«Қонақжай отбасы»: тіл үйретудің тиімді тәсілі
Баланы тілді меңгеруге қызықтыру үшін не істеуге болады? Арнайы курстарға бергеннің, әртүрлі онлайн қосымшалармен оқытқанның, тіпті мұғалімі керемет болғанның өзінде тиімді нәтиже бермейді. Ал балаларды табиғаты тамаша өңірдегі тілдік ортаға өзі сияқты құрбыларымен бірге жіберу, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі және мәдениетімен таныстыру – олардың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятып, тағы бір тілді үйренуіне түрткі болары сөзсіз. Облыста алғаш рет қолға алынған «Қонақжай отбасы» жобасының мақсаты да осы болатын.
Бағдарламаға қатысқан 12-14 жастағы 67 баланы Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдарының отбасылары жиырма күнге қабылдап алды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
– Жоба барысында балалар тілді меңгерумен қатар өлкенің тарихын біліп, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып қана қоймай, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнап үйренуге талпынды, өңірдің қызықты әрі көрікті жерлеріне саяхаттап, туристік жорықтарға қатысты. Жоба өзінің тиімділігін көрсетеді және мұндай іс-шаралар болашақта тілдік оқытудың ажырамас бөлігі болады деп үміттенеміз, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Балалардың тұруы үшін Катон, Өрел, Берел ауылдары бекер таңдалып алынған жоқ. Ұйымдастырушылар ауданның тек тамылжыған сұлулығына ғана емес, сонымен қатар өлкенің «танымдық құндылығына» да назар аударды. Шынында да, көркіне көз тоятын Катонқарағай ауданының аумағында Мұзтау, Ұлттық мемлекеттік саябақ, тарих үшін ең құнды археологиялық қазбалар бар.
Содан кейін балаларды қабылдап алатын отбасыларын іріктеу де маңызды болғаны анық. Таңдау, әрине, мұғалімдерге түсті. Олардың балалармен жұмыс істеудегі тәжірибесі, жасөспірімдердің жас және психологиялық ерекшеліктерімен таныстығы ескерілді. Сондай-ақ отбасылардың толық әрі олардың өз балалары болуы міндетті шарт болды.
– Әрине, біз оқушыларды жақсы, қауіпсіз жағдайларға жіберетінімізге сенімді болуымыз керек еді. Катонқарағай ауданының тұрғындары мектеп оқушыларын қабылдауға қуана-қуана келісті. Жобаға қатысушы балалардың ата-аналары да оған келісімін бергенде өзіміз де қуандық. Біздің идеямызды барлығы қолдағаны жақсы болды, – дейді басқарма басшысы.
Айтпақшы, жобаға қатысатын балалар да іріктелді. Әрине, қазақ тілінде сөйлемейтін отбасылардан шыққан балаларға басымдық берілді. Негізінен Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының, Шемонаиха және Глубокое аудандарының мектептерінен 12-14 жастағы жасөспірімдер таңдалды.
Сананы өзгерткен жиырма күн
Балалар жиырма күн ішінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық аспаптары, тағамдары туралы тың ақпарат алып, білім көкжиектерін кеңейтті. Оны тәжірибе арқылы пысықтап, отбасыларында бауырсақ пісіріп, талқан түйіп, құрт жасап, жұмыс барысында тек қазақша тілдесуге тырысып, уақыттарын пайдалы өткізді. Балалардың шығармашылық тұрғыдан ашылуына да мән берілді. Мектепте ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп, «Қамажай», «Қара жорға» билерін билеп, киізден түрлі бұйым жасап, әр оқушы шығармашылық қабілетін сынап көрген. Дәрілік шөптерді өсірумен айналысатын кәсіпорынның қызметкері оқушыларға емдік шөптерді жинау жолдарын көрсетіп, шеберлік сабағын өткізген. Балалар Берел қорымын аралап, қазба жұмыстары жүргізілген орындарды қызықтап, тарихымен танысты. Сонымен қатар ұлттық дәстүрдің мәйегін бойға сіңіріп, ауыл тіршілігіне терең үңілу мүмкіндігі берілді.
