Көшбасшылар даярлайтын білім ордасы

Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Елбасының бастамасымен «20 зияткерлік мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылғанына биыл жеті жыл болды. Осы уақыт аралығында білім шаңырағынан 467 түлек қанат тағып еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілетін көтеруде, түрлі саладағы зияткерлік әлеуетін дамытуға өз үлестерін қосып жүр.
Ұстазы мықтының ұстанымы мықты
Оқу, тәрбие дағдылары кезең-кезеңмен тереңдетіп отыратын бұл білім ордасы биыл Нидерландыда халықаралық аккредитациядан ойдағыдай өтті. Аккредитация нәтижесінде алынған сертификат мектептің жоғары сапалы білім мен тәрбие беретіндігін растайды. – Химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептің негізгі мақсаты – өзін-өзі дамытуға және жетілдіруге ұмтылатын, ел дамуына пайдасын тигізуге қабілетті көшбасшыны қалыптастыру, – дейді мектептің оқу ісінің меңгерушісі Альмира Қалиева.
Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушылар конкурстық негізде, қатаң талаптармен қабылданады. Мәселен, биыл бір орынға сегіз үміткерден болды. Қазіргі күні оқу ордасында 674 оқушы білім алып жүр.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, зияткерлік мектептегі білім берудің жаңашыл үлгісін 126 оқытушы жүзеге асыруда. Олардың қатарында білім беру бағдарламалары мен оқулықтарын құрастырушылар да бар. Халықаралық және республикалық деңгейдегі курстардан тәлім алу арқылы олар педагогикалық шеберліктерін шыңдап отырады. Он мұғалім «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері болса, екі мұғалім аталған бағдарлама бойынша оқуын жалғастыруда. Назарбаев университетінің екі түлегі өз туған жеріне оралып, ұстаздық етуде. АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания сияқты әлемнің білім-ғылымы дамыған елдерінен келген тоғыз шетелдік мұғалім оқушыларға мектеп пәндерін сапалы меңгертуде өз үлестерін қосып жүр.
Оқушылары жеті қырлы, бір сырлы
Альмира Болатханқызы айтып өткендей, бүгінде мектеп стратегиялық серіктесі – Кембридж университетімен бірлесе отырып жасаған, кіріктірілген білім беру бағдарламасының апробациясы бойынша тәжірибе алаңы болып табылады. Бағдарламаға ұлттық ерекшелігіміз енгізіліп, оқыту мен тәрбиелеуде этникалық педагогиканың ең үздік дәстүрлері пайдаланылады. Мазмұнды сабақтар, топтық жұмыстар биология, химия, нанотехнология, биотехнологияның оқу зертханаларындағы және кітапханадағы жеке жұмыстармен толықтырылып отырады. Оқушылар түрлі жобаларға, сыныптан тыс шараларға қатысып, элективті курстарда, үйірмелерде өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүр.
Жаратылыстану- математикалық бағыттағы пәндерге басымдық берумен қатар мектепте гуманитарлық пәндерге де назар аударылады. Оқушылар үштұғырлы тілден бөлек, өз таңдауы бойынша неміс, француз, қытай тілдерін де меңгеріп жүр.
Мектептен түлеп ұшқан 467 түлектің 77-сі «Алтын белгі», 96 пайызы грант иегерлері болса, 75 пайызы техникалық, жаратылыстану ғылымдары және медициналық мамандықтардың студенттері. 116 түлек Назарбаев университетінде білім алып жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін 35 түлек АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Канада, Венгрия, Финляндия, Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Гонконг, Украина сияқты елдердің жоғары оқу орындарында университет гранты бойынша оқуларын жалғастыруда.
Оқушылардың мақтанышпен атап өтуге тұрарлық жетістіктері ретінде Ханоеде өткен биология пәні бойынша халықаралық олимпиадада күміс медаль, Хьюстон қаласында өткен халықаралық конференцияда арнайы жүлде, Ресейде өткен «Адам, жер, ғарыш» халықаралық олимпиадасында алтын, күміс, қола медальдарды, Мәскеуде өткен бүкілресейлік турнирде екінші орын, математика және жобалау бойынша ғылыми жобалар халықаралық байқауында күміс медаль, республикалық ғылыми жобалар байқауында алтын және күміс медаль, биология, химия, физика, математика, ағылшын тілі, қазақ әдебиетінен республикалық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль, республикалық лингвистикалық олимпиадада алтын медаль иеленіп, ел құрамасы қатарында халықаралық олимпиадаға қатысуға жолдама алды.
9-сынып оқушысы Роллан Мұхамедияров «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» республикалық шығармашылық байқауында «Анимация» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Оқушыларда академиялық білім деңгейімен қатар шығармашылық, спорттық жетістіктері де аз емес. Венада өткен анимациялық фильмдер мен бейнебаяндар түсіру халықаралық байқауында бас жүлде, Амстердамда халықаралық мектептер кеңесінің жаһандық азаматтықты дамыту бойынша халықаралық жүлдесін иеленіп, «білімді мыңды жығатынын» дәлелдеді. Зияткерлік білім алумен бірге салауатты өмір салтын қатар алып жүрген оқушылар дзюдодан, семсерлесуден өткен халықаралық жарыстарда топ жарып, алдыңғы орындарды олжалап қайтты.
Бостонда өткен гендік инженерия халықаралық байқауынан Назарбаев университетінің командасы алтын жүлдегер атанды. Оның құрамында Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Еркежан Қаликанова да болғанын мақтанышпен айтып өткен жөн. Бір жылдық тынымсыз зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Назарбаев университеті алтынға ие болып, Кембридж, Гарвард және Массачусетс университеттерін артта қалдырды.

Мектеп тарихы биыл тағы бір жарқын оқиғамен толықты. Назарбаев зияткерлік мектебі жаңа ғимаратқа көшіп, 120 оқушыға арналған жатын орны бар жаңа үлгідегі интернат қоса салынды. Бұл ауылдардан келген немесе қаладан шалғай тұратын «Өркен» білім беру грантының иегерлеріне арналған.
Мектепте де президент бар
Биыл зияткерлік мектептің президенттік сайлауына он үміткер түскен. Барлығының суреті мен өмірбаяны ақпараттық тақтаға ілініп, үгіт-насихат жұмыстары сайлаудан бір күн бұрын аяқталды. Ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен әділ өткен сайлауда басым дауыспен 9 «а» – сыныбының оқушысы Мирас Есмұратұлы мектеп президенті болып сайланды. Бұған дейін ол еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері көшбасшыларының форумына қатысып, көптеген байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы болған. Мирас қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Бос уақытында футбол, баскетбол, вокал, археология және астрономиямен шұғылданады. Ал өзге үміткерлер мектептің ақпарат, мәдениет, ішкі істер, спорт министрі қызметтерін атқарып жүр.
Зияткерлік мектептің басшылығы мен ұстаздар қауымы оқыту, мектепті басқару, көшбасшылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстарындағы өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Бұл мақсатта жалпы білім беретін мектеп ұстаздары үшін семинарлар, шеберлік сыныптары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады. Базалық мектептердің оқушылары зияткерлік мектепте өтетін пән олимпиадаларына қатысып, онлайн сабақтар өткізіліп тұрады.
Нанотехнология саласында өз өнертабыстарын патенттеп үлгерген оқушылар да бар екен. Мәселен, «Шайқурай негізіндегі композиция» өнертабысы инновациялық патентке ие болса, «Шайқурай негізіндегі антидепрессант» өнертабысына еуразиялық патентке тапсырыс берілген. Бүгінгі күні жасыл энергетика және тағамдық авиахимия саласында патент алу алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Назарбаев зияткерлік мектебінің озат оқушысы, Президенттік олимпиада жүлдегері Дулат Алдажаров:

– Жуықта өткен X Президенттік олимпиадада жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды мың оқушының арасынан қола медаль және үшінші дәрежелі диплом алғаныма қуаныштымын. Білім сайысының ақтық кезеңі Теміртау қаласында өтті. Алғашқы күні химия мен математика пәндерінен, екінші күні физика мен биологиядан сынға түстік. Бұған дейін Мәскеуде өткен бүкілресейлік ғылыми жобалар олимпиадасында жүлделі екінші орынды алдым. Осы жобамен республикалық «Дарын» байқауында да жүлделі болдым. Ағылшын тілінен білім деңгейін көрсететін IELTS халықаралық тестілеу нәтижесінде мүмкін тоғыз балдың сегізін алдым. Қазір мектеп әкімшілігінің шешімімен ағылшын тілі пәнінен босатылып, сабақтан бос уақытымда мектеп оқушыларын алдағы жылы Чехияда өтетін халықаралық лингвистикалық олимпиадаға қатысуға даярлап жүрмін. Мектептің қаржыландыруымен Мәскеуде, Малайзия мен Корея елдерінде курстарға қатысып, ғылыми жобаларымды қорғадым. Алда халықаралық мектеп бітіру емтихандары тұр. Арманым – шетелдің алдыңғы қатарлы университетінде жоғары білім алып, компьютерлік инженерия, IT саласында еңбек етіп, компьютер, смартфондарда қазақша бағдарламалар, аннимациялық фильмдер жасағым келеді.
Айжанат Бақытқызы