КҮРШІМНІҢ КҮМІС КӨМЕЙІ
(Суретте Дауыл Хайруллин (оң жақта) композитор Теміржан Базарбаевпен бірге)
Дауыл (Жайлаухан) Хайруллин – 1946 жылдың тоғызыншы тамызында Күршім ауданының, Құйған ауылында туған. Әкеден ерте айрылып, еңбекке де ерте араласқан жеткіншек жеті жылдық мектепті бітіре сала, анасына тірек боп, колхозда әртүрлі жүмыстар істеді. Жылқы бақты, қой бақты, егін егіп, шөп шапты, қысқасы, нағыз колхозшы болды. Жасы 17-ге толғаннан кейін жылқышының көмекшісі болды. Жастайынан өнерге құштар бозбаланың айлы түндерде, иен тауда жылқы бағып жүргендегі серігі ән болды. Сөйтіп жүріп, аудандық, облыстық көркем өнерпаздар байқауында құлаққа жағымды, ерекше дауысымен көзге түседі. Ұлының әншілік өнеріне риза болған анасы оған әншіліктің оқуына түсуге рұқсаты мен батасын береді.
ӨЗІ ӘНШІ, ӨЗІ БАЛУАН, ӨЗІ БАТЫР
1986 жылы Дауылдың 40 жасқа толуына арнап жазған өлеңімде мынадай бір шумақ бар екен:
Дауыл біздің атанған, тұлғасымен «Қарадәу»,
Өнер менен өмірде, жақын досым даралау.
Дауыс деген ғажап-ақ, дауылдатар ән салса,
Операда шіркін-ай, шырқай алмай барады-ау..!
Осы төрт жол өлеңге Дауылдың бар болмысы сыйып тұрғандай. Бірінші жолдағы Дауылдың «Қарадәу» атануы, оның нағыз бұқа мойын, бура санды батыр тұлғалы келбетіне қарап, оны өз арамызда солай атап кеткен едік. Әйтпесе, азан шақырып қойған аты – Жайлаухан. Бала кезінде қайсар мінезі мен қайратты да балуан тұлғасына қарап, Дауыл атандырыпты. Содан ол паспорттағы Жайлаухан деген атымен аталмай, өмір бойы Дауыл атанып кетті. Ал екінші жолдағы өнер мен өмірдегі достығымыз, сонау 1969 жылы Семейдің музыка училищесіндегі студенттік кезімізден басталып, оның бақиға аттанғанына дейін жалғасты. Сол жылы мен маусым айының соңында екінші курстың емтиханын тапсырып жүр едім, училищенің коридорында бір қап-қара, балуан денелі, жігіт қарсы кезігіп:
– Әй, бауырым! Әлгі әншілерді оқытатын бөлім қай жерде? – деді мені тоқтатып.
– Ассалаумағалайкүм! Кімді іздеп жүрсіз, бауырыңыз оқи ма? – дедім жасы үлкен жігіт пе деп.
– Бауырым оқымайды, өзім оқуға түсуге келдім – деді ол.
– Әншілікке түсуге келдіңіз бе? Қай жақтан? Қай жылғысыз?- деп, сұрақтың астына алдым.
– Әншілікке, Күршім ауданынан, 1946 жылғымын, – деді ол қысқаша жауап беріп. Ол менен екі жас қана үлкен екен. Түріне қарпсаң, бір отыздағы жігіттей.
– Онда жүр, біздің класқа барып сөйлесейік. Мен осында екінші курста әншілікте оқимын. Таныс болайық, атым Аймұханбет, Алматы облысынанмын, – деп сізді қойып, сенге көшіп, қолымды ұсындым.
– Менің атым – Дауыл, шын атым Жайлаухан, Шығыс Қазақстаннанмын – деді ол қолымды алып. Алақаны күректей әрі қарулы екен. Оны класқа ертіп келіп:
– Емтиханда қандай ән айтпақсың, дауысың қандай? Не жұмыс істедің?- деп тағы да бірер сұрақ қойдым.
– Қандай ән айтатынымды білмеймін. Колхозда жылқышы болып еңбек етемін. Ауданның көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрмін. Аздап күреспен де айналысам, – деді немқұрайлы ғана.
