тұтып, іштартып жүруші едіңіз. Мұныңыз бұрынғысынша өзімсініп, дұға бағыштап жібер деген тұспалыңыз емес пе?» деген ой келді. Тездетіп төсектен тұрып, жуынып-шайынып, елең-алаңда асүйде жападан-жалғыз отырып, білетін сүрелерден ағамыздың әруағына арнап құран оқыдым. Қимастық сезімнің адамды кәдімгідей қинайтыны бар ғой. Тұр-ағамен қызметтес жылдар, ол кісінің азаматтық бейнесі, ағалық ақылдары, дарқан мінезі, ақындық әлеуеті, айтса таусылмайтын адамгершілік қасиеттері ойға оралып, іштей егіліп, біраз отырып қалдым…
Содан бері табандатқан 15 жыл өтті. «Жақсының аты, дананың хаты өшпейді»дегендей, ол кісі бақилық болғалы дүние талай дөңгелегенімен Тұр-ағаның иман үйірілген жарқын бейнесі жадымнан әсте кеткен емес. Еске алған сайын «Бек, мен жақын жерде тұрмын. Телефон соғып жіберші!» деген дауысы саңқылдап құлағыма келеді де тұрады.
Қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» облыстық газетіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен 1980 жылы келдім. Тұрғазы аға Нұқаев газеттің жауапты хатшысы екен. Ақын адам ғой. «Өлең жазасың ба?» деді алғашқы таныстықтан кейін-ақ.
– Жоқ. Менікі жай проза ғана.
– Е-е-е, әңгіме, повесть жазам де. Ол да жақсы өнер.
– Оларға да жоқпын, аға. Қолымнан келетіні – қара-дүрсін газет жанрлары ғана.
Тұр-аға біртүрлі аянышпен қарағандай болып кетті.
– Журналистика да осал сала емес. Жақсы игеріп алсаң, ол да талай жерге апарады, – деді сосын жұбатқандай болып.
Өлеңге қай қазақтың әуестігі болмаған. Менің де ешкімге көрсетпестен анда-санда бір шимайлап қоятыным бар еді. Оларды газетке ұсыну, біреу-міреуге оқыту ойыма кіріп-шықпайтын. Әріптестерімнің бірінің мерейтойына орай шығарылған қабырға газетіне арнау-жыр жазамын деп, Тұр-ағаның алдында ол «ұрлығым»ашылып қалды.
– Әй, ұл, өтірік айтып жүр екенсің ғой. Өлең жазатын өнерің бар екенін неге жасырасың? Жазғаның – жап-жақсы. Ұйқастарың – шымыр. Ой да бар.
– Деңгейіміз сіздердікідей болмаған соң тартыншақтаймыз ғой, аға. Мен іште жүргендерді тысқа бір шығарып тастау үшін ғана жазамын. Оның өзінде де ілуде бір ғана.
Тұр-аға уәжімді қоштамайтынын аңғартты.
– Мұның мүлде дұрыс емес, Бек. Бойға біткен талантты тұншықтыруға болмайды. Құдай қабілет берген екен, оны өзің дамытуың керек. Бұлақтың көзін ашпасаң, жылға қайдан ағады? Оқта-текте бір оралмай, төпеп жаза беруің керек. Сонда жансарайың ашылады, соны ойлар пайда болып, шеберлігің шыңдала түседі,-деп ағалық ақылын айтты.
Әрине, осы әңгімеден кейін өлеңнің соңына түсіп кете қойған жоқпын.Әлі де тиіп-қашып өзім үшін ғана жазумен келемін. Кейде ағаның айтқан ақылдарын құлағыма құйып алмағаныма өкінемін.
Поэзия Тұр-аға үшін өмірдің мәні еді. Маған ол кісінің өлең жазбайтын күні болмайтындай көрінетін. Қашан көрсең де көзілдірігін шашы селдірей бастаған төбесіне қарай ысырып тастап, немесе желбезектері кеңдеу мұрнының ұшына қондырып қойып қағазға шұқшиумен отыратын. Кейде есінеп қойып, көзін уқалап отырған шаршаңқы кезінде үстінен түсесің.
– Түнгі 3-терде тұрып өлең жазған едім. Ұйқым қанбай қалыпты, – дейді ондайда Тұрғазы ағамыз.
– Несіне бейнеттенгенсіз? Жұмыстан кейінгі уақытта, немесе демалыс күндері жазсаңыз да болмай ма? – дейміз ғой.
– Шабыт қысса, ұйқының адыра қалатын кездері болады, жігіттер. Өлең ғой түрткілеп оятып жіберетін. «Ішіңде ұстама, шығар мені сыртқа. Тап қазір шығар», деп бойымды кернеп алқымдап тұрып алады. Сонан соң амал жоқтан тұрамын. Жүрегімде, санамда лықап тұрған шумақтарды қағазға түсіремін. Тыңдаңдар не жазғанымды. Оқып берейін, – деп құтылады Тұр-ағаң.
