Көршілер көрісті

Көрісу – ертеден келе жатқан мереке. Кей жерде оны «Амал мерекесі» деп те айтады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – жаңа жылдың, жаңа Күннің басы. Халықтың осынау керемет салты әсіресе еліміздің Батыс өңірінде жақсы сақталған. Десе де кейінгі жылдары Көрісу мерекесі Шығыста да тойлана бастады. Биыл бұл мерекені облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымы кеңінен атап өтті.
Таңертең кезекті мақала қамына кірісіп, пернетақтаны тықылдатып отырған журналистер қауымының тыныштығын бір топ қыз-келіншектің көңілді дауыстары бұзып жіберген. Сөйтсек, көршіміз – облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының Эльмира Шағыраева, Құралай Кәмәлиева бастаған бір топ қызметкері екен. Барлығы ұлттық киім киіп, жасанып, жасарып алған. Кабинеттерді аралап «Көрісу мерекесі құтты болсын!», «Жаңа жылдарыңызбен!», «Ақ мол болсын!», «Ғұмырлы болыңыз!» деп, әрқайсымызды құшағына алып, қазақтың жөн-жоралғысын көрсетуде Журналистер де ешкімді жатырқамайтын қауым емес пе! Халқымыздың рухани мұрасын сақтап, жас ұрпаққа дәріптеп отырған мекеме қызметкерлерінің Көрісу күнін ұмытпай, көпшіліктің есіне салғандарына ерекше қуанып, ілтипат білдіріп жатырмыз. Шынында да, Көрісу дегеніңіздің өзі ғажап дәстүр екен ғой. Бұл – адамзат баласын ауызбіршілік пен береке-бірлікке, ырыс пен ынтымаққа бастайтын мереке.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған Көрісу мерекесіне редакция қызметкерлері ғана емес, жас оқырмандар да куә болып, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған шараға белсене қатысты. Әсіресе ұлттық ойынымыз – асық ату ерекше қызықты өтті. Сондай-ақ қонақтар ақ дастарқаннан дәм татып, ақындар мен әншілердің өнерін тамашалады. Мұратхан Кенжеханұлы, Оразай Жеңісұлы секілді ақындар сыршыл өлеңдерін оқыса, Есімжан Нақтыбайұлы «Ауыл» туралы әнді құйқылжыта орындады.
Осылайша, көрші отырған қос мекеме әз Наурызды 14 наурыз – Көрісу мерекесінен бастап кетті.
Мейрамтай Иманғали