– Батырлар сынды тұлғаңнан күреспен айналысатының көрініп тұр. Ән айтуың қалай, дауысыңды тыңдап көрейін, бір ән айтшы, мен сені сүйемелдейін, – деп фортепианоның қақпағын аштым.
– Қандай ән айтсам екен.., әлгі Серкебаев айтатын «Көкшетауды» білесің бе, соны айтайын..? – деді ол тамағын бір кенеп алып.
– «Көкшетауға» даусың жете ме, жеңіл-желпі бірдеңе айтсаңшы? – дедім мен оны өзімше олқысынып. Себебі, ол әннің диапазоны өте кең, анау-мынау әншінің ол әнге шамасы келмейді.
– Мен бұл әнді облыстық байқауда айтып ,жүлде алғанмын. Бірақ, мен баянның сүйемелімен орындағам. Мына бәлеңмен ешқашан ән айтып көрмеппін, не болса да тартшы-деді, бұйыра сөйлеп. Мен әнді Серкебаев орындайтын ре ма жор тональносінде ойнадым, әдейі, «Дауылдың әуселесін көрейін» деп. Міне, ғажап! Ол әнді осы тональносте қиналмай-ақ айтып шықты. Әнді тәп-тәуір орындады. Мен орнымнан тұрып, оның қолын алып:
– Сен нағыз баритон екенсің. Сен екінші Серкебаев боласың, тембрің әдемі, диапазоның кең екен. Тек, күшке салып айғайға басып жібереді екенсің. Ол кемшіліктеріңді педагогтар түзейді. Сен қатқан әнші боласың, – дедім өзімше студент ретінде білгішсініп.
– Баритон деген немене? Қайдағы Серкебаев болған. Алдымен оқуға түсуім керек қой. Қалай, мені ала ма оқуға?- деді ол. Менің сөзіме сеніңкіремей тұрған секілді.
– Сен түсесің, бітті, өткіз документіңді. Жүр біздің бөлімнің меңгерушісі Турищевке апарайын, – деп ертіп ап, оның болашақ ұстазы Борис Ивановичтің класына алып келдім. Міне, осылайша Дауыл екеуіміздің өмірдегі, өнердегі достығымыз басталған болатын.
ПАРИЖ БЕН Мәскеуді ТАҢҒАЛДЫРҒАН
Ал өлеңнің үшінші жолындағы «Дауыс деген ғажап-ақ, дауылдатар ән салса» – дегендей, Дауылдың даусы екінің бірінің пешенесіне бермейтін, тәңірдің оған ғана берген ерекше сыйы болатын. Оның даусы әдемі қоңыр үнді, сирек кездесетін кең диапазонды, дауыс күші өте жоғары баритон еді. Ол училищеде төрт жыл оқығанда ұстазы, тамаша әнші-педагог Б.Турищевтен академиялық әншілік өнердің алғашқы кезеңінің қыр-сырын жақсы меңгеріп шықты. Консерваторияға оқуға келгенде оны профессор Бекен Жылысбаев өз класына қабылдады. Дауыл халық әнінен бастап өте күрделі, әлемдік классикалық романстар мен арияларды еркін орындайтын жоғары кәсіби әншілер қатарына көтерілді. Оның Семейдің сахнасынан басталған әншілік жолы, асқақ даусының, шебер орындаушылығының арқасында республикалық, одақтық, халықаралық деңгейдегі сахна төріне шығарды.
Ол әлемдік өнердің астаналары саналатын Парижде, Мәскеуде ән шырқап, ондағы талғампаз тыңдарманды да өнерімен, ерекше даусымен тамсандыра білген. Қазақстандағы ең атақты, дирижерлері Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев басқарған Құрманғазы атындағы ұлттық оркестр мен мемлекеттік «Отырар сазы» фольклорлік оркестрлерімен Қазақстанның барлық аймақтарында, Одақ көлемінде концерттік сапарда болып, екі ұлы дирижердің мектебінен өтті. Қазақтың Б.Байқадамов атындағы хор капелласында әнші болып, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдова, Беларусь, тағы да басқа елдерде де өнер көрсетті. Осының бәрі оның ерекше дауылдатқан даусы мен әншілік шеберлігінің нәтижесі.