Мерғазиндер отбасында Алтай қаласынан келген Владислава және Ксения есімді екі қыз тұрған. Анар Мерғазина қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
– Қыздарымыз жобаның алғашқы қарлығаштары болғандықтан, басында екі тараптан да «қалай болар екен деген» күдік болғаны рас. Танымайтын отбасы, қазақ тілді орта, бұрын ауыл өмірін көрмеген, тамағын жемеген балалар. Алғашқы аптаны бейімделу уақыты десек болады. Тілді оқыту бағдарламасы он жеті модуль бойынша, түске дейін ойын ретінде жүрді. Көбінде табиғат аясына шығып, көрікті жерлерімізбен танысып, тілді тұрмысымызбен байланыстырып, үйретуге тырыстық. Сабақтар әртүрлі ортада, табиғат аясында, Берел қорғандарында, Оралхан Бөкейдің мұражайында, форель шаруашылығында, Самал, Аққайың демалыс орындарында, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық саябағында, мектептің кулинария кабинетінде ұйымдастырылып, отбасылық кештерде үнемі қайталап, пысықтап отырдық. Қыздарымыз бізге тез үйренді. Тілді меңгерудегі мақсаттарға жетуге, әрине, 20 күн аздық етті. Дегенмен сабақтан кейін жаңа сөздермен диалог құру, қайталау өз нәтижесін берген сияқты. Қайтарда сөздік қорлары көп-көрім толықты. Қыздарымыз қайтқылары келмей, қимастықпен қоштасты. Осындай жоба тағы қайталанып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, – деген пікірімен бөлісті Анар Ерланқызы.
Біз Владислава және Ксениямен хабарласып, көңіл-күйлерімен бөлісуді сұраған едік. Дәл қазір екеуі де басқа лагерьде демалып жүр екен.
– Бұл жерді Катондағы тілдік лагерьмен мүлде салыстыруға келмейді, айырмашылығы жер мен көктей! Жиырма күннің ішінде біз қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысы, мәдениеті, туған жеріміздің көрікті жерлері туралы көптеген қызықты мәліметтерге қанықтық. Берел қорғандарын көрдік, марал шаруашылығында, форель шаруашылығында болдық. Біз атқа алғаш рет мінген едік. Бәрінен де атпен серуендеу ұнады! Ауылдың тұрмысы керемет. Жануарлардан қорқу болған жоқ, өйткені қабылдаған отбасының қамқорлығын үнемі сезініп жүрдік. Қазақ тілін де шамамыз келгенше меңгердік. Бізді қабылдаған отбасына алғысымыз шексіз! – дейді қыздар.
Ксенияның әжесі де өз пікірін айтқан еді.
– Мен немеремді төрт жасынан өзім өсіріп келемін, сол себепті басында уайымдадым. Ксения үйден алғаш рет жырақ шыққан еді. Керемет көңіл-күймен оралды. Катонның табиғатын, барған жерлерін маған суреттеп берді, көп нәрсе біліп, үйреніп келді. Қарсы алған отбасына алғысым шексіз, туған қыздарындай қамқорлықпен қарағандарын айтты. Қазақ тілінде жаңа сөздер үйреніпті. Кешке маған «қайырлы түн» тілеп, таңертең «қайырлы таң» деп оянады. Келешекте осындай жобалар көп болсын. Мен өзім де педагогпын. Күнделікті не істеп, не бітіргендерін, есептерін Инстаграм желісінен қадағалап отырдым. Отбасылары мен мұғалімдердің қаншама еңбек сіңіргенінің, қаншама жан жылуын сыйлағандарының куәсі болдық. Балалар қайтқылары келмей, жылағандарын да көрдік. Біздің есігіміз де олар үшін әрқашан ашық, – деді Ксенияның әжесі Тамара Васильевна.
