Экономика

Конденсаторшыларымыз «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға әзірленіп жатыр

Еліміздегі электротехника өнеркәсібінің алғашқы қарлығашы саналатын Өскемен конденсатор зауыты өнімдерінің басым бөлігі Ресейге, он пайыздан астамы Беларусь еліне экспортталып келеді.

Конденсаторшыларымыз «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға әзірленіп жатырЗауыт конденсаторлары Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғыз елі-нің нарығына да шығарылып жатыр.

Электр энергиясын үнемдеуге қажетті заманауи қондырғыларды өндіруді игеріп, соңғы он жылдан бері өндірісін қайта жарақтандырып, жаңа құрал-жабдықтармен жаңаланып жат-қан конденсатор зауытының мамандары былтырдан бері тағы да бірнеше жаңа өнім түрін шығаруға кірісіпті.

– Статикалық конденсаторлар батареялары, реактивті қуатты өтеп, реттеуші, жоғары қысымды конденсаторлар мен олардың жабдықтары сияқты жаңа өнімдеріміздің бәрі де барлық қауіпсіздік техникалары шараларына жауап бере алатындай жоғары технологиялы өнімдер. Біздің мамандар табиғаты қатал аймақтарға қойылатын подстанцияларға орнатуға арналған жаңа конденсатор түрін де өндіріп жатыр, – дейді бізге жаңа өнім түрлерін көрсетіп, қайсысының қандай мақсаттарда қолданылатынын әңгімелеп берген кәсіпорынның маркетинг бөлімінің басшысы Анна Димитриченко.

Электр энергиясын үнемдеуде олардың бәрінің де алатын орны айырықша. Әсіресе, қуатты көп жұмсайтын өндіріс орындары тек осы конденсаторлардың арқасында ғана өнімнің өзіндік құнын түсіріп, табысын еселей алады. Энергия тапшылығы туып отырған бүгінгі күні үнемдеуші технологияға деген қажеттілік тіптен артып отыр.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Энергия үнемдеу-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электр энергиясын үнемдеудің тиімділігін арттыру мақсатында еліміздің жалпы ішкі өніміндегі энергия ресурстары сыйымдылығы көлемін жыл са-йын 10 пайызға түсіру, 2020 жылға қарай оны 25 пайызға төмендету міндеті тұр. Сол үнемдеудің тетігі алдымен конденсаторларға келіп тіреледі. Өндіріс цехтарын бастан-аяқ жаңалап жатқан Өскемен конденсатор зауытының еліміздің де, көршілес елдердің де сұранысын толық жа-уып, сапалы конденсаторлармен қамтуға қуаты әбден жетеді. Зауыт бөлім-дерінде жұмыс істеп тұрған АҚШ пен Жапонияның белгілі компаниялары шығарған автоматты құрал-жабдықтар сапалы өнім шығарумен қатар еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткіздіріп отыр. Конденсатордың ішкі бөлігін жинайтын цехтағы бұрын төрт адамның жұмысын қажет етіп келген құрал-жабдық қазір оның бәрін автоматты түрде бір өзі атқарады.

Зауыт өнімдерін өткізумен айналысушы маркетинг бөлімінің басшысы үнемі шетелдерге шығып, тапсырыс алудың қамымен, жаңа өнім түрлерін ойластырумен жүрген кәсіпорын менеджерлері ізденістерінің нәтижелі болуына «КАZNEX INBEST» экспорт пен инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің қаржылай қолдауы да көп септігін тигізгендігін айтты.

ауыт өнімдерін сертификаттауға, түрлі елдерде өткізілетін көрмелерге қатысуға кеткен шығындардың 50 пайызы осы ұлттық агенттік арқылы қайтарылып берілуде.

Еуразиялық экономикалық одаққа ену Ресей, Беларусь елдеріне өз тауарларын шығарып келе жатқан біздің зауыт үшін өзінің игі ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Ал біз өз өнімдеріміздің қай елдің нарығында болмасын еркін бәсекелестікке түсе алуына барлық күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Кедендік одақ құрылғаннан бері өнімдерді шекарадан өткізу кезіндегі кедендік құжаттар ресімдеу, қағаз толтыру, оны күту, уақытты, қаржыны кетіру сияқты барлық шығындар мен кедергілерден құтылдық. Экономикалық одақ еліміздің, оның ішінде біздің кәсіпорын өнімдерінің Ресей мен Беларусь еліне еркін шығарылуына жағдай туғызады, осы одақ арқылы өзге елдерге шығаруға да мүмкіндік көбейеді, – дейді Анна Дмитриченко.

Өскемен конденсатор зауытының инженер – конструктор мамандары қазір «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Зауыт инженерлері кәсіпорынның сынақтан өткізу зертханасында энергияны үнемдеуге бірден-бір мүмкіндік беріп, қаржы шығынын азайтатын жаңа конденсаторлардың озық үлгілері мен жобаларын жасап, әзірлеуде.

Бүгінде Өскемен конденсатор зауытында 408 адам еңбек етуде. Орау бөлімінің жұмысшылары Ольга Гребенникова, Айжан Ауғажинова, Виктор Степанов бөлімге қойылған жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл әрі жылдам екендігін айтып, осы кәсіпорында еңбек етіп жатқан өздерінің жоғары сапалы өнімдері қай елде де өз тұтынушысын тауып, ақаусыз қызмет атқаратынына сенімді екендіктерін жеткізді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button