Мәдениет

Көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловқа кеудемүсін орнатылды

  Көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловқа кеудемүсін орнатылды

Биыл тіл ғылымдарының білгірі, көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловтың туғанына 110 жыл толып отыр. Соған орай Ұлан ауданы, Шымқора ауылындағы ғалымның атымен аталатын орта мектептің алдына оның кеудемүсіні орнатылды.
Ұлтына жалпы тіл білімі ғана емес, тіл білімінің мәселелері, диалекттану, түркітану, әдебиет пен фольклор және тарих, археология мен этнография салалары бойынша өлмес мұра, құнды қазына қалдырып кеткен Сәрсен Аманжоловты білмейтін қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Өйткені, оның қазақ тіліне байланысты қағида-пікірлері өміршеңдігін осы күнге дейін көрсетіп келеді және алдағы уақытта да көрсете бермек.
Ақын Серік Ғабдуллаұлы:
– Атағың танылды, аға, алыс қырдан,
Тұлпардай төрт тұяғың шаң ұштырған.
Одақтың ойына да, қырына да,
Ғалым ұл Шымқорасын таныстырған, – деп жырлағандай,
Сәрсен Аманжолов небәрі 55 жылдық ғұмырында артына атан түйеге жүк боларлықтай құнды дүние қалдырып кетті. Сол еңбегінің бір өтеуіндей, оның жерлестері, туып-өскен ортасының азаматтары 1991 жылы, ел Тәуелсіздігімен қатарластыра осындағы орта мектепке ғалымның аты берілуіне атсалысқан-ды. Енді міне, сол білім ұясының алдына ғалымның ескерткіш-кеудемүсіні орнатылып, ауыл жұртының қуанышын үстемеледі.

Бұл күні күннің ызғарына қарамастан, игілікті шараға жиналған жұрттың қарасы көп болды. Оның ашылуында аудан әкімі А.Садықовтан бастап, ауыл әкімі, осы мектептің түлектері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Мүсілім Құмарбеков пен Серік Ғабдуллаұлы және басқалар сөз алып, ғалымды ардақтаған қауымға, оның өнегелі жолын пір тұтып келе жатқан жас ұрпаққа қайырлы болсын айтты.

– Бұл кеудемүсіннің авторы – Қайрат Елеукенов. Ол кеудемүсінді өз қолымен, өз қаражатына жасап, Астанадан жіберген-ді. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында осындай сыйлық жасаған бұл азаматқа ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Біздің Тәуелсіздікпен бір жылы Сәрсен ағаның есімін иеленген мектебіміздің әр оқушысы оның атын дәйім ардақ тұтатын болады, – дейді мектеп директоры Бекболат Құмарбеков.
Жалпы, бұл мектепте оқитын 125 оқушыға 25 мұғалім дәріс береді екен. Бұған қоса мектепалды даярлық тобында 15 бала бар. Мектепте «Балбөбек» шағын орталығы да жұмыс істеуде. Мұндағы білімнің көкжиегін кеңейтуде мектеп директорының орынбасарлары Дәрия Дүсіпқызы, Нәзигүл Ермекқызы мен Жаңыл Құмарбаева, Нұрбек Қайсенов сынды мұғалімдер ерекше қызмет жасап келеді.

Ал жоғарыда аталған шарада әр қиырдан келген қонақтармен кездесу өткізіліп, мектептің оннан аса оқушысы «Жас қанат» қатарына қабылданды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button