Мәдениет

Көрермендерді «Алтыншы бекетте» күтеміз

Көрермендерді «Алтыншы бекетте» күтеміз


Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында «Алтыншы бекет» атты көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Туынды Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы турасында түсірілген.

Тұсаукесерге облыстық күш құрылымдарының басшылары мен қала әкімдігінің өкілдері, республикалық, аймақтық БАҚ жетекшілері, дін қызметкерлері және қоғам қайраткерлері қатысты. Жаңа туынды наурыз айының 15-інен бастап көрерменге жол тартпақ.

Фильм Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған арнайы имидждік бағдарламасын орындау аясында, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша отандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде түсірілген. Көркем фильмде басты рөлдерді елімізге танымал актерлар: Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмағұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова және басқалары сомдаған. Қабырғалы жұмысқа мұрындық болған қоюшы режиссер Серікбол Өтепбергенов есімді азамат.

– Бұл біздің жауынгерлеріміздің ерліктері мен қайсарлығы жайында түсірілген тұңғыш фильм. Сол себепті бұл кештің біз үшін маңызы зор. Бұл ұландар бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан фильмнің тұсаукесеріне келгендеріңізге алғысымды бідіремін, – деді көрсетілім алдында сөз алған Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриев.

2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге жалғыз өзі төтеп беріп, жанқиярлық ерлік көрсете білген Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаев осынау фильмнің сюжетіне арқау болып отыр. Сол ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Бүгінде ол батыр Ұлттық ұланның офицері.

Көрсетілімді тамашалап шыққан көрермендер де алған әсерлерімен бөлісті.

– Лаңкестер һәм лаңкестік әрекеттің алдын алу барысын тек теледидардағы жаңалықтардан естіп, біліп отырамыз. Ал ол тақырыпта түсірілген көркем фильм жоқтың қасы. Тек Голливуд фильмдерінен көріп өстік. ХХІ ғасыр індетімен күресу – күштік құрылымдардың ғана емес, баршамыздың міндетіміз.
Демек, бізде «Алтыншы бекет» сынды фильмдерді көптеп көрсету керек. Халықтың сауаты ашылады. Патриоттық сезімі күшейеді. Отанға қызмет ету бәріміздің борышымыз екендігін түсінетін боламыз. Қазақ жігіттеріне, әскери адамдарға деген сенім, мақтаныш пайда болады. Фильм өте жақсы түсірілген.
Режиссура, операторлық жұмыс, дыбыспен әрлеу, бәрі-бәрі жақсы, – дейді «Алтай» телеарнасы директорының орынбасары, бас редактор Айдос Жұқанұлы.

– Шынайы оқиғаның желісімен түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмі өте жоғары деңгейдегі туынды деп есептеймін. Фильмді тамашалау барысында, бір жағынан батырларымыздың ерлігіне қуанып, көзіме жас алсам, екінші жағынан теріс ағымның жетегінде кеткен жастарды көріп, жүрегім ауырды. Бұл киноның тәрбиелік мәні өте зор. Сол себептен барлық жастарға көрсету керек, – дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Маржан Бақыт.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button