ТағзымТәуелсіздік - 30

Көңіл көкжиегіндегі еркіндік

Тәуелсіздікті бізден артық қадірлеп, бұл өмірді бізден артық сүйетін жандар бар. Олар – зағип жандар. Еркіндік олардың көңіл көкжиегіне ту тігіп, сеніміне тұғырын қадаған. Сондықтан болар, жыл сайын Тәуелсіздік күнін мерекелік көңіл-күйде қарсы алып келеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана екі бөлімнен тұратын мерекелік іс-шара өткізді. Түпкі мақсаттары – қалайда жолын тауып, көрермендердің көңіл көкжиегіне Тәуелсіздіктің шуағын шашу. Әуелі жиналған жұрт «Қазақ елінің тарихы» атты бейнебаянға құлақ түріп, көз тастады. Бейнебаян желісі сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінен басталып, 1921-1933 жылдары болған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен ұштасады. Бейнефильм арқылы тарихты ой таразысынан өткізген кітапхана оқырмандары Тәуелсіздік жолындағы құрбандарды үнсіздікпен еске алды.

– Қатысушылардың назарларына түрлі тарихи кезеңдерді қамтитын, кітапханада бедерлі-нүктелі қаріпте басып шығарылған «Тарих тудырған Тәуелсіздік» атты кітап көрмесін ұсындық. Биылғы «Балалар жылына» орай балаларға арналған «Сен білесің бе?» жинағынан құралған «Қазақ хандары», «Қазақстан – біздің Отанымыз», «Тарих тудырған тұлғалар» сынды кітаптарды балалар қызыға тамашалады. Сонымен қатар көрмеден орын алған І.Есенберлиннің «Көшпенділер», М.Әуезовтің «Абай жолы», Б.Әлімжановтың «Сказ столетнего степняка», С.Мұқановтың «Балуан шолақ», Қ.Қайсеновтің «Избранное», Ж.Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» қатарлы  кітаптары көзқарақты оқырман қайталай бір парақтап, тарихтың сүрлеуін еске алды, – дейді кітапханашы Қамар Сыдықанқызы.

Осыдан кейін іс-шара мерекелік концертке ұласып, оқырманды әнге бөлеп, күймен тербетті. Арнайы шақырумен келген облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының «Ақниет», «Майнглекхен», «Рябинушка» вокалдық топтарының өнерпаздары әртүрлі санаттағы көрермен қауымның көңіл көкжиегіне еркіндіктің сәулесін шашып, нұрға бөледі. Осылайша кітапхананың тұрақты оқырмандары мен шара қонақтары Тәуелсіздікті сезініп, шаттанып қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button