Көрменің берері көп

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі қағидаларын насихаттайтын көрме ашылды. Көрменің ашылу салтанатына мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет, білім беру ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Көрмеге қойылған әдебиеттер оқырманның қазіргі қоғамдағы рухани жаңғыру стратегиясын түсінуіне, зерделеп, қабылдауына көмектеседі. Көрменің «Бәсекеге қабілет және адам капиталы» атты бөлімінен оқырман қауым цифрлық сауаттылық дағдыларын дамыту, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйренуге арналған және басқа да кітаптармен танысуға мүмкіндік алады. Ал «Білімге құштарлық» бөліміне жастарымыздың әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуына мүмкіндік беретін материалдар қойылған. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі университеттердің құрылуы, интеллектуалдық мектептер жүйесі туралы тағы басқа мақалалар бар. Сондай-ақ келушілер назарына қазақ тілі графикасының тарихы туралы кітаптар мен мақалалар, латын жазуына көшу жөніндегі әдістемелік материалдар да ұсынылып отыр. Көрмеден қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылуы туралы ақпараттарды да табуға болады .

Ал «Ұлттық рух» бөлімінде «Туған жер» жобасы, оның іске асырылуы туралы ақпараттар жинақталған. Сонымен қатар бұл бөлім отандастарымызды туған өлкемізді өркендетіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге үн қосуға шақырады.
Көрмеден бұдан басқа өңірдің киелі орындары жайындағы кітаптар мен фотоальбомдар жинақтарын да табуға болады. Жалпы, елді тану туған өлкені танудан басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, туған өңірдің тарихына арналған көрме жыл бойы жұмыс істейді.
Мейрам Екпін