Критериалды бағалау жүйесі туралы не білеміз?

Бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласы жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп жатқаны белгілі. Жаңа модельге сәйкес оқушылардың білімін бағалау әдісі де өзгеріп, критериалды бағалау жүйесі енгізілуде. Жалпы, критериалды бағалау жүйесі деген не? Оның дәстүрлі бағалау жүйесінен айырмашылығы қандай? Критериалды бағалау білімнің әділ көрсеткіші бола ала ма? Бүгінгі мақаламызда біз осы сауалдарға жауап беруге тырыстық.
«Неше алдың?». Шыны керек, мектепте оқитын баласы үйге келгенде ата-ананың қоятын бірінші сауалы осы. Баласы «бес алдым» десе, арқасынан қағып, тәтті-дәмдіні аузына төсеп, төбесі көкке жеткендей бір қуанып қалатыны да шындық. Тіпті, ата-аналардың арасында «үш алдым» деген баласын «үштің өзі күш» деп жұбатып қоятындар да бар. Жақсы баға алған бала – бақытты бала. Балаларымыздың кейде баға үшін оқитыны да рас.
Енді еліміздегі білім беру саласының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне сәйкес, оқушы білімін бағалау әдісі де өзгеріп, критериалды бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Алдымен Назарбаев зияткерлік мектептерінде алты жыл бойы сынақтан өткізілген бағалау жүйесі, еліміздің білім беру саласына 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілуде. Олай болса, бұл қандай бағалау жүйесі? Оның ескі жүйеден артықшылығы неде? Критериалды бағалау оқушыларға не береді? Бұл туралы бізге «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның филиалы ШҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының мамандары кеңінен әңгімелеп берді.
Айгүл Сайлыбаева, ағылшын тілі пәні бойынша аға оқытушы:

-Критериалды бағалау ұғымын Р.Глейзер (1963) деген ағылшындық ғалым қолданған. Қазіргі күні бұл бағалау жүйесін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдері кеңінен қолданып отыр. Ең алдымен сабақтың оқу мақсатына орай критерийлер беріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, критериалды бағалау – бұл баланың сабақтың мақсатына жетуін бағалайтын өлшемдер. Әр мектепте критериалды бағалаудың өз үйлестірушілері болуы керек. Бүкіл бағалау үдерісін сол үйлестірушілер жоспарлайды, ұйымдастырады және өткізуді басқарады. Мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстарда мағлұмат алады. Бұрын біз оқушы білімін «Мына бала тапсырманы жақсы орындады, ана бала одан төменірек деп» салыстырмалы түрде бағалайтынбыз. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша білім беру стандартына негізделген оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарымен өлшенген нақты критерийлер пән бойынша беріледі. Сол арқылы бағалаймыз. Бұл бағалау жүйесі бойынша Өскеменде тұрғанда үздік оқыған бала Астана, Алматыға көшіп барса да, сол үздік бағасын ақтап шығуы тиіс.
Гүлмира Жақсылықова, деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері:

– Критериалды бағалау – біздің білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа бағалау жүйесі ғой. Дәстүрлі бағалау жүйесінен негізгі айырмашылығы – критериалды бағалау жүйесінде сабақтың тақырыбына байланысты оқу мақсатына сай бағалау критерийі нақтыланады. Мұғалімнің мақсаты – осы бағалау критерийін тақырыпты берген кезде балаға таныстыру. Бала бағалау критерийін біле отырып, өзінің алдына мақсат қоюы керек. Сабақта оқушы бағалау критерийіне байланысты әртүрлі деңгейде тапсырмалар орындайды. Әр тапсырмаға дескрипторлар беріледі. Сол бағалау критерийлері мен дескрипторге байланысты баланың алға жылжуын мұғалім ғана емес, баланың өзі де бақылап, бағалап отыруы тиіс. Ертеректе біз бес балдық жүйемен 2, 3, 4, 5 деген бағаны ешқандай түсініктеме бермей қоя салатынбыз. Бала өзі дайындаған тапсырманы айтып, бесін, төртін алатын. Тіпті, үш қойылған оқушы не үшін үш алғанын түсінбейтін. Ал мына критериалды бағалау бойынша бала тапсырманы орындауда қай жерде тұрғанын түсініп тұрады. Мысалы, тапсырма берілді.
Тапсырмаға дескрипторлар берілді. Дескриптор дегеніміз – баланың тапсырманы орындау кезінде жасайтын қадамдары. Мысалы, мен орташа оқитын оқушымын делік. Мен барлық дескрипторды орындай алмасам, яғни мен толық жетістікке әлі жеткен жоқпын деген сөз. Көрдіңіз бе, қандай нәтижеге жетпей тұрғанын алдымен бала өзі бағалауы тиіс. Одан кейін мұғалім сол баланың қандай жетістікке жеткенін көре отырып, кері байланыс орнатып, балаға алға жылжуға мүмкіндік береді. Менің айтарым, бұл бағалау жүйесі оқушыға тек сабақта ғана емес, жалпы өмірде де өзін-өзі бағалауға, сондай-ақ қоғамда болып жатқан іс-әрекеттерге де сын тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Баланың санасы өзгеріп, өзінің іс-әрекетін реттеуге күш салады.
Роза Чекетаева, тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі:

