Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Қазақ тілінде білім беру мен оқытудың инновациялық үдерістері: мәселелер, заңдылықтар, болашағы» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Қартаеваның айтуына қарағанда, шараның басты мақсаты – латын әліпбиіне көшу, қазақ тілін оқыту мәселесі төңірегінде пікір алмасу. Бұл жиынның құрметті қонағы ретінде, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Сағанаева, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері Бағдан Момынова және басқа сала мамандары қатысты.
– Білім беру саласындағы үштілділік мәселесі қазіргі күні еліміз үшін өзекті екені белгілі. Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 79-80 қадамдарында үштілділік мәселесі жөнінде айтылған. Ағылшын тілінде 1,5 миллиард адам сөйлейді. Азиядағы Қытай, Жапония сынды көші ілгері елдерде балабақшадан бастап ағылшын тілін үйретуде. Демек, мемлекеттің дамуында үштілділіктің маңызы зор, – дейді филология ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Сағанаева.
Қаладағы іргелі білім ордаларының бірі саналатын С.Аманжолов атындағы ШҚМУ және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бірлесіп ұйымдастырған шара Шығыс өңірінің тумасы, профессор, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынованың 60 – жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін айта кеткен жөн.
– Туған күнімді кіндік қаным тамған жерде тойлатып жатқаныма қуаныштымын. Өзімнің шәкірттерімді көріп, қуанып отырмын. Студенттермен кездестіріп, осындай – ғылыми конференция ұйымдастырып жатқан төл шәкірттеріме, әрі тіл білімінің оқытушыларына алғысымды айтамын, – дейді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері Бағдан Момынова.
Конференция барысында ұстаздар мен қатысушылар алдағы уақыттарда мемлекет үшін жаңа серпіліс әкелетін, яғни, латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Іс-шараның алғашқы бөлімі сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да конференция, келесі бөлімі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да студенттердің қатысуымен дөңгелек үстел түрінде өтті. Қазақ тілі және әдебиеті мамандығының студенттері бірегей білім ошағынан келген оқытушылардың үштілділік туралы ойларын тыңдап, маңызды ақпараттар алды. Конференцияның қорытынды бөлімі түстен кейін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да жалғасын тапты.
Әділхан Есімханов