Кооперативке біріксе, кең мүмкіндік ашылады
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапарымен Бородулиха ауданында болып, көктемгі егіс науқаны мен сүтті мал шаруашылығын дамыту шараларының барысымен танысты. Сапар барысында аталған салалар бойынша кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер бар екені де анықталды.
Көктемгі егіс науқанына жан-жақты дайындық, сүтті мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту мәселелері – облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей назарында. Әуелі Дүйсенғазы Мусин ауданның көктемгі егіс науқанына дайындығымен танысты. Егіншілікке ден қойған «Красный партизан» ЖШС мен «Роща» шаруа қожалықтарының базасын аралаған облыс әкімінің орынбасары аудан үшін ірі шаруашылық құрылым болып саналатын ұжымдардың әлеуетіне оң баға берді. Жалпы алғанда аудан диқандары көктемгі жұмыстарға дайын екенін аңғартты. Алайда, барлығының дайындық сапасы жоғары деңгейде деуге келмейді. Егіс айналымының сақталмауы, жерді тиімсіз пайдалану, жауыр болған технологиялардан ажырамау сынды түйткілдер әлі де азаймаған.
Осы аталған олқылықтарды айналып өтудің бір жолы – кооперативтерге бірігу. Дүйсенғазы Мусин шаруалармен кездесуінде «Ауылшаруашылық кооперативтер туралы» Заңның талаптарына кеңінен тоқталды. Ол сондай-ақ, форвардтық сатып алу жүйесінің диқандар үшін қай жағынан тиімді болатынын да талдап, түсіндірді. Ал иесі болса да, игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу шаралары әлі де жалғасатын болады. Қайтарылған алқаптарды аукцион арқылы өзгелерге беру немесе жалға беру шарттары да қарастырылған. Бұдан былай жердің бағасы сапа балына, яғни, топырағының құнарлылығына қарай бекітіледі. Шаруалар егіс алқаптарының сапасына қатысты деректер жаңармағанын ескертіп, бағалаудың бұл жүйесін енгізбес бұрын топырақ құрамын жаңалап зерттеу қажеттігін атады.
-Жақын арада жерді бағалау жүйесінің жұмысы нақтыланады. Расымен де алқаптардың сапасы туралы қолымыздағы деректер 50 жыл бұрынғы зерттеулерге негізделген болуы мүмкін. Ал одан бері топырақтың құрамы өзгергені анық. Бұл мәселені жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармаларының алдына қоямын. Мәселені аталған органдар түбегейлі зерттеуі тиіс. Жартыжылдықтың аяғына дейін он мың гектар жерді осы жүйемен сату көзделген. Ал бүгінге белгіленген баға қаншалықты негізді екенін арнайы мамандар анықтайды, – деді Дүйсенғазы Мусин.
Жиында көптеген шаруалардың мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін жеңілдіктер мен субсидияларды тиімді пайдаланбай отырғаны да сөз болды. Оңтайлы мүмкіндікті пайдалана алмағандарға ережелерді толық білмеу немесе кепілге қояр мүліктің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Ал кооперативке бірігу арқылы бұл кедергілерді еңсеруге болады. Дүйсенғазы Мусин кооперативке бірігу біреуге бағыну емес, экономикалық тұрғыдан бірігу ғана болатынын қадап айтты. Бірігу арқылы түрлі тауар өндірушілер субсидия мен қомақты несие көздеріне қол жеткізбек. Оның шарттарын халыққа түсіндіру міндеті ауыл әкімдіктеріне жүктеліп отыр.
– Жергілікті әкімдер әуелі өздері минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді пайдаланудың, субсидиялаудың шарттарын толық меңгеру қажет. Ауыл шаруашылығы ауқымды реформаны басынан өткеруде. Егіншілікке қатысты да үлкен өзгерістер бар. Келер жылы дәл осындай өзгерістер мал шаруашылығын субсидиялау жүйесіне енгізіледі. Ауыл әкімдеріне жұмыс тәсілін өзгерту керек болады. Жалпы алғанда аудандарыңыз көктемгі жұмыстарға дайын екенін көрдік, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Облыс әкімінің сала басшыларының алдына қойған бір міндеті 2017 жылға қарай жергілікті сүт өңдеуші кәсіпорындарды 50 пайыз шикізатпен қамтамасыз ету болатын. Бүгінде аталған кәсіпорындар шамамен 35 пайыз шикізатпен ғана жүктелген. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін облыс бойынша тоғыз жаңа тауарлы-сүт фермасын салып, 28-ін қайта жарақтау, жер-жерлерде 36 сүт қабылдау кешенін ашу жоспарланған.
