Көрші елден асыл тұқымды сиыр сатып әкелді
Болатбек – Мақаншы ауылының тумасы. Осы ауылдағы Ғ.Мұратбаев мектебін бітірді. Әкесі Сағади «Арқалды» кеңшарының көп шопандарының бірі болды. Шопан ауылы қашан да тынымсыз. Қанша адам болса, сонша адамға жұмыс табылады. Сондықтан, жанұядағы бес ұл, екі қызға да жұмыс табылатын.
«Әке көрген оқ жонар» деген бар. Әке таяғын ұстап Болатбек те қой өсіруші комсомол-жастар бригадасында еңбек етті. Осында жүргенде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге алынып, Одесса қаласында автомобилистер ротасында қызмет етті. Жастыққа тән албырттық, елгезектік, тіл алғыштық, ақкөңілділік Болатбекке тән.
– Аға, менің Болатбек есімім төлқұжатта, былайғы жұрт Марат дейді, сондықтан сіз де мені Марат десеңіз болады, – деген екеуара әңгімеде. Ол әскерден оралысымен халық шаруашылығы Институтының алдын ала алты айлық дайындық курсына түсіп, соңынан осы институттың товартану факультетін бітіріп шықты. Бұл кезде қалыптасқан жүйе өзгеріп, әркім өз әлінше тырбанып күн көруге көшкен кез-тұғын. Нарық өмірге өзгерту енгізіп, жаңа кәсіппен айналысуға итермелеген де осы кез болатын. Сөйтіп, Марат ыңғайсыздана жүріп саудамен айналысуға бел буды. Жұбайы Раушан да Мараттың осы ойын құп көрді. Алғашында тері-жүн жинады. Жұмыс біртіндеп жүре бастады. Енді Марат та ашылып, сауда жұмысын жандандыра бастады. Күнбағыс майын Жалаңашкөлден Алматыға жүретін жүк пойызына тиеп апаратын. Баруы бар, қайтуы бар апталап жүретін. Онда қазіргідей Алматыға тура қатынайтын автобустар жоқ. Сөйтіп жиналған қаржысына 2000 жылы Мақаншы ауылының орталығындағы Қабанбай-Найманбай көшелерінің қиылысындағы ескі үйлердің орнын сатып ап, «Жаңа ғасыр» деп аталатын әмбебап дүкен салды. Қазір мұнда азық-түлік те, тұрмыстық құрал-жабдық дүниелер де сатылады. Осыдан екі жыл өткен соң, Үржар ауылының орталығынан жанар-жағармай стансасын ашты.
Осының бәріне ұшқырлық, жаңаша ойлай білетін қабілет керек. Ол қабілеттер Мараттың бойында баршылық. «Жылқышының баласы құрық ұстайды» дегендей, малшының баласы «Енді мал өсірумен айналыссам қайтеді» деген оймен көп жүрді. Сөйтіп осыдан төрт жыл бұрын ауыл әкімі Совет Тоғанбайұлымен ақылдаса отырып, бұрын ірі қара тұрған Жайтөбенің бауырынан жер алып, түп-түзу, тіп-тік етіп атшаптырым қора салды. Төбесін жауып әне-міне деп отырғанда қораның төбесі түк қалмай өртеніп кетті. Әлдекімдей Мараттың салы суға кеткен жоқ. Қолын бір сілтеп қайта жаңалап жапты. Әрине «Бизнестің жол картасының» көмегімен үлкен мөлшерде мемлекеттен несие алды.
– Кез келген шаруаны қолға алғанда Үкіметтің қолдауынсыз, несиесіз жұмысыңыз жүрмейді, – дейді Марат. – Ең бастысы, қорықпай, белді бекем буып, іске кіріскен жөн.
Өткен жылдан бері өңір басшысы Даниал АХМЕОВТІҢ бастамасымен тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыруға күш-жігерін жұмсауда. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы да Мараттың қолға алған ісіне қолынан келген көмегін аяп отырған жоқ. Қазір сауын сиыр фермасының құрылысы жүріп жатыр. Үкімет тарапынан электр желілері тартылып, жарық болмаған жағдайда іске қосатын генератор жеткізілді.
