Білім

Компьютерлік бағдарламалауды меңгерді

Компьютерлік бағдарламалауды меңгерді
Өскемен политехникалық колледжінің ІТ-орталығындакомпьютерлік бағдарламалаудың үш айлық курсын тәмамдаған он адамға сертификат тапсырылды. Бұл жоба облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірлескен жобасы.
Тыңдаушылардың арасында жұмыс іздегендер де, білімін жетілдірейін деген де қыз-келіншектер болды.Компьютерлік бағдарламалардың негіздерін үйреніп шыққан оларға енді жұмысқа орналасу да жеңілірек болады.
– Тыңдаушыларға үш айда берген біліміміз қажеттеріне жарап жатса, біз үшін үлкен мақтаныш осы. Бір жарым ай практика кезінде теориялық білімдерін тәжірибеде қолданып көрді, бастамалары жаман емес. Бүгінгі күні ең сұранысқа ие мамандықты меңгеріп шығуға тұрғындарды жаппай тартып жатқан нұротандықтарға да алғыс айтқым келеді, – деді тыңдаушыларды құттықтаған колледждің ресурстық орталығының жетекшісі Сәбит Дюсупов.
Бағдарламалаудың негіздерін үйреткен оқытушы Юлия Новок курсанттарының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, шыдамдылықтары, үйренуге деген құштарлықтары үшін алғысын жеткізді.
– Есеп тапсырған кездебізге әсіресе Аленаның көмегі көп болды. Люба практикасын қосымша бір аптаға созып, біздің қолымызды біраз босатты. Гүлнар, Диана, Салтанат, Елена, Наталья, сендердің кез келгенің мықты маман бола аласыздар. Білімдеріңізді жетілдіре беріңіздер, – деген тілегін айтты Юлия Новок.
Сертификат иелерін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Алтынай Жарқынбаева да құттықтап, табыс тіледі.«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өңірге келген іссапарында осы ресурстық орталықта болып, жұмыстарына жоғары баға бергендігін атап өтті.
Тыңдаушылар алдағы уақытта оқыту бағдарламасына 1С бағдарламасын қосу жөнінде ұсыныстарын айтты. Өйткені,жұмыс берушілердің көпшілігі осы бағдарламаны білуді талап етеді екен.
-Шынында да, 1С бағдарламасы өмірдің бар саласында кеңінен қолданылады. Бізде ресейлік «Центрсофт» компаниясымен меморандум бекітілген. Олар таяуда біздің төрт оқытушымызды 1С бағдарламасы бойынша оқытуды жоспарлап отыр. Оқытушылар дайындап алған соң, тыңдаушыларды қабылдайтын боламыз. Бұл 2019 жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Болашақта біз құрал-жабдықтар алып, 1С бағдарламасын екі тілде оқытатын бөлек сыныптар ашуды да ойластырып жүрміз, – деді колледждің директоры Исатай Исин.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button