Білім

Көп мектепке күрделі жөндеу қажет

Көп мектепке күрделі жөндеу қажет
Семей қаласы мен оған қарасты ауылдық округтердің мектептері өткен ғасырдың 50-60 жылдары бой көтерген. Жыл сайын жөндеу жүргізілмейді емес, жүргізіледі. Алайда, қашан да қолбайлау болған қаржы тапшылығы ғимараттарға күрделі емес, көбіне ағымдағы жөндеулер жүргізіледі.
Биыл оқу орындарының күрделі жөндеуіне қала бюджетінен 213 млн. 677 мың теңге, ал ағымдағы жөндеуге 301 млн. теңге бөлінді. Кей мектептерде жөндеу жұмыстары оқу жылы аяқталмай жатып-ақ басталып кеткен болатын. Себебі, олар жаңартылған химия, биология, роботтехникасы, информатика пәндері бойынша құрал-жабдықтардың орнатылуы үшін даярланды. Қала бюджетінен мұндай сыныптары бар мектептердің кабинеттерін жөндеуге 69 млн. теңге бөлінген.
Мектептерді жөндеу жұмыстарының барысымен қала әкімі Ермак Сәлімов танысты. Айта кету керек, биыл күрделі жөндеуге қомақты қаражат тек қаланың ескі мектептеріне, яғни төбесінен су тамшылап тұрған білім ордаларына бөлінген. Мұндай мектептердің қатарында №№32, 34, 28, 2 орта мектептері бар.
№2 мектептегі жөндеу жұмыстарымен танысқан қала әкімі Ермак Сәлімов ғимараттың жағдайына алаңдаушылық білдірді.
– Бұл мектепте су құбырлары тозып, ескіріп кеткен. Құбырлардан аққан су бірінші қабаттағы кабинет, сынып бөлмелерінің еденін шірітіп жіберді. Сөйтіп, еден ортасына түсті. Ал ғимараттың қабырғасы жарылып тұр, -дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.
Ал №28 мектептегі жағдай да мәз емес. 2009 жылы бұл мектептің шатырына ағымдағы жөндеу үшін қаражат бөлініп жөнделген еді.
– №28 мектептің жағдайына байланысты мектепті түбегейлі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжатқа қаржы беріліп, шатыры мен жылу жүйесін жаңартуды басты назарға алдық, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко, – шатырды ауыстыру үшін 59 млн. теңге қажет болса, жылу желілеріне 8 млн. теңге керек. Қазір құрылыс компаниясы жұмысты қолға алды.
Ал №34 мектептегі жағдайды көрген қала әкімі Ермак Сәлімов мектепті күрделі жөндеуден өткізу керек деген шешімге келді. Наталия Фесенконың айтуынша, 2018 жылдың бюджетіне мектептерді жөндеу үшін 1 млрд. 200 млн. теңгенің смета құжатына тапсырыс беріпті.
– Себебі мектептердің жағдайы өте нашар, – дейді Наталия Фесенко, – оқу нысандарына 80 жыл болған. Тіпті, 100 жыл болғандары да бар. Жыл сайын сыртын сылап, жөндей бергенмен, нәтиже жоқ. Мәселен, №19 мектепте екі жерден шатыр тесілді. №27 мектепте шатыр толық жөнделу керек. Смета 78 млн. теңгенің үстінде. Сонымен, бүкіл мектептер мен балабақшалардың ағымдағы, күрделі жөндеуі үшін биыл барлығына 907 млн. теңгені бөлгіздік. Қалалық мәслихаттың сессиясында біздің салаға берілетін 467 млн. теңге аз екенін білген соң, депутаттар мектептерді және балабақшаларды жөндеуге арналған 76 жоба үшін 907 млн. теңгені бөлуді дұрыс деп тапты.
Бүгінде мектептердегі кабинеттердің барлығы ІТ-технология, роботтехникасы кабинеттерін жабдықтау үшін дайын. № 15, 28, 34 мектептерінде жөндеу жұмыстары аяқталып та қалды.
Тағы бір айта кетерлігі, Жапонияның «Шөп тамыры» жобасының көмегі арқылы Семейдің сегіз мектебі терезелерін ауыстырып алды. Тағы үш мектепті жөндеу күтіп тұр. №№ 37,21,16,18 мектептердің ұжымдары түлектерімен жұмыс істейді. Түлектер демеушілік танытып, асхана, акт залы, спорт залдарды жөндеуге уәде етіп отыр.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button