Отбасы

Көреген ене – ибалы келін

Мейрамтай Иманғали

 Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы институтында ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ерекше орын алады. Ене мен келін етене жақын болса, ол отбасының іргетасы да мықты болмақ. Осы орайда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Өскемендегі Металлургтер мәдениет үйінде «Көреген ене – ибалы келін» атты байқау өтті.  Отбасындағы татулық пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың қазанын қайнататын ене мен келіннің өзара қарым-қатынасын нығайту мақсатында өткен бұл сайысқа алты топ қатысты. 

Шыны керек, соңғы кездері қоғамда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас мәселесі жиі талқыланатын болды. Әсіресе, адуынды ене, кесірлі келін туралы әңгімелер әлеуметтік желіде желдей еседі-ақ. Ене мен келіннің арасындағы алауыздықтың кесірінен елімізде қаншама  отбасының шаңырағы ортасына түсіп, қаншама сәби жетім қалып жатыр десеңізші. Бұл – халқымыздың ғасырлардан тамыр тартқан отбасы институтының әлсіреп, ұлттық тәрбие діңгегінің босай бастағанының бір белгісі болса керек. Осы орайда ене мен келіннің арасындағы жарасымды сыйластықты насихаттайтын мұндай шараларды өткізу өте қажет-ақ. Отбасылық құндылықты дәріптейтін бұл шараның өтуіне «Jan ana» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болыпты. Шараны тамашалап отырып, қазақ отбасында әлі де көреген енелер мен ибалы келіндердің көп екеніне куә болып, көңіліміз көтеріліп қалғандай болды. Әлеуметтік желілерде жамандықты жарнамалай бергенше, осындай жақсылықты неге айтпасқа деген ой келді. Ене мен келіннің сөзі бір жерден шығып, одағы берік болса, алынбайтын қамал жоқ. Шындап келгенде, отбасының берекесі де, мерекесі де – ене мен келін.

Бес белес

Байқауға «Берекелі отбасы», «Тәуекел», «Болашақ», «Ақ отау», «Шаңырақ», «Аяла» атты алты топ қатысты. Бір ерекше атап айтарлығы, сайысқа енесі мен келіні бірге қатысып, бес кезеңнен тұратын байқау шарттарын да бірге орындады. Байқаудың «Мен қазақтың келіні, анасымын» атты бірінші кезеңінде сайысқа қатысушылар өздерін көпшілікке таныстырса, «Өнермен өрге жүземіз» атты екінші кезеңде өз өнерлерін паш етті. «Салт-дәстүрім, таусылмайтын байлығым» атты үшінші кезеңде ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерінен  көрініс көрсетсе, «Он саусағынан бал тамған» атты төртінші кезеңде енелер мен келіндер қамыр жайып, кеспе кесуден сайысқа түсті. Ал соңғы кезеңде енелер мен келіндер салт-дәстүрге байланысты  түрлі сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады.

Әрине, қатысушылардың сайысқа ерекше дайындықпен келгенін байқадық.

 – Мен жеті баланың анасымын, он төрт немерем, төрт шөберем бар. Аллаға шүкір. Мына баламның сайысқа қатысып жатқаны үшін қатты қуаныштымын, – деді жасы жетпіске таяп қалған Жеңісхан апа сахнада ағынан жарылып.

Тұрған тұрысы, сөйлеген сөзінде ешқандай да жасандылық жоқ. Өмірде қандай болса, сахнада да сондай. Бар білгенін келіні Гүлмираға үйретіп, бар тәттісін немерелерінің аузына төсеп жүрген қазақтың қарапайым ғана ақ жүрек анасы. Өзі – қол өнердің нағыз шебері. Тігін тігіп, сырмақ сырудың, ұршық иіріп, құрақ көрпе құраудың нағыз білгірі көрінеді.

Ал «Болашақ» тобының мүшелері – енесі Алтын апа мен келіні Сымбат та көрерменнің көңілінен шықты. Әсіресе Алтын апаның   домбырамен:

«Белес белес белесте

Белес жақын емес пе?

