Қоғам

Коммуналдық қызметтер қымбаттай ма?

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тұрғындар үшін коммуналдық қызметтерге тарифтің өзгеруіне байланысты брифинг өткізді.

         Жаңа жыл қарсаңында Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр Мемлекет басшысының тариф құрудың ашықтығын қамтамасыз етуге және табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтеріне баға мен тарифті арттыруға қарсы күресті күшейтуге бағытталған тапсырмаларын орындау бойынша Жол картасын бекіткен болатын. Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Қайрат Оразбаевтың айтуынша, 46 табиғи монополия субъектісі мен қоғамдық маңызы бар нысандар өз еркімен 80 тарифті төмендетті. Тарифтер төмендеуінің экономикалық тиімділігі 2,5 млрд теңгені құрады. 2019 жылы төмендетілген тариф бойынша 86 табиғи монополия субъектісі 117 тариф бойынша жұмыс істеді, оның ішінде 58 тариф – сумен жабдықтау қызметіне, 22 тариф – су бұру қызметіне, 29 тариф – жылумен қамту қызметіне, 8 тариф – электр энергиясын беру мен жабдықтауға.

Биылғы бірінші қаңтардан бастап коммуналдық қызметтер тарифі тұрғындар үшін былтырғы деңгейде сақталып қалды. Яғни, коммуналдық қызметтердің тарифі қымбаттаған жоқ. Атап айтсақ, Өскемен қаласы бойынша «Өскемен-Водоканал» мекемесінің сумен қамтудың орташа тарифі биылғы 31 мамырға дейін бұрын қолданыста болған деңгейде қалды, оның ішінде тұрғындар үшін – 59,34 теңге. Ал Семей қаласында биыл 31 сәуірге дейін – 47,63 теңге. Суды есепке алудың жеке құралы жоқ бір адамнан алынатын ақы – 1217,09 теңге. Өскемен қаласы бойынша суды бұру тұрғындар үшін – 58,85 теңге. Семей қаласы бойынша – 42,12 теңге.

«Өскемен-Водоканал» кәсіпорнының қаржы директоры Индира Нұрсәбитова айтып өткендей, кәсіпорын күрделі қаржылық жағдайына қарамастан, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында өз қаражаты есебінен 768 млн теңгеге сумен қамту желілерін қайта құру және салу жұмыстарын орындады. Ново-Троицк ауылындағы жұмыстар аяқталып, 11 шақырым сумен қамту желілері мен жаңа сужинағыш имараттары пайдалануға берілді. Шмелев лог кентіндегі сумен қамту желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасып, жеті шақырым желі ауыстырылды. Әуежай және Құрылыс материалдары комбинаты ауданында сумен қамту желілерін салғаннан кейін абаттандыруды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын нысандары мен желілерінде 154 бекіту арматурасы ауыстырылды. Ағымдағы жылы сумен қамту және су бұру нысандарында 1 375 млн теңгенің жұмыстарын орындау жоспарланып отыр.

Өскемен қаласы бойынша жылумен қамтамасыз етуде «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның орташа тарифі былтырғы деңгейде қалды. Ол тұрғындар үшін – 3018,12 теңге/Гкал. Семей қаласы бойынша «Теплокоммунэнерго» коммуналдық мекемесінде биылғы 31 тамызға дейін тариф өзгермейді. Ол тұрғындар үшін – 3585,09 теңге/Гкал.

«Шығысэнерготрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – электрмен жабдықтау нарығында қоғамдық маңызы бар субъектілердің бірі. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап «Шығысэнерготрейд» өз еркімен электрмен жабдықтау қызметінің тарифін төмендетті. Тұрғындар үшін тариф 10,395 теңгеден 9,719 теңгеге төмендеді. Тек 2019 жылдың бірінші қазанынан бастап ескі тарифке кері оралып, тұрғындар үшін тариф 10,395 теңге болды.

– Бұл Энергетика министрлігінің бұйрығымен электр өндіруші станциялардың тарифті көтеруімен байланысты болды. Сондықтан бұл жерде «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің іс-әрекеті заңды, – деді департамент басшысы.

«ВК РЭК» басқарма төрағасының орынбасары Ирина Глибинаның айтуынша, электр энергиясының бағасы заңды тұлғалар үшін өңірлер арасында біздің облыста ең арзан, ал жеке тұлғалар үшін үшінші орында тұр.

– Департамент тарифтерді төмендету бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде қазір облыстағы барлық коммуналдық қызметтің тарифі тұрақты. Биыл тұрғындар үшін бұл тарифтер көтерілмейді, – дейді Қайрат Оразбаев.

Тарифтік сметаның орындалуы бойынша талдау нәтижесіне сәйкес, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің қатысуымен 2019 жылдың бірінші тамызынан бастап 2020 жылдың 31 шілдесіне дейін 31 субъекті үшін тариф төмендетіліп, реттелетін қызметтер үшін 48 уақытша өтемдік, яғни төмендетілген тарифтер енгізілген. Соның нәтижесінде экономикалық тиімділік 255 млн теңгені құрады. Аталған қаражат облыс тұтынушыларына кері қайтарылды. Мәселен, 2018-2019 жылдардағы жылыту қорытындысы бойынша тоғыз жылумен қамту ұйымы тұрғындарға 65,8 миллион теңгені қайтарды. Оны тұрғындар түбіртектегі артық төлем бағанынан көре алады.

Департамент басшысы айтып өткендей, қолданысқа енгізілген «Табиғи монополиялар туралы» жаңа Заң бұрын қолданыста болған заңнан айтарлықтай ерекшеленеді. Ұлттық экономика министрімен бекітілген жаңа «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына» сәйкес, тарифтерді реттеудің негізгі төрт әдісі қолданылады. Олар – шығындық әдіс, ынталандыру әдісі, индекстеу әдісі және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарты негізінде тарифті айқындау.

Брифинг барысында тарифті реттеу аясындағы қызметтердің автоматтандырылуы сияқты оң өзгерістер жайлы да айтылды. Осы орайда комитетте «Монополист» базасы құрылып, қолданысқа енгізілген. Бұл субъектілердің тариф пен есептеріне қатысты өтінімдерін электронды үлгіде жіберуге мүмкіндік береді.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button