Көмектің қандай түрлері көрсетіледі?
Айжан Бекболат, Өскемен қаласы
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың бірден алты жас аралығындағы балаларына не тиесілі екенін анықтап берсеңіздер? Сонымен қатