Мәдениет

Көрмеге Үндістан мен Ираннан да жәдігерлер жеткізіліпті

Көрмеге Үндістан мен Ираннан да жәдігерлер жеткізіліпті
Міне, көптен күткен Наурыз мерекесі де келіп жетті. Осынау мерекені тойлау аясында өңіріміздің мәдени ошақтарында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шаралардың бірі ретінде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Қасым Қайсенов көшесінде орналасқан ғимаратында ашылған «Наурыз нақыштары» атты көрмені атауға болады.
Аталған музейдің «Жібек жолы» ғылыми¬-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Бекбердинованың айтуынша, бұл көрме аяқ астынан өткізіліп отырған жоқ. «Наурыз нақыштары» атты тақырыптық көрмені жоғары деңгейде ұйымдастыру туралы тапсырма «Жібек жолы» бөліміне жыл басында-ақ берілген екен. Сондықтан да болар, бөлім қызметкерлерінің көрмеге тыңғылықты әзірленгені байқалып-ақ тұр. Көрмеге 100-ден астам жәдігер қойылыпты. Барлығы музейдің өзінің қорынан алынған. Десе де оның 90 пайызы соңғы үш жылда жиналған бұйымдар екен.
– Көрменің «Наурыз нақыштары» деп аталуы әсте тегін емес. Наурыз – ең көне мереке ғой. Күн мен түннің теңесетін кезі, біздің Жаңа жылымыз. Сондықтан да өзге де түркі халықтары секілді бұл мерекені қазақ халқы да ерекше бір қуанышпен қарсы алған. Ең алдымен, үйдің ішін, айналаны мұнтаздай етіп, тазалаған. Содан соң, әдемі киімдерін киіп, қысқы соғымнан қалған жылы-жұмсағын қазанға салып, наурызкөже пісіріп, туған-туыс, жақын-жуыққа қазақы дәстүрмен дастархан жайған. Сондықтан да осынау көрмеге ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, тұрмысы мен тарихына байланысты жәдігерлерді қоюды жөн деп таптық. Сонымен қатар, мұнда Өзбекстан, Үндістан, Ираннан жеткізілген жәдігерлер де қойылды, – дейді Гүлнар Бекбердинова.
Шынында да көрмедегі жәдігерлер сан алуандығымен көз тартады. Әсіресе, әйелдер қауымы қос білезік, шашақты сырға, жүзік, алқа секілді әдемі әшекейлерге қызыға үңілуде. Көрмеге қойылған бұл әшекейлер еліміздің батыс өңірінің шеберлерінің қолынан шыққан дүние көрінеді. Сондай-ақ, көрмедегі Үндістанның Калькутта қаласынан әкелінген зергерлік бұйымдар да өзіндік ерекшелігімен назар аудартады. Олардың арасында бойтұмарлар да бар. Жалпы, бойтұмар тағу – көне дәуірден келе жатқан наным-сенімдердің бірі ғой. Адамдарды жамандықтан қорғайды деп санаған бойтұмарлар Үндістанда да кеңінен таралса керек.
– Өзіңіз білесіз, Үндістан тарихы терең, мұраға бай ел ғой. Бұл ел көпдінді. Десе де бұл бойтұмарлар ондағы ислам дінін ұстанатын халықтарға тән деп ойлаймын. Біздің бойтұмарлар көбіне асыл тастармен безендірілсе, Үндістаннан әкелінген бойтұмарлардың сыртына түрлі өсімдіктердің суреті салынған, – дейді «Жібек жолы» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Бекбердинова.
Осынау көрмеде музей қызметкерлері келушілер назарына қазақ киіз үйінің бір көрінісін де ұсыныпты. Біле білген адамға халқымыздың ұлттық болмысын танытатын ең құнды тарихи жәдігері де – осы киіз үй. Киіз үйдің ішіне кірген адам қазақтың қолөнері, тұрмыс-тіршілігі жайында көп мағлұмат алады. Көрмеге қойылған киіз үйдің бау-басқұрларының өзі көшпенділердің көне тарихынан сыр шертіп тұрғандай.
Жалпы, Наурыз – күллі түркітілдес халықтарға да ортақ мереке ғой. Наурызды Өзбекстан халқы да ерекше сән-салтанатпен атап өтеді екен. Осынау мейрам кезінде өзбектер «сумәләк» пен ханпалау әзірлеп, меймандарды риза ететін көрінеді. «Наурыз нақыштары» көрмесіне өзбектердің палауға арналған табағы мен зерлі тақиясы, ала матасы да қойылыпты.
Сондай-ақ, көрмеге семейлік суретші Архат Оразғалиевтың Алматы маңында орналасқан Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері салынған паннолары да қойылыпты.
Ал өскемендік қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Күләш Ақашеваның қолынан шыққан қазақ әйелдеріне арналған ұлттық киімдер топтамасы тіпті ғажап. Шебердің кезінде «Терме» деген тігін шеберханасы да болыпты. Өкінішке қарай, кейін сол шеберхана жабылып қалған көрінеді.

