Экономика

Кооперация көп мәселені шешеді

Кооперация көп мәселені шешеді

Өткен жылы облыста 296 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, бұрнағы жылмен салыстырғанда 100,6 пайызға өскен. Аймақтың агрокешенін дамытуға барлық бағыттар бойынша 42 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Оның ішінде өңір шаруашылықтары субсидия ретінде 14 млрд. теңге қаржы алып, игіліктеріне жаратты. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин биылдан бастап аймақтың ауыл шаруашылығын өркендету бағытында айтулы өзгерістер болатынын айтады.
Облыстың ауыл шаруашылығын алға бастыруға «Алтай Агроинвест» халықаралық форумының тигізген ықпалы да айрықша. 100-ден астам шетел инвесторы қатысқан форумда 64 млрд. теңгеден астам соманың меморандумына қол қойылды. Қазіргі күні бұл құжатта көрсетілген жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмаларына сай аймақтың ауыл шаруашылығын өркендетудің басты бағыттары белгіленіп, бекітілді. Әзірленіп, жасалып жатқан бірнеше шеберлік жоспарлары бар. Етті мал шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы да жасалуда.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қабылданған басты бағыттар бойынша биыл Шығыстың ауыл шаруашылығында үлкен шаруалар басталмақ. Еліміздегі «Жер қатынастары туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге сәйкес, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін нарықтық айналымға енгізіп, тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Аудандар мен қалаларда жаңа жүйенің мән-жайын түсіндіру, жермен жұмыс істеуді жаңаша ұйымдастыру мәселелеріне байланысты көшпелі отырыстар, семинарлар өткізілуде.
Сонымен, енді жермен жұмыс істеуге ниет білдіргендердің бәріне жер сауда бойынша, аукцион арқылы сатылады. Кадастрлық деректерде бағасы, сипаты мен жалпы жағдайы белгіленіп, анықталған жер үлескілерін барлық тұлғалар тек қана аукционда сатып алады. Егер ауыл шаруашылығы құрылымдары осы уақытқа дейін жерді пайдалануға ұзақ жылдық мерзімге жалға алған болса, олар осы мерзіммен жұмыс істей береді. Аукционға ең алдымен қордағы жер үлескілері түседі. Қордағы жердің басым бөлігі жайылымдық алқаптар. Біздің облыста сегіз миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Бұрын шетел азаматтарына 10 жылға дейін жалға берілген жер енді 25 жылға беріледі. Шетелдіктерге жер сатылмайды. Жердің бағасы бонитетіне байланысты болмақ. Үржар, Зырян, Шемонайха аудандарындағы сияқты шұрайлы, құнарлы жерлердің құны әрине, жоғары. Заңдылықтарға енгізілген барлық өзгерістерді реттейтін нормативтік құжаттар әрі қарай әзірленіп жатыр. Шілде айынан бастап облыстың өңірлері жаңа жүйемен жұмыс істеуге көшпек.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин брифингте жерді тиімді пайдалану шаралары да аймақтың ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселесінің бірі болып отырғанын атап айтты. Қара жердің қадірін кетіріп, тоздырмас үшін биылдан бастап жер пайдаланушы шаруашылықтардың бәріне ішкі шаруашылық жүргізу жобаларын жасау қатаң міндеттелмек.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану да айрықша бақылауға алынады. Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы суармалы жерлерді игеруге үлкен қаржы бөлініп отыр. Әр аудан әкімдігі әр шаруашылық иесінің осы мемлекет қаржысын мақсатты жұмсауын бақылауда ұстауы тиіс. Мардымсыз өнім жинап, нәтиже көрсете алмағандардан жергілікті әкімдіктер суармалы алқаптарды қайтарып алып, тиімді пайдаланып, игере алатын шаруаға беруі қажет.
Жыл басынан бері қолданысқа енген ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң да жұмыс істеп, жағдайын жақсартам деген ауыл шаруашылығындағылардың өркендеуіне тың серпін әкелетіні айтылды. Кооперацияға енген шағын шаруашылықтар енді ірі шаруашылықтармен бірігіп, өнімін өткізуге, табысын молайтуға мүмкіндік алмақ.
Ауылдағы диқан мен малшының болашағына жаңадан енгізіліп жатқан субсидия беру жүйесінің тигізер игі ықпалы бұрынғыдан да арта түсетін болды. Субсидия бұдан былай баяғыдай гектарына емес, өнген өнімге, түпкі нәтижеге қарап беріледі. Биылдан бастап егін шаруашылығында гектарға субсидия берілмейді. 2017 жылдан бастап мал шаруашылығын субсидиялау шарттары жаңа жүйемен берілмек. Талап пен шарт басқадай болғанымен, ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін субсидия көлемі азаймайды, көбейеді.
Субсидия көбейгенімен, шалғайдағы шаруашылық пен қаланың маңындағы шаруашылықтың бір тонна астықты алуға, бір табын малды бағуға кететін шығыны екі бөлек. Сол себепті қияндағы шаруа қожалықтарының шығыны ақталмай, әлеуеті артпай келеді. Табысы төмен, қиындығы көп шаруаны атқарғысы келмеген жұмысшылар қала маңындағы шаруашылықтарға кетуде. Бұл мәселенің министрліктің алдына қойылғандығын айтқан Дүйсенғазы Мусин алдағы уақытта субсидиялау жүйесіне «аймақтық, әртараптандырылған субсидия» түрін енгізу мүмкіндігі қарастырылатын жеткізді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button