Корейше оқушылар қатары көбейіп отыр
Семейде бірнеше тіл орталығы жұмыс істеп тұр. Жақсы жұмыс істеп тұр! Онда қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерімен бірге кәріс тілін оқыту да кеңінен қолға алынған. Себебі, осы өңірде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы, бірлігі және олардың салт-дәстүрлері мен тілдерінің сақталуы – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Сондай-ақ, бүгінде қаладағы Достық үйіндегі жексенбілік мектепте де корей тілі кеңінен оқытылып жатыр. Корей тілінің елімізде осынша кең қанат жаюы әу баста Алматы қаласынан бастау алған екен. Мәселен, 1991 жылдан бастап Алматы қаласының жоғары оқу орындарының филология факультеттері корей тілі бөлімшелерін ашқан екен. Бұдан кейін 2000 жылы Қазақстан-Корея ғылыми орталығы іске қосылып, жер-жерлерде тілдерді оқыту орталықтарын ашу қолға алына бастапты.
Ал Семейдегі корей мәдени орталығының ашылғанына 20 жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында орталық мүшелері өздерінің ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, әдет-ғұрпын дәріптеп, жалпы көпұлтты қазақ елінің мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Корей мәдени орталығының мүшесі Светлана Ни бізді өздерінің самульнури атты музыкалық аспабымен таныстырған. Бұл – кореялықтардың ұлттық аспабы. Салт бойынша самульнури көрші мемлекеттің бірінші адамы немесе ел-жұрттың арасында өте танымал, қадірлі мейман келгенде ғана қолға алынатын көрінеді.
Ал Светлана Ни мен Римма Тендер осыдан 20 жыл бұрын кәріс мәдени орталығын құруға атсалысқан құрметті ханымдар екен.
– Бірлігі жарасқан рухани орта – Семей жерін жүзден астам ұлт пен ұлыс мекен ететінін әркім де білетін болар, – дейді Светлана Ни, – Достық үйінде 14 мәдени орталық жұмыс істейді. Солардың бәрі сияқты біздің корей ұлттық орталығы да еліміздегі халықтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әсіресе, тілін жас ұрпаққа үйретуде аса ұқыптылық танытуда. Бұған Қазақстан атты байтақ Отанымыз толық жағдай жасап отыр. Бұл орталықта бізді қуантатыны, біз тек ән айтып, би билеумен ғана шектелмейміз. Орталыққа мүше азаматтардың біліктілігін арттыру мақсатында көп жұмыс істеп келеміз. Барлық игіліктің бастауында болатын Қазақстан Президентінің саясатын біз қашанда қолдап-қуаттаймыз. Соңғы жылдары мәдени орталығымыз Оңтүстік Кореямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Қажетті кітаптар және корей мәдениетіне байланысты заттар мен құрал-жабдықтардың дені сол жақтан әкелінуде. Ал кәріс тілін үйренушілерге үш жылдан бері арнайы курс ашылған. Орталығымыздағы төрт жүздей адамның жартысынан астамы жастар екені қуантады. Оның үстіне корей ұлтының ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақтың салт-дәстүрін жетік білетіндер өте көп.
Орталық мүшелерінің айтуынша, бұл күндері осынау тілді жетік меңгеріп, балаларына оның өзіндік ұлттық ұғымын толығымен сіңіруге тырысып жүрген жас отбасылар да аз емес екен. Солардың бірі – Владимир Пидің жанұясы. Олар алдағы уақытта ана тілдерін меңгеруді туған елдерінен жырақта жүрсе де, жалғастыра бермек көрінеді.