Кішкентай таланттар таңғалдырды

«Наурыз нақыштары» көрмесінің мәнді де мағыналы өтуіне Өскемендегі «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясы атсалысқанын да ерекше атап айтқымыз келеді. 5 жастан 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің Наурызға арналған картиналарының да тақырыптары сан алуан. Жас қылқалам шеберлерінің әр картинасы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен махаббатқа тұнып тұрғандай. Мөлдіреген балаң сезім мен өмірге құштарлық менмұндалап, сізді де өзіне баурап алады. Мысалы, 9 жасар Елена Агафонова өзінің салған картинасын «Наурыз-қыз» деп атаса, 10 жастағы Еркежан Сейітқазина «Алтай көктемі» деген атау беріпті.
– Мен көктемді жақсы көремін. Көктемде бәйшешек бүр жарып, ағаштар көктейді. Күннің сәулесі де жерге молынан түседі. Көктем мезгілі түрлі түсті бояуларға толы, – дейді Еркежан.
Осынау көрмеге «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясының ең жас оқушысы, 5 жастағы Інжу Серіктің де тырнақалды туындылары қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Әсіресе, оның «Көктемгі әтеш» суреті көрмеге келушілерге ерекше ұнады. Інжудің алғашқы көрмесін тамашалауға туған атасы Серік Қыдырханұлы да арнайы келіпті.
– Немерем көрмеге қатысып жатырмын деген соң, үйде шыдап отыра алмадым. Інжудің «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясына келіп жүргеніне әлі бір жылға тола қойған жоқ. Бірақ осы азғана уақыттың ішінде біраз жетістіктерге жетіп жатырмыз. Осымен менің Інжуім екінші рет көрмеге қатысып жатыр. Бірінші қатысқан көрмесінде де грамота алып, үйге қуанып келген болатын. Болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді Серік Қыдырханұлы.
Студия директоры Евгения Самойлованың айтуынша, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясына 9 жыл толады екен. Қазіргі таңда мұнда 100-ге таяу бала оқиды. Оларға өз ісінің нағыз шеберлері дәріс береді. Студияда композиция, графика мен мүсін бойынша сабақтар өткізіледі. Тоғыз жылдың ішінде студияның қаншама оқушылары қалалық, облыстық, тіпті, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орыннан көрініпті. Сондай «Кенгуренок» деп аталатын қалалық конкурстардың бірі осы музей-қорықпен бірлесіп өткізіліпті.
Көрмеге Үндістан мен Ираннан да жәдігерлер жеткізіліпті
– Наурыз тақырыбына арналған осынау көрмеге балалардың барлығы 87 жұмысы қойылды. Кейде Наурыз дегенде, балалар киіз үйді ғана көз алдына елестетеді, болды. Ал бұл мереке небір бояуларға тұнып тұр ғой. Сондықтан да оқушыларымызға біраз тер төгуге, ізденуге, еңбектенуге тура келді. Қазақ халқының ертегілерінің желісі бойынша небір суреттер салынды. Тіпті, 8 жасар Анастасия Усова дейтін оқушымыз «Жауынгер әйел» тақырыбын да қозғады. Жалпы, біз наурыз тақырыбын терең зерттеу арқылы кішкентай бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытуды ғана көздеген жоқпыз, осы арқылы олардың бойына Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін паш егуге де тырыстық, – дейді «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясының директоры Евгения Самойлова.
Көрмеге қатысқан бүлдіршіндердің ешқайсысының еңбегі ескерусіз қалмады.
– Біз жыл сайын Наурызға арналған көрмені қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Қандай да болмасын бір жаңалық енгізуге ұмтыламыз. Естеріңізде болса, өткен жылы «Наурыз әлемді шарлауда» атты көрмемізді Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп өткізген болатынбыз. Ал биыл «Акварелька» балалар шығармашылығы студиясы көрменің шырайын кіргізді, – деген Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы директорының экспозициялық көрме жұмысы бойынша орынбасары Тамара Быкова дарынды бүлдіршіндер мен олардың ұстаздарына грамоталар табыс етті.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button