COVID-19 

Коронавирус пандемиясы әлі аяқталған жоқ

Өткен тәулікте елімізде коронавирусты жұқтырған 93 науқас белгілі болды. Біздің облыста бір жаңа жағдай тіркелді. Он жеті облыстың сегізінде бір де бір науқас анықталған жоқ. Ковид инфекциясы бұрынғысынша Нұр-Сұлтан (16) мен Алматы (20) қалаларында, Қарағанды (17), Қостанай (14) облыстарында жиі тіркеледі.

Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, бүгінге дейін елімізде барлығы 1 млн 391 мың 645 жағдай расталды.

Соңғы тәулікте елімізде 231 науқас жазылып шықты. Алайда ковид жұқтырған он екі адам ауыр жағдайда жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің 11 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, 15 983 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр.

Емделушілердің арасында коронавирустық инфекция (КВИ+) расталған 15 737 адам, ковидті пневмониямен (КВИ -) 246 пациент бар. Оның ішінде 338 пациент стационарларда емделіп жатса, амбулаториялық деңгейде 15 645 пациент ем қабылдап жүр.

КВИ+ және КВИ науқастарының ішінде 12 пациент ауыр қалде, 4 пациент аса ауыр қалде жатыр, 5 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.

2022 жылдың басынан бері әлемде миллионнан астам адам COVID-19 коронавирусын жұқтырудың салдарынан қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс барлық елдерге вакцинацияны күшейту туралы өтінішін айтты, ол коронавирусты жеңу үшін халықтың кем дегенде 70 пайызы толығымен егілуі керек деп атап өтті.

– Биыл  ковидтан 1 миллионнан астам  адам қайтыс болды. Біз коронавируспен өмір сүруді үйренеміз деп айта алмаймыз. Өйткені  тек осы жылы миллиондаған адам COVID-19-дан қайтыс болды, ал бізде бұл өлімнің алдын алу үшін барлық құралдар бар, соны пайдаланбай отырмыз, – деді ДДҰ басшысы.

Ол осы уақытқа дейін әлем халқының үштен бірі вакцинацияланбағанын атап өтті. Оның ішінде денсаулық сақтау қызметкерлерінің үштен екісі және табысы төмен елдердегі қарттардың төрттен үш бөлігі екпе салдырмаған.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс әлемдегі коронавирустық пандемия әлі аяқталған жоқ деп мәлімдеген болатын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button