Экономика

Күршімде кен байыту кешені салынады

  Күршімде кен байыту кешені салынады

Үдемелі-индустриялық даму бағдарламасына сәйкес Күршім ауданында да осындай жобалар қолға алынды. Бүгінгі күні бұл жобалар нақтыланып, келешекте атқарылмақ іске даярлық жасалуда.

Олар – «Бұқтырма уылдырық шашу-балық өсіру шаруашылығы» ЖШС-нің балық өсіру және «ГРК МЛД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаршыға» мыс кені орнында кен байыту кешенін ашу жобасы. Қазірде алғашқы қадамдарын жасай бастаған бұл жобалар 2015 жылы толық қуатымен іске қосылатын болады. Сонымен қатар, 2013 жылы Боран ауылдық округіне қарасты «Қызылащы» шаруа қожалығының сүт өңдеу және Күршім ауылдық округіндегі «Дастан» шаруа қожалығының қымыз өндіру-өңдеу жобалары облыста қаралып, бекітілді.

«Бұқтырма уылдырық шашу-балық өсіру шаруашылығы» ЖШС-нің жобасы 2014 жылға енгізіліп отыр. Оған бөлінген инвестиция көлемі 100 млн. теңгені құрайды. Арнайы келісім бойынша Бұқтырма су қоймасына 400 мың екі жылдық, 200 мың бір жылдық карп, 997,5 мың биылғы жылғы личинкалар жіберілді. Ал осы шаруашылықтағы жасанды су қоймаларында 2097 дана екі жылдық, 73540 дана бір жылдық карп пен 11 млн. дана личинка өсіріліп жатыр. Мұны келешекте Бұқтырма су қоймасындағы балық қорын арттыруға себепкер болатын қарымды еңбек деп айта аламыз.
Ал «Қаршығадағы» кен байыту кешені жобасының жалпы құны 17 млрд. 400 мың теңгеге бағаланып отыр. Бұл жобаның іске асу уақыты 2012-2019 жылдарға белгіленген. Кешен құрылысы қызу жүрген уақытта 700 адам жұмысқа алынатын болса, кен байытыла бастаған кезде 400 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Кешенде жылына 40 мың тонна мыс концентратын және 3300 тонна катодты мыс өндіру жоспарланып отыр. Осынау жылдық өндіріс қуаты 6 млрд. 525 млн. теңгені құрайтын кешеннен бюджетке жыл сайын 100 млн. теңге салық түсіп тұрады деп күтілуде.

– Бірақ осы жобалардың кейбірін іске асыру бағытында кедергі жоқ деп те айта алмаймыз, – дейді бізді осы ақпараттармен қамтыған аудандық кәсіпкерлік бөлімнің бастығы Қуанған Қарағызов. – Ол, әрине, қаржы тапшылығы. Мәселен, «Қызылащы» шаруа қожалығы қолға алып отырған жобаның толық жүзеге асуы үшін тағы да 6 млн. теңге қажет. Ал «Дастан» шаруа қожалығының жобасы 110 млн. теңгеге бағаланып отыр десек, соның 50 млн. теңгесі жетіспейді. Сол себепті «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қаржылай көмек сұралуда.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button