– Критериалды бағалау еліміздің жалпы білім беретін мектептердің 1,2, 5 және 7-сыныптарына енгізілген. Осыған ұқсас жүйе еліміздің жоғары оқу орындарында бұрыннан бар. Ол кредиттік жүйе деп аталатын. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын кейбір студенттердің сынақ кітапшасын алып қарасыңыз, А, В, С деген баға қойылған. Әріптестерім айтқандай, жалпы бала білімін біз бұрыннан салыстырып бағалайтынбыз. Кейде мұғалім беске жетпей тұрса да балаға бес немесе төртке жетпей тұрса да төрт қойып жіберетін. Ал критериалды бағалауда салыстырып бағалау деген жоқ. Баланың білімі стандартта берілген деңгеймен бағаланады. Мысалы, бастауыш сыныптарда 21-50 пайыздың аралығы үш болып есептеледі. 50 пайыз алған баланың үші толық үш деп бағаланады. Критериалды бағалауда мынаған артық немесе кем қойып қойдың деген әңгіме жоқ. Пайызбен бағаны шығарғанда нақтысы шыға келеді. Мысалы, 1-2 сыныптарда 81-100 пайыз балдың аралығы бес болып есептеледі. Десе де 81 пайыз балл алған бала әлі де 100 пайызға жетуге ұмтылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылықтары өте көп. Критериалды бағалауда мұғалімдер қалыптастырушы бағалауға өте қатты мән береді. Қалыптастырушы бағалау дегеніміз – оқу үдерісін дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін, білім алушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, үздіксіз жүргізілетін бағалаудың түрі. Бұдан бөлек, жиынтық бағалау деген де бар. Жиынтық бағалау – оқу бағдарламасындағы бөлімдер, ортақ тақырыптар бойынша белгілі бір оқу кезеңі (бөлім, тоқсан, оқу жылы) аяқталғанда өткізілетін бағалаудың түрі.
Жалпы, осы біліктілікті арттыру институтына мұғалімдер тарапынан «Мен мына жерін түсінбей жатырмын» деген қоңыраулар жиі түсіп жатады. Біз оларға үнемі кеңес беріп отырамыз. Рас, жаңартылған білім мазмұны бойынша 40, 80 немесе 120 сағаттық курстардың тек екі күні ғана критериалды бағалауға арналады. Бұл уақыт әрине, жеткіліксіз. Сондықтан да әрбір мектептегі үйлестірушілер мұғалімдермен тыңғылықты жұмыс істеуі керек. Мектепте үйлестірушілер жақсы, сауатты жұмыс істесе, бұл мәселе оңай шешілер еді деп ойлаймын. Ол дегеніміз мұғалімге ұсынған нормативтік-құқықтық құжаттарды толығымен зерделеу, әдістемелік кеңестерді талқылау.
Өз басым, бірінші тоқсанда жалпы 20-дан астам мұғалімнің сабақтарына қатыстым. Сол кезде менің байқағаным, мұғалімдердің 50 пайызы оқу мақсатын, бағалау критерийін оқушыларға түсіндірсе, ал кейбір мұғалімдер оны оқушыға айтпайды. Яғни, оқушы жетістікке жетуі үшін оқу мақсатын білуі тиіс. Сондай-ақ бүгінгі сабақта қандай бағалау критерийі, сабақ немен өлшенеді оқушы оны да білуі керек.
Жалпы, бұл бағалау жүйе бізге өте ұнайды. Болашақта бәсекеге қабілетті, өзіне-өзі сенімді, өз пікірі мен көзқарасын ашық айтатын, сыни тұрғыдан ойлайтын азаматтарды қалыптастыруға бұл жүйенің де ықпал етері сөзсіз.
P.S. Критериалды бағалау жайында мамандардың пікірі осындай. Қалай десек те, «Көштің жүре түзелетіні» белгілі. Десек те, Мағжан Жұмабаевтың, «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі» деген сөзін естен шығармағанымыз абзал.
Мейрамтай Иманғали