Домбыра шертіп үйренді
Риддерлік Андрей мен шемонайхалық Владимир есімді ұлдарды Айтқазиновтардың отбасы қабылдапты. Аяулым Жанатқызын екеуі де бірден «мама» деп, балаларымен тез үйренісіп, тіл табысып кеткен. Аяулым Жанұзақова – Ластаев орта мектебінің математика пәні мұғалімі, өздерінің екі ұлы, бір қызы бар. Әлижан есімді ұлы мен қонақ балалардың жасы бірдей болғандықтан, ұлдар көбінде бірге жүрген.
– Қызымды бірден «қарындасымыз» деп атап кетті. Менің балаларым ашық, тез тіл табысады. Содан болар тез үйренісіп, бауыр басып кеттік. Екі бала да қымыз ішкенді ұнатып қалғандықтан, кешкі уақытта қымыз ауылына арнайы барып, кеткенше қымыз ішіп жүрдік. Андрей қазы-қартаның дәмін алғаш рет татыпты. Сабақта өткендерін пысықтаудан басқа, үйде үнемі қазақша сөйлесуге тырыстық, күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерді қызықтап, қайталап жүріп, үйреніп алды. Марал шаруашылығы олар үшін таң қаларлықтай болды. Таңертең «қайырлы таң», жатарда «қайырлы түн» деп айтуды әдетке айналдырды. Жаттанды сөздік қорынан гөрі тілді практика арқылы үйрету жоғары нәтиже беретініне көз жеткіздік, – дейді Аяулым Жанұзақова. Володя да, Андрей де кетерде жылап, қыркүйекке дейін қалсақ бола ма деп сұранған көрінеді.
Біз тілдескен жоба қатысушыларының әрқайсысы өзіне рухани азық алып келгені қуантты.
– Әр күніміз біріне-бірі ұқсамайтын, оқу, экскурсиялар, мұражайларға бару, фильмдер көру, түрлі квестер, дискотекалар сияқты қызықты оқиғаларға толы болды. Біз құрт, бауырсақ, талқан сияқты ұлттық тағамдарды дайындауды үйрендік. Біздің отбасымызда үй шаруашылығы болды, мен тіпті сиыр саууға тырыстым, бірақ, онша сәтті болмады (күледі). Тек 20 күн болғанымыз өкінішті, мен жаз бойы қуана қалар едім, – деді жобаға қатысушылардың бірі, өскемендік Маргарита Проходова.
Тағы бір өскемендік оқушы Нелли Молистоваға ата-анасы домбыра сатып әперуге уәде беріпті.
– Мен бұрын ешқашан қолыма музыкалық аспапты ұстамасам да, домбырада ойнауды үйрендім. Қазір екі ән ойнай аламын. Менің талабымды көрген ата-анам маған домбыра сатып алуға уәде берді, әрі қарай ойнап, үйренгім келеді, – деді жоба қатысушысы Нелли Молистова.
Катонқарағайлықтар балаларды мерекелік дастархан жайып, оркестрлер, шарлар және төселген қызыл кілемдермен қарсы алған еді. Жобаға қатысушылар шынайы мерекені жолда-ақ сезініп, жеткенше танысып, барлығы дос болып кеткен. Жеткіншектер қайтарда да әр отбасы шығарып салу рәсімін жасады. Владислава мен Ксенияның отбасы «Ханшайым түні» кешін ұйымдастырыпты. «Қыздарымыз қайтқылары келмей, қимастықпен қоштасты» дейді Анар Ерланқызы.
Раушангүл Мұқышева, Венгрияның Сегед университетінде 23 жыл қазақ тілінен дәріс берген С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушысы, филиология ғылымдарының кандидаты:
– «Қонақжай отбасы» – әлемдік тәжірибеде бұрыннан қолданылатын әдіс. Еуропа елдерінде де, Америкада да кеңінен тараған. «Қонақжай отбасы» жобасының өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне көмегі зор, өйткені тілді аудиторияда емес, отбасында қазақтың озық салт-дәстүрімен таныса отырып, халқымыздың күнделікті өмірімен байланыстырып үйренеді. Тұрмыстық деңгейден бастап, терең этнографиялық түсінік қалыптасады, мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерді зерделеп, тілді құр жаттамай, ішкі түйсікпен қабылдайды, сол себепті нәтижесі де жоғары болады.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