Осынау өңірлік бағдарламаға қатысқысы келген аудан кәсіпкерлері алдын шыққан кедергілерді Дүйсенғазы Мусиннің алдына жайып салды. Өткен жылы Ерболат Имадилов тәулігіне алты тонна сүт жинайтын екі модулі бар қабылдау кешенін ашқан болатын. Оған маңайдағы төрт елді мекеннің халқы сүт өткізіп отыр. Алайда, жиналған сүттің елеулі бөлігі жергілікті өңдеушілерге қажетсіз болғандықтан, Павлодар облысына жөнелтілуде. Осылайша облыс әкімінің тапсырмасына кереғар жағдай қалыптасып отыр.
-Басында жергілікті кәсіпорындармен оңтайлы келісімге келіп, «Багратионға» жинаған шикізатты түгелдей өткізіп жүргенбіз. Шілде туа сүт көбейді де, олар біздің қызметімізден бас тартты. Жазда сүт өңдеушілерге халықтан жиналған сүт қажет болмай қалады. Ал павлодарлық кәсіпорындармен тұрақты жұмыс істеуге болады. Олар жыл он екі ай сүтке мұқтаж. Тұрақтылық болғаны үшін павлодарлықтармен жұмыс істейміз, – дейді Ерболат Имадилов.
Дәл осындай сүт қабылдау кешенін Е.Имадилов Жарма ауданында да ашыпты. Өткен жылы өз нүктелері арқылы 670 тонна сүт қабылданған. Алайда, мұншама көлемдегі шикізат өзге өңірге кетіп жатуы өңірлік бағдарламаның орындалуына нұқсан келтірері анық. Дүйсенғазы Мусин бұл мәселені сүт өңдеушілер мен өндірушілердің басын қоса отырып шешуге болатынын атады. Өзімізде сүт өңдеуге қажеттілік бола тұрып, шикізаттың өзге өңірге сатылуына жол бермеу керектігі де айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары «Новая Заря» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасын аралап, жұмысымен танысты. Қолдағы 200 сиырдың санын 400-ге жеткізу жоспарланған. Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысып отырған серіктестік мал басын арттыру жоспарын өткен жылы орындауы тиіс болатын. Бірақ кедергілерге байланысты ол меже әлі орындалмай отыр.
Бір сөзбен айтқанда, ауданның мал шаруашылығын өркендету бағытындағы көрсеткіштері өткен жылдың деңгейінде қалған. Өңірлік бағдарламалар аясында мұнда да халықтан сүт жинау көлемі мен ірі қара саны өсуі қажет болған. Аудан бойынша алты бірдей тауарлы-сүт фермасын іске қосу жоспары жартылай ғана іске асқан. Ал өндірушілер кооперативке бірігуге әлі де болса асығар емес.
-«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-тармағында сүт өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартып қана қоймай, жергілікті жерлерде кооперативтер құру керек екені айтылған. Алайда, ауданда ондай жұмысты көре алмадық. Олқылықтардың орнын толтыру үшін қосымша көздерді қарастыруға назар аударту үшін осындай ескерту жасап отырмыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Аудан әкімінің орынбасары Болат Арғымбаев олқылықтардың себебін түсіндірді.
-Біз халыққа түсіндіру жұмысын жүргіздік. Барлығы бірігуге әзір. Алайда, өндірісті ірілендірген жағдайда салық мөлшері ұлғайып кететіндіктен, тиімсіз болып отыр. Осы жағын заңнамалық тұрғыда реттеу керек. Бұған қоса ауылда мамандар тапшы. Жастардың келгісі жоқ, – деді Болат Арғымбаев.
Дүйсенғазы Мусин облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмаларды орындауға кедергі келтіретіндей үлкен мәселелер жоқ екенін айта келіп, жүктелген шаруаны орындау міндетті екенін ескертті. Ол үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау тетіктері ұсынылған. Жұмыс тәсілін өзгертіп, өзге жолдарын қарастыру арқылы да жоспардағы межені орындауға мүмкіндік бар. Өйткені, өңірлік бағдарламаларды іске асыруда Бородулиха ауданына үлкен үміт артылған.
Шығыс-Ақпарат