Көрікті Алтай суретшілердің көзайымына айналды
[/center]

Көктауға түс ауа жеттік. Суретшілер бара сала асай-мүсейлерін арқалап, көрікті табиғатты кенепке түсіруге асықты. Айналадағы әр тасқа, әр талға таңдана-тамсана қарайды. Ал жазған картиналары… Шедевр дерсің. Бояулары да бір-біріне ұқсамайды, сан түрлі.
Он күнге созылған «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэрге Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларынан белгілі суретшілері келді. Жиырмадан аса қылқалам шеберлері Көктау, Шыбынды көл, Тайынты сынды табиғаты сұлу жерлерде жата-жастана этюд жазды. Фотоаппаратымды асып алып, суретшілерді суретке түсіріп жүрмін. Шығармашылықтың адамдары ғой. Ойларын бөлмейін деп көп сұрақ қоймауға тырысамын. Сөйтіп, Сембіғали Смағұлдың қасына жақындадым. Жазып отырған этюдіне ойлы көздерін ұзақ қадап отырды. Картинасында қаңырап тұрған ғимарат. Тау бөктері. Бергі планда жер қазып жатқан ит. Есте қалатындай ерекше картина.
– Аға, ит жоқ қой анау жерде, – дедім бәсең дауыспен.
– Итті мен де суретке салайын дегем жоқ. Бірақ бір ит дәл осы жерді келіп қазып кетті. Сол кезде мен де сызып ала қойдым, – деді Сембіғали Смағұл. – Бұл жер қазба байлыққа бай болуы керек. Жалпы қасиетті жер. Қарсы беттегі төбенің арғы жағы Қасым Қайсеновтің ауылы екен. Осындай батыр баба туған өңірде этюд жазу – бір бақыт, – дейді суретші.
Суретші, мүсінші Сембіғали Смағұл – Астананың сәулетіне зор үлес қосқандардың бірі, бірегейі. «Қазақ елі» монументі сияқты бірнеше мүсіндердің авторы.
Таңғажайып Тайынты
Мұнда мүйізі қарағайдай қылқалам шеберлерімен бірге жас суретшілер де келді. Олар үшін бір аптаға созылған пленэр үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Соңдарынан өкшелеп келе жатқан іні-қарындастарына аға буын білмеген тұстарын үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп жүрді.

– Үлкен суретшілермен пленэрге бірінші рет шықтым. Үйренгенім көп. Тіпті университет бітіріп шыққандай сезімде жүрмін, – дейді жас суретші Фарида Есқазы.
Жастар демекші, Қазақстанның төрт бұрышынан келген кіл мықты суретшілер Бақытнұр Бүрдеспеков, Мәжит Бәйтеновтер өскемендік жас суретшілерге «Палитра әлемі» тақырыбында шеберлік сағаттарын жүргізді. Біліктіліктерін арттыруға келген Ольга Чавкина, Наталья Зиновьева, Елена Брагина, Наталья Яровскаялар екі-үш сағаттың ішінде бір-бір этюд жазып үлгірді. Бірі пейзаж, бірі портрет жазды. Кәсіби суретшілердің айтуынша, шеберлік сыныбына қатысқандардың барлығы дерлік – болашақтарынан үміт күттіретін жастар.
Екі-үш күннен кейін қылқалам шеберлері ат басын Тайынтыға бұрды. Ауылды жанай ағып жатқан өзеннің жағасына жайғасқан олар керілген кенептеріне кереметтей көріністі бейнелеуге кіріскен. «Тайынтының таңғажайып табиғаты-ай» деп таңданыстарын жасырмады. Тай-құлындай жарысып жүрген ауыл балалары болса суретшілердің маңайынан шықпады. Ауылдарын суреттен көру олар үшін аса қызық. Фотодан көрген бір басқа, майлы бояумен салынған суреттер мүлдем басқа. Құнды көрінеді.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, суретші Мұрат Қалқабаевтың ойынша, көргеніңді айна-қатесіз көшірудің қажеті жоқ.
– Суретші көргенін жүрегінен өткізіп барып, халық назарына ұсынғаны жөн. Ал көшірме жасау – бос әурешілік. Қылқаламсыз-ақ сырт еткізіп фотоға түсіре салсаңыз, әлдеқайда артық, – дейді Мұрат Қалқабаев.

100 мың теңге сертификаттар табысталды
Облыстық Өнер мұражайының ұйымдастыруымен өткен «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэр жұмысы кеше аяқталып, суретшілердің жазған картиналары көрмеге қойылды.
Пленэрге қатысқан суретшілерге облыс әкімі Даниал Ахметов алғысын білдіріп, 100 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.
– Суретшілер – ерекше адамдар. Сіздердің елімізді әлемге танытатындай зор мүмкіндіктеріңіз бар. Биылғы пленэр он күнге созылса, келесі жылы уақытын бұдан да созамыз. Сіздерге денсаулық, баянды бақыт тілеймін! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұдан кейін облыс әкімі көрмені аралап көрді. Көптеген суреттердің ішінде Азат Табиев пен Құралай Аманжолованың жұмыстарына тоқталып өтті.
– Азаттың әкесі Бахтияр Тәбиевті жақсы білемін. Еңбектерін ерекше бағалаймын. Айналайын Азат, әкеңнің жолын жалғастыр. Қолыңнан қылқаламыңды тастама, – деп тілегін білдірді аймақ басшысы.
Сонымен қатар жерлесіміз Әлібек Шоқановтың да жұмыстарына жоғары бағасын берді. Ал Суретшілер академиясының вице-президенті Ерлан Айтуаров пленэрге қатысқан суретшілердің атынан облыс әкімдігіне, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Көрменің қортынды бөлімінде Ерлан Айтуаров пен Сембіғали Смағұл абстракциялық картина жазып, шеберлік сағаттарын өткізді.

Мерей Қайнарұлы