Бүгінде «Сағади» шаруа қожалығында 700 бас ірі қара бар. Өткен жылы Ресейден сүт бағытындағы 50 бас симменталь тұқымдас құнажыны әкелінді. Қостанайдан «Әулиекөл» асыл тұқымды бұқалары да жеткізілді. Осының бәрі қолдағы бар малдың тұқымын асылдандыруға жүргізіп жатқан іргелі істер.
– Қолға алған шаруа оңынан келсе 200 бас сиыр сауылып, тәулігіне төрт-бес тонна сүт өндіруге мүмкіндік болады. Осы сүтті Үржардағы, Мақаншыдағы сүт өңдейтін цехтарға жеткізіп, халықтың сапалы сүт өнімін тұтынуына қолғабысымызды тигізсек тіпті тамаша болар еді, – дейді Марат Сағадиұлы.
Кәсіпкерді ойландырып жүрген мәселенің бірі – қысы-жазы қолға қарайтын мал азығының сапалы болуы. «Сиырдың сүті тілінде» дейді халық даналығы. Сиырдың сол тіліне құнары мол пішен де, иісі бұрқыраған пішендеме мен сүрлем де қажет. – Баяғыдай мал азығының берік қорын жасауды қайта қолға алу керек. Бұл да Мараттың сөзі.
Қазір қожалыққа қарасты 7 мың гектар жайылым, 220 гектар жоңышқалық алқап бар. – Биыл көпжылдық шөп, сүрлемдік жүгері егудің көлемін арттырсақ па деп отырмыз, – дейді кәсіпкер. – Біз бүгінде Жайтөбенің бауырында 300 бас мал бордақылау үшін, кезінде жерді көп мөлшерде, алып оны ұқсата алмай отырғандардан ақысын төлеп арендаға жер алып жүрміз. Таулы аймақтан жер болса егістік көлемін арттырсақ, жемдік азық көп болса, мал сүтті де, қоңды болар еді.
Көктемде ірі қара малы жайлау төсіне шығып, күздікке Еміл бойына түседі де, қар төккенде қыстамаға келіп қолға қарайды. Бәрінен бұрын Марат ауылдастарына көмектесіп отыр. Кейде жұмыс жоқ деген сөзді естіп қаламыз. Марат басқарған «Сағади» шаруа қожалығында отызға тарта адам еңбек етіп, жанұясын асырап отыр. Малшыларға барлық жағдай жасалған. Еңбекақысын уақытында алып отырады. Осының нәтижесінде Марат кәсіпкерлік саланы жан-жақты жүргізуді қолға алған. Жоғарыда біз тілге тиек еткен сауда дүкені, жанар-жағармай құю стансасы, мал бордақылау алаңы, тауарлы-сүт фермасын құру идеясы интеграциялық ауқымды іс-шара болып табылады. Дағдарыс кезінде Маратқа аталған салалары бірін – бірі толықтырып, көмектесіп отыр.
– Келешекте, көкөністі арнайы жылыжайда ерте көктемнен бастап егіп, жазда дайын өнімді ұсынатын жоба жасап отырмыз. Тауық фермамыз бар. Қазір жұмыртқаны тұтынуға ұсынып жүрміз. Биыл Мақаншы, Үржар ауылында өзіміз өндіретін ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс сататын үлкен әмбебап дүкен ашуды ойластырып отырмыз. Елбасының кәсіпкерлікті қолдап, ауылшаруашылығының дамуына басымдық беру жолында жасалып отырған «Сыбаға», «Құлан», лизингке жеңілдікпен техника алу сияқты үлкен-үлкен бағдарламаларына, өнімге субсидия төлеу, несие алу сияқты жасаған мүмкіндіктеріне біз секілді ауыл кәсіпкерлері дән риза, – дейді Марат ағынан жарылып.
Кәсіпкер Марат Тышанбеков өмірдің талабына орай білім – біліктілігін арттырып отырады. Үлкен бизнес форумдарға, шетелдік сарапшылар қатысқан ауқымды жиналыстарға үзбей қатысып жүреді.
Мұратқазы Саябаев
Үржар ауданы.