Ағамыз міндеті қат-қабат, аса қауырт жауапты хатшы, редактордың бірінші орынбасары қызметтерін атқара жүріп, қыруар әдеби шығармаларды дүниеге әкелді. 1978 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы Алматыдағы «Жалын» баспасында жарық көрген болатын. Ал 1995-99 жылдар аралығында өндіре қалам тербеп, «Әз ағамыз-Әнекең»,«Жарқыраған қос жұлдыз» ғұмырнамаларын, «Анаға тағзым» хикаяттар кітабын және «Ұлы даланың ұлымын» атты поэзиялық жинағын шығарды. Шоқтығы биік шығармаларынан құралған «Ұлы даланың ұлымын» кітабын жапа-тармағай алып, жаппай оқып, автордың өзімен бірге қуандық.
Тұр-аға мінезі жібектей есілген биязы, аса бауырмал, кісінің көңілін қалдырмайтын өте-мөте кішіпейіл жан еді. Өлеңдерінен де сол қасиеттердің иіс аңқып тұратын. Ұйқастары шымыр, орамдары ойға толы, жүрекке жылы жырлары тұңғиығына бойлаған адамды мақпал түндей маужыратып, жанға жайлы жазғы таңдай жадырататын.
Ол кісі арқалы ақын ғана емес, газеттің ұлық жанрлары – очерк пен публицистиканың да хас шебері еді. Тарихқа, шежіреге келгенде алдына жан салмайтын. Фольклордың, ауыз әдебиетінің асқан білгірі болатын. Сол кезде біздің құлағымызға жете қоймаған «Қабанбай батыр» жырын жатқа соғатын. Әсіресе, Дарабоздың тұлпары-Қубас суреттелген жерде ерекше шабыттанып, хас батырға серік болған қасиетті жануардың бейнесін көз алдыңызға тірідей әкеліп берер еді.
Ініге – ізет, үлкенге құрмет көрсетумен өткен ағамыздың біз сияқты бауырларына қамқорлығы да керемет еді ғой, шіркін. Қыс ауасында іссапарға кетіп бара жатсақ: «Менің қара тонымды ( ол кездегі ең жылы киім екінің бірінің қолы жете қоймайтын қойдың терісінен тігілген қара тон болатын) кие кет. Далалы жерге бара жатырсың. Тоңып қалма. Анда Пәленше, Түгенше деген азаматтар бар. Жолығып, менен сәлем айт. Өзім де телефон соғып, тапсырып қоярмын. Жағдайыңды жасап береді», деп бәйек болып жататын.
Тұр-ағаңның редакциядағы сол кездегі тұстастары да шығармашылық әлеуеті зор, шетінен талантты журналистер еді. Газеттің бар жанрын жетік меңгерген, белгілі публицист Қапан Сапарғалиев, осы кісінің кейіпкеріне айналып кетпейік деп бәріміз аяғымызды тартыңқырап жүретін сатирик Қапар Қабаев, сол кезде-ақ республикаға кеңінен танылып үлгерген жазушылар Көкей Сақабаев, Мүсілім Құмарбеков, адуын ақын Серік Ғабдуллин, салған суреттері жан бітіп, сөйлеп кеткелі тұратын суретші Һәм очеркист Ғазез Сәттібаев, бұл күндері марқұм болып кеткен басқа да ағаларымыз редакцияның алтын діңгектері болатын. «Қалыңдап бара жатыр естеліктер» деп қазір арамызда жоқ әріптесіміз ақын Ғалым Байбатыров айтқандай, ол ағаларымыздың қайсысын алсаңыз да айтсаң аяқталмас бір-бір естелікке кейіпкер болатын тұлғалар еді.
Еңбекқорлығы ерекше Тұр-аға солармен және кейінгі толқын -біздермен біте қайнаса, тіл табыса жүріп өнімді жұмыс істеді. Газеттің мазмұнды шығуына, шығармашылық тұрғыдан шыңдала түсуіне, тарихтың белгілі белестерінде ақпарат кеңістігінің алғы шебінен көрінуіне ерекше үлес қосты.
Талантты ағамыз жұртты әуел бастан өзінің аса инабаттылығымен, елден ерек кішіпейілдігімен баурап алушы еді. Бір қызығы оны асқақтатып, абыройын арттырып тұратын қасиеті де осы ғажап мінезі болатын. Мен үшін Тұр-ағаның тұлғасы алыстан көрінген таудың биіктей түсетіні секілді уақыт өткен сайын зорайып, жадымызда сақталған жарқын бейнесі бұрынғысынан да жарқырап бара жатқандай.
Бекәділ Сәдібеков