Енді өлеңдегі төртінші жолдағы «Операда шіркін-ай, шырқай алмай барады-ау» – дегенім, ол Дауылдың өмір бойғы орындалмаған арманы еді. Адамды алға жетелейтін – арман. Дауылдың музыка училищесіне түсіп, академиялық-опералық әншілік өнердің не екенін білгенінен бастап, алдына қойған арманы, өзі пір тұтатын ұлы әнші – Ермек Серкебаев ағасындай опера театрының әншісі болып, «Абай» операсындағы Абайдың, Россинидің «Фигароның үйленуі» операсындағы Фигароның, Вердидің «Травиата» операсында Жермон партияларын опера театры сахнасында орындау еді. Өкінішке орай, оның дауыс мүмкіндігі нағыз опера әншісі бола тұра, опера театрының сахнасында партиялар орындау арманы орындалмады. Себебі, біреу-ақ. Ол – жанұя жағдайы мен қу тірліктегі қолдың қысқалығы. 1973 жылы училищені бітіріп, орта жолда қалмайын деп, анасының келісімімен жоғары білім алу үшін консерваторияға түсті. Қуанышында шек болған жоқ. Өзі аңсаған арманына жетудің соңғы баспалдағы осы консерваторияны бітіру. Онсыз опера театрына жол жоқ. Бірақ қаржы тапшылығы арманынан тағы да алыстатты. Жарты жыл оқығаннан кейін ауылдағы шешесінің мардымсыз зейнетақысы түкке жетпей, қу жоқшылық оқуды тастауға мәжбүр етті. Семейге қайта келіп, филармонияда әнші болды, музыка училищесінде мұғалім боп қызмет етіп жүрді.
АҚЫЛДЫ ЖАРЫҢ БАР БОЛСА, АЛЫНБАЙТЫН АСУ ЖОҚ
1981 жылы музыка училищесінің директоры шақырып алып:
– Дауыл, сен осы оқу жылының аяғынан орныңды жоғары білімді жас мамандарға босатасың. Сырттай болсын, жоғары оқу бітіруің керек еді. Маған ренжіме, – деді алдын ала ескертіп. Дауыл сырттай оқығысы келгенімен, косерваторияның вокалдық кафедрасында сырттай бөлім жоқ болатын. Ол ұнжырғасы түсіп, көңілсіз үйіне келді. Дауылдың көңіл күйін қабағынан білетін келіншегі Нәзигүл:
– Не болды, ашулысың ғой, біреу ренжітті ме? деді жағдайын сұрап.
– Мені жоғары дипломың жоқ деп жұмыстан қуып жатыр. Әй, ақымақ басым-ай, осы музыкада нем бар еді? Менің әншілікке оқуға баратынымды естіген ауылдағы малшылардың бригадирі: – Зооветке бар, ветврач болсаң, бір сызғаның бір қой. Шешеңнің қолын жылы суға маласың, жын қуып музыкада нең бар деп еді. Соның ақылын тыңдасам, шешемнің қасында мол ішіп, мол жеп, тиын санап, көрінгеннің – жоғары білімің жоқ – деген кемітпе сөзін естімес едім-ау! деді өзін-өзі кінәлап.
– Жә, не болды, сонша таусылып… Налыма, бізді құдай өлтірмейді, менің жұмысым бар. Жесір қатындар да үш-төрт баласын асырап, күн көріп жатыр ғой. Сол директорға ерегескенде консерваторияға барып, күндізгі бөлімінде оқып, өзің армандаған опера театрына әнші болшы, – деді Нәзигүл оған жігер беріп.
– Сен не айтып тұрсың? Қайдағы консерватория, екі баламен сен қалай күн көрмексің? Қайдағыны айтпашы басымды қатырып, – деді Дауыл даусын көтеріп. Осымен сөз бітті.
