Көп тіл білгеннің келешегі жарқын
«Заман – терек, адам – оның бұтағы» дегендей, әр кезең өз заңын ұсынады. Бүгінгі ұрпақ үшін бір тіл емес, бірнеше тіл білу сондықтан да ерекше қажет болып отыр. Ал көп тіл білген адамның ғана өрісі кең, алды ашық боларын уақыт деген ұлы төрешінің өзі айқын көрсетіп келе жатқанын саналы жанның бәрі баяғыда-ақ түйсінген болар деп ойлаймыз.
Осындай көп тілді меңгеруді мақсат еткен сегіз жас жақында облыстық деңгейде өткен «Тілдарын – 2012» олимпиадасында бақтарын сынаған. Облысымыздың Бородулиха, Зырян, Ұлан, Глубокое және Аягөз аудандары мен Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларынан келген 18 бен 30-дың арасындағы қыздар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде тұсаукесер, эссе жазу, баспасөз мәслихатын өткізу және берілген мәтінге ілеспе аударма жасау сияқты шарттар бойынша сынға түсті.
Алғыр адам алғашқы бәсекеде-ақ айқындалатыны рас екен. Әп біссімілләсі қазақ тілін білу бойынша басталған бірінші «Тіл – татулық тірегі» атты турда еш кібіртіктемей, көсіле баяндағандар бірнешеу болған. Әсіресе, бірінші болып, ел алдына шыққан Риддердегі №3 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Жансая Қалманбетова өз тұсаукесерін «Әркімнің өз тілі тірлік үшін керек болса, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек» деп бастап, бәрінен де ана тілді терең меңгеру қажеттігін әдемі жеткізді. «Өз иті әлсіз ауылға өзге ауылдың иті үргіш келеді» деген сынды, сөз ләмін өз ана тілімізді басқа емес, алдымен өзіміз құрметтеуге міндеттіміз дегенге сайған ол негізгі мақсатын еркін жеткізген.
Екінші болып, Курчатовтағы №1 мектептің мұғалімі Әсем Дәулеткелдиева дауысының ашықтығымен баурап алды. Әр сөзін саңқылдай жеткізген оның бойынан бір ерен жігерлілікті байқағанбыз. Ертеңгі күніне асыл мұратпен ұмтылған бүгінгінің білімді жасы осындай-ақ болар!
Одан әрі қарай кезегімен ортаға шақырылған қыздар бірінің олқылығын бірі толтырғандай, қазақтың бай тілінен бапты мақал-мәтелдер келтіре көсілген. Тек ұландық Жарқын Омарованың ғана қазақшасы шолақтау қайырыммен шығып, көңілде бір «әттеген-айдың» көлеңкесін қалдырып кеткені бар.
Қуантқаны бар, жұбатқаны бар алты үміткер өзі дайындап келген дүниесін жеткізген соң жетінші болып, барын танытпаққа ел алдына шыққан аягөздік Мөлдір Мұстафина өзгеше ізденімпаз екенін танытты. Ол тіл туралы немесе өз қызметінің барысы жайында жай баяндауды жөн көрмей, арнайы даярлап әкелген түрлі-түсті кірпіш-қалыптарынан алдымен «мынау ұлттар бірлігі, мынау салт-дәстүр сабақтастығы, ал мыналар болса, тіл мен елге деген құрмет» деп, үйдің іргетасын қалап шықты да, «үш тұғырлы тіл, әр халықтың ұлттық орталықтары, Достық үйлері және Тіл туралы Заң» деп, төрт діңгегін қойды. Оның қолдарымен бір әсем ғимараттың бой көтеріп келе жатқанына куә болған жиналғандар «енді қалай болар екен?» деген ынтызарлыққа бой алдырғаны сол еді, оның қабырғалары тіл – таным, тіл – достық, тіл – саясат, тіл – тірлік, тіл – болашақ деген сынды және басқа да танымдық реңкте өріліп, кәдімгі шаңырақ бейнесін құрап шыға келген. «Тіл – талас-тартыс құралы емес, бірлік құралы» деп әңгімелей тұрып, оның төбесін «ҚАЗАҚСТАН» атты еңселі шатырмен жапқан Мөлдірдің тапқырлығы мен танымы молдығына тәнті болған көрермен дуылдаса қол соққаны бар. Осылайша Мөлдірдің өзге қатысушыларды бір састырғаны рас еді.
Сайысқа қатысушылар бұл бөлімнің келесі 40 минутын «Елдікті айғақтаған, рухымызды асқақтатқан – Лондон Олимпиадасы» тақырыбына эссе жазса, одан әрі орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасап, мемлекеттік тілде баспасөз мәслихатын өткізді.
Жарыстың жазылмаған заңдылығы бойынша алқынбаған жүйрік қана көмбеден көрінеді емес пе? Бұл жолы да келесі, таза ағылшын тіліндегі «Туған жер – тұғырым» атты тұсаукесер мен «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты эссе жазуда, үшінші турдағы (орысша) «Моя профессия – моя гордость» атты тұсаукесер мен «Государственный язык – семейная ценность» тақырыбына эссе жазуда да ағарып, алдан көріне алған төртеу үш тілде еркін сөйлей де, жаза да алатындарын байқатқан. Осылайша олар дара талантымен де, көп ізденетіндігімен де дараланып шықты.
Әсіресе, баспасөз мәслихатында ұсынылған 11 тақырыптың оң жамбасына келетін біреуін таңдап алып, еркін (үш тілде!) көсіле сөз саптаған сайыскерлер де осы төртеуі болғанын айтқымыз келеді. Әрине, өзге төртеудің де қаражаяу еместігін мойындамасқа болмайды. Дегенмен, оларға әсіресе, ағылшын тілінен көп дәріс алу керектігі байқалып тұрды. Өзге тілді көзіңді ашқаннан құлағыңа сіңіп, әсем әндей әуезді естілетін өз тіліңдей меңгеру оңай деуге келмес. Солай бола тұрса да, өз ауданыңның намысын арқалап, асыл арман жетелеп келген соң сол жақтағы жұрттың үмітін ақтау үшін де ерекше өнер көрсету керек шығар. Бұл жүлдеге іліне алмай қалғандарды сынағанымыз емес, қайрағанымыз!
Сонымен «Тілдің үш тұғырлылығы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында осымен бесінші мәрте өткізіліп, таңғы 10-нан қас қарайғанға дейін созылған облыстық сайыс өз жүйріктерін анықтады. «Көп тіл білген адам озады» демекші, туған тілімен қатар ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, барлық тапсырманы жақсы орындап шыққан риддерлік Жансая Қалманбетова жүлделі үшінші орынға тұрақтаса, Бородулиха ауданы, Жезкент орта мектебінің мұғалімі Еңлік Құндызбаева ІІ және Өскеменнің намысын жыртқан Ақмарал Жұмақанова І орынды иеленді. Ал а дегеннен-ақ озық екенін таныта білген Аягөз ауданы, Ж.Жабаев орта мектебінің мұғалімі Мөлдір Мұстафина ешқандай даусыз бас жүлдені қанжығасына байлап, алдағы қараша айында Қызылорда қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды. Оның сол үш тұғырлы тіл бәсекесінен де абыроймен оралатынына сенімдіміз. Өйткені, шын білімпазға тек биіктер ғана бағынады!