Экономика

Күркетауықтың «халал» етін өндіреміз

Күркетауықтың «халал» етін өндіреміз
Араб шейхы Бородулиха ауданында бекіре өсіріп, күркетауық етін өндірмекші. Инвестордың ресейлік өкілдері облыста болып, жобаны жан-жақты талқылап қайтты.
БАӘ тарабы аталмыш екі жобаға 50 млн. АҚШ долларын бөлуге дайын отыр. Кездесуге Біріккен Араб Әмірліктері шейхінің ресейлік өкілдері келді. Оларды облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қабылдады. Ресей мен БАӘ арасындағы бірлескен компанияның менеджері Максим Лавров Қазақстанға бірінші рет инвестиция салғалы отырғандарын айтады. «BITONFLY» компаниясы Бородулиха жерінде өндірілген бекіре сүбесі мен күркетауық етін БАӘ нарығына сатпақшы.
«Бекіре сүбесі де, күркетауық еті де бағалы тағам саналады. Ал БАӘ-де оның бағасы әлемдік нарықтан жоғары. Өйткені, олар етті «халал» стандартына сай дайындайды. Яғни, әр тауық адам қолымен бауыздалып, шариғат талаптарына сай өңделуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда БАӘ нарығы өте тартымды», – дейді менеджер.
«BITONFLY» компаниясының менеджері Максим Лавровтың айтуынша, Ресей мен БАӘ арасындағы бірлескен кәсіпорын Қазақстанға бірінші рет инвестиция салмақшы. Өндіріске жер телімі Бородулиха ауданынан берілмек.
«Қазақстан тарапымен үкіметтік деңгейде инвестициялық келісімшарт жасалып, Ұлттық банкте тіркелді. Енді осындағы құжат жұмыстарын реттеуге көмектессеңіздер», – деді Максим Лавров. Бекірені тоқтау суда өсіру үшін еуропалық технология пайдаланылмақ. Жоба толық қуатына енгенде жылына 500 тонна бекіре сүбесін өндіретін болады. Ал күркетауық фермасы жылына 8,2 мың тонна құс етін өңдейді деп күтілуде. Құжат жұмыстары ретке келген жағдайда инвесторлар бірден іске кіріспекші.
«Қара суық түскенше жұмысты нөлдік деңгейге жеткізсек деген жоспарымыз бар. Ол үшін жер телімі орналасқан аумақтың геодезиясымен танысып үлгеруіміз қажет», – дейді компанияның менеджері.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бұл жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап, Бородулиха аудандық әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қажет құжаттарды бір аптаның ішінде дайындап беруді тапсырды. Инвесторларға бірлескен іс-шаралар жол картасын дайындау ұсынылды.
«Бекірені тоқтау суда өсіру біз үшін таңсық емес. Бұл тұрғыда сіздерге әдістемелік көмек те көрсете аламыз. Ал күркетауық еті бұған дейін бізде өндіріліп көрмеген. Компанияның өкілдігі Семей қаласында тіркеліпті. Бұл қосымша салық түсімі деген сөз. Оның үстіне 150 адамды жұмыспен қамтығалы отырсыздар. Қазақстандағы алғашқы инвестициялық жобаларыңызды біздің өңірде бастағандарыңызға қуаныштымыз», -деді облыс әкімінің орынбасары.
Жобаны әзірлеген ресейлік «АгроЭкоГруп» компаниясының бас директоры Светлана Тынянова құс фермасында «Кросс биг 6» нәсілді күркетауық өсірілетінін айтады.
«Бұл күркетауықтың басты ерекшілігі тез жетілетінінде. 26 күннің ішінде жұмыртқадан 25-26 келі ет беретін құсқа айналады. Ал бекірені тоқтау суда өсіру технологиясына Пәкістан да қызығушылық танытып отыр. Бұл жоба сәтті жүзеге асып жатса, пәкістандықтар да келуі мүмкін», – дейді компания басшысы.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button