Бір істің сәті болайын десе аяқ астынан ғой. Дауыл жаңа жұмыс орнын қарастырып жүрген кезде Алматыдан Бекен аға хабарласып, осы оқу жылынан бастап вокалдық кафедрада кешкі бөлім (экстрный) ашылатынын, егер Нәзигүл қарсы болмаса, осы Алматыға жұмысқа орналасып, күндіз жұмыс істеп, кешке оқып жоғары диплом алуға кеңес береді. Бұл жаңалықты естіген Нәзигүл Дауылға:
– Оқуға бар, жоғары диплом алып, кәсіби әнші бол. Арманың орындалып, мүмкін опера театрына әнші боларсың. Бізге қам жеме, он жылға сотталып кеткендердің де бала-шағасы аштан қалып жатқан жоқ, – деді Дауылды көндірмек болып.
Сонымен жолдас-жорамен, ағайын-туыстармен ақылдаса келіп, Дауыл Алматыға аттанды. Нәзигүлдей батыр жарының арқасында ол төрт курсты кешке оқып бітіріп, бесінші курсты іштей оқып бітірді. Опера театры жұмысқа алуға келіскенімен, үш баламен пәтер жалдап тұру деген оңай емес. Сонымен арманын Алматыда қалдырып, Семейге келіп, облыстық филармонияға әнші болып, концерттік-гастролдік жұмысқа білек сыбана кірісті. Музыка училищесінде жас әншілерге ұстаздық етті.
Дауыл опера театрында армандаған партияларын орындамағанымен, сол опералардан Абайдың ариясын, Фигароның каватинасын, Жермонның ариясын өзінің концертік репертуарынан өмір бойы тастаған жоқ. Сол шығармалармен республикалық Күләш Байсейітова атындағы опера әншілерінің конкурсында лауреат атанды. Осы шығармаларды талантты дирижер Төлен Әбдрәшевтің басқаруындағы мемлекеттік симфония оркестрінің, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің, Семей филармониясының симфония оркестрінің сүйемелдеуімен небір үлкен сахналарда нақышына келтіре шырқады.
Дегенмен де, кей күндері бас қосып, әлгі «ащы судан» ішіп алған кезімізде операда ән айта алмағанына өкініп, жылап та алатын. Арман орындалса жақсы, орындалмаса өмір бойы өкініш болады екен.
Міне, төрт жол өлеңнің мағынасы осындай.
Дауыл Хайруллиннің концерттік репертуары өте бай еді. Ол қазақтың, татардың, орыстың, украинның халық әндерін, халық композиторларының әсем әндерін, шетел және қазақ композиторларының романстары мен арияларының шебер орындаушысы болды. Композитор Т.Базарбаев Дауылдың даусына арнап өзінің белгілі әндері мен романстары – «Тамаша», «Шалқыма», «Келші, құрбым», «Үнсіз жүрегім», «Ақсуат туралы ән», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Қалың елім қазағым..» хор поэмасындағы әншінің партиясы және басқа да тамаша шығармаларын дүниеге әкелген. Әншінің орындауында тек қана Т.Базарбаевтың 15-ке тарта вокалдық шығармаларымен қатар бас-аяғы 20-ға тарта әндер мен романстар, ариялар «Қазақ радиосының» алтын қорына жазылған.
Күміс көмей әнші, ұлағатты ұстаз, өнер мен мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Дауыл Хайруллиннің 70 жылдығына арналған еске алу кештері ол туған өлке Күршімде, еңбек еткен қарт Семейде аталып өтетініне кәміл сенемін. Сондай-ақ, оның жарқын бейнесі мен дауылдатқан даусы туған елінің, достары мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталары анық.
Р.S. Өкінішке қарай, Күршімнің күміс көмей әншісі атанған Дауылдың 70 жылдығы атаусыз қалып барады. Осы тұрғыда ұлт өнеріне жанашыр, тамаша өнер иесін бағалай білетін күршімдік, семейлік іскер азаматтар мен мәдениет саласының басшылары осы бір атаулы датаны ескерусіз қалдырмай, жоғары дәрежеде аталып өтуіне өз үлестерін қосып жатса, көпшіліктің атынан зор алғысымызды айтқан болар едік.
Аймұханбет Бейсембеков,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
профессор
Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынған