Жаңалықтар

ҚР Энергетика министрі ШҚО тұрғындарымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келді.

Сапар барысында Министр ШҚО әкімі Ермек Көшербаевпен бірге Риддер ЖЭО-да болып, Риддер қаласында халықпен кездесу және жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Іс-шараның басында Алмасадам Сәтқалиев облыстың отын-энергетикалық кешенінің ағымдағы жағдайы туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда өңірдегі 3 ЖЭО-ның дайындығы 32% құрайды. Гидроэлектростанцияларда жөндеу жұмыстары 64%-ға орындалды. 165 км электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Өскемен, Риддер және Шемонаиха қалалары бойынша жылу желілерінің техникалық тексеруі аяқталды», – деді Энергетика министрі.

Сондай-ақ, ол «Риддер ЖЭО» АҚ-ға қатысты барлық сұрақтарға жауап беріп, Қаржы министрлігімен және облыстық әкімдікпен бірлесіп Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі пысықталғанын атап өтті.

«Риддер ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарына 8 мердігер ұйым тартылды. Жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптамалар берілді. Жөндеу жұмыстарының жалпы сомасы 8,3 млрд теңгені құрайды»,- деп түсіндірді А. Сәтқалиев.

Сонымен қатар, кездесу барысында ШҚО тұрғындарына ЖЭО-ның жаңа инвесторы Әміржан Нәбиев таныстырылды. Осылайша, ЖЭО «АТРИКС-СТРОЙ» ЖШС бақылауына өтті. Жаңа инвестор барлық қарыздарды өз есебінен жабуға уәде берді.

«Бүгінгі таңда жылу электр станциясының банк алдындағы берешегі 5,3 млрд теңгені құрайды. Осы қарыздың барлығын біз мемлекеттік қаржы мен Риддер ЖЭО қаражатын тартпай-ақ, өзіміз жабамыз. Екі апта ішінде біз барлық қарызды өтеп шығамыз. Бүгінгі күні біз жалақы, салық бойынша берешекті жаптық. Мемлекеттік ақша бөлінгенге дейін шұғыл жұмыстарға өзіміз ақша бөлетін боламыз, бұл шамамен 500 млн теңге болады. Менің басты міндетім – бұл кәсіпорынды қарыздан босату», – деді Ә.Нәбиев.

Іс-шара барысында ЖЭО-да барлығы 6 қазандық пен 4 турбина орнатылғаны атап өтілді. Ағымдағы жылы барлық 6 қазандықтың жөндеуі ұйымдастырылды, сондай-ақ бүгінгі күні отын жеткізуге, ғимараттарға қайта қалпына келтіру жұмыстары және қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, кездесу барысында Министр көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу мәселесін көтерді.

«Шығыс Қазақстан облысы үшін 20 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Берілген өтінімдерге сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына дизель отынын жөнелту басымдықпен жүзеге асырылуда, көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде бекітілген жоспарға сай, 19,1 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Сонымен қатар, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдері негізінде АШМ-мен бірлесіп егін жинау компаниясына дизель отынын бөлу көлемі бекітілді, ол 8,5 мың тоннаны құрайды», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Осы айдарда

Back to top button