Қоғам

Көше саудасымен күрес нәтиже бере бастады

Көше саудасымен күрес нәтиже бере бастады

Өскемен қаласының әкімдігі көше саудасымен күресті нәтижелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінде базарлар маңындағы заңсыз алыпсатарлардың қарасы азайды. Жергілікті атқарушы билік белсенділігінің арқасында жабық сауда нүктелерінің саны көбеюде.
«Жәрдем» сауда орталығы мен «Заречный» базарының маңындағы ығы-жығы жұрттың жолындағы жайма базар саудагерлері соңғы кезде азайып келе жатыр деп айтуға болады. Көше саудасымен күресу үшін қала басшылығы тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, 20-дан артық рейд жасалған. Заң талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда жұмыс істеген саудагерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 200-ден артық заңсыз сауда нүктелері жабылған. Соңғы 9 айдың ішінде Өскемендегі базарлар маңында заңсыз көше саудасымен айналысқан адамдарға 664 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 млн. 962 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Көше саудасымен айналысқан адамдар да еңбек етіп, отбасыларын асырап отырғандар. Оларға жергілікті атқарушы билік мүлдем сауда жасамаңдар деп отырған жоқ. Тек көше бойында тұрмаса болғаны. Олардың жұмысы санитарлық немесе өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтіні айтпаса да түсінікті. Осы ретте жұмыссыз қалған алыпсатарлардың да жағдайы қарастырылған. Базар ішінде жабық сауда нүктелері ашылып, далада отырған саудагерлерге іштен арнайы дүңгіршектер берілгенін айта кетуіміз керек.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, базар маңындағы тәртіпсіздікті ауыздықтауға жалғыз полицияның күші жете қоймас. Аталмыш жұмысқа қала әкімшілігімен қатар, санитарлық қызмет мамандары да атсалысуы керек. Сонымен қатар сол маңайдағы тұрғындар да еш тексерусіз ашық-шашық сатылатын азық-түлік өнімдерін алмағандары дұрыс.
Ал қала әкімдігі тарапынан көше саудасымен күрес жұмыстары нәтиже бере бастады. «Жәрдем» сауда орнының артындағы кілем сатылатын жерлер қазір босатылып, ол жерлерге азық-түлік өнімдері сатылатын 10 сауда нүктесі қойылған. «Ертіс» ӘКК акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, барлық санитарлық талаптарға сай келетін балық өнімдері саудаланатын нүктелер ашылуда. Сонымен бірге, Орталық базар маңына сауда орындар ашу жөніндегі бас жоспар сызбасы да дайындалды. Алдағы уақытта ол жердегі барлық павильондар біркелкі сәулет стилінде салынбақ. Жоспарланған жұмыстың барлығы ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін аяқталады деп күтілуде.
Қазірдің өзінде «Жәрдем» және «Березка» дүкендерінің маңына кәсіпкерлер күшімен екі станционарлық полиция пункті ашылды. Мұндай пункт Абай даңғылының бойынан да ашылады, жер телімі бөлініп қойған. Естеріңізге сала кетейік, жуықта «Фрешмаркет» фермерлік дүкенінің жаныннан тағы бір арзан бағамен азық-түлік өнімдері сатылатын сауда орны ашылмақшы. Бұл жабық сауда нүктелеріндегі орынды жалға алу ақысын арзандатары сөзсіз.
– Мен «Заречный» дүкенінің маңында тұрамын. Бұрынғыдай емес, көше саудасы азайып, базар маңы тәртіпке келіп қалды. Заманауи үлгідегі дүңгіршектердің саны артып келе жатқаны да байқалады. Бұл саудагерлердің өздеріне жақсы емес пе, далада тұрмайды. Тұтынушылар үшін де ыңғайлы,-дейді қала тұрғыны Бағлан Қайрат.
Осы маңайда сауда жасайтын кәсіпкер Мағиза Аманованың да айтары бар. Ол бұрын қысы-жазы көшеде тұрып сауда жасап келіпті. Қазір сауда павильонының ішіне орналасқан. Қала басшылығының табанды жұмысының арқасында көшеде тұрғандар жабық ғимараттарға көшірілуде. Саудагер де, сатып алушы да разы.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button