Ата салтын ұлықтау,

Бір ғанибет емес пе?» – деп салған әні өзіне сондай жарасымды! Әжесі ән салғанда немересі де шыркөбелек айнала би билеп, залдағы көрерменнің көңілін көтерді.

Сайысқа Алтай ауданынан, буырқанған Бұқтырманың жағасынан  келген «Аяла» тобының мүшелері – енесі Нұржамал Халелова мен Ақбота Мұқтарғазинованың да өнері залдағы көрерменді ерекше тәнті етті. Өзге ұлт өкілі басым өңірде тұрып жатса да, Нұржамал ханым қазақы салт-дәстүрді мықты ұстанатын ене көрінеді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, енесінен көрген тәлім-тәрбиені келіні Ақбота да бойына сіңіріп, ұлттық құндылықты дәріптейтін келінге айналып келе жатқандай.

– Мен өзім негізі оңтүстік жақтың, Сарыағаштың қызымын. Өскеменге келін болып түскеніме тура тоғыз жылдың жүзі болды. Енемнен сабырлы болуды, отбасында қалай тыныштықты, береке-бірлікті сақтауды үйрендім. Жалпы, келін болған осы тоғыз жылдың ішінде көп нәрсені көңіліме түйдім ғой. Өмірде қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық қатар жүретінін түсіндім. Қазір екі ұл, екі қыздың анасымын. Өмірде қиындыққа тап болсам, енем секілді бәрін де сабырға жеңдіруге тырысамын, – дейді «Берекелі отбасы» тобының келіні Азиза Жолдасқызы.

Көрерменнің аздығы көңілге кірбің түсірді

– Ене мен келіннің татулығы көбіне енеге байланысты деп білемін. Ене жайдары, сабырлы болса, келін ибалы болады. Келін жас қой. Жас келінде артық-кем қасиет бола береді. Өзіміз де жас болдық. Бәріміз де қателік жібердік. Сондай кезде бізді тәрбиелеген енеміз болатын. Сондықтан да ене деген келінді түсініп тұруы керек. Келін бірдеңені білмей жатса, ене сабырмен сөйлеп, бәрін ақылмен немесе әзілмен түсіндіріп, жөнге салып отыруы қажет. Сонда ғана ене мен келіннің арасында мызғымас, берік байланыс орнайды, – дейді «Шаңырақ» тобының енесі Ошан Шәкерман. Айтуынша, өзі – жеті бала өсірген көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Қазір екі келін түсіріп, қолы ұзарып отырған жайы бар.

Әрине, көпшілікке арналған шара жоғары деңгейде, кем-кетіксіз өтті дей алмаймыз. Берер тәлімі, тағылымы мол осынау шара Металлургтер үйінің 500 адам сыятын кең залында өткенімен, залда үркердей ғана көрермен отырды. Неге? Жарнамасы аз болды ма, әлде біздің қала тұрғындарының мұндай шараны тамашалауға құлқы жоқ па? Бұл жағы бізге белгісіз болып қалды. Содан кейін шараның дәл уақытында басталмай, кешігіп басталуы да көрерменнің көңіліне кірбің ұялатқанын айтқымыз келеді. Уақыттан асқан байлық жоқ. Ендеше, мұндай шараны ұйымдастырушылар көрерменнің уақытын бағаласа дегенді ерекше ескерткіміз келеді. Қатысушылар да белгілі бір уақытқа бағынбады. Бірі сахнада бес минут, тағы бірі он бес-жиырма минут өнер көрсетті. Осыған байланысты болар, шара да тым ұзаққа, 4-5 сағатқа созылды.

Азын-аулақ мұндай кемшіліктерге қарамастан, шара өз өтті. Жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Осындай отбасы құндылығын ұлықтайтын шараны өткізу алдағы уақытта дәстүрге айналса деген де тілегіміз бар.

 

 

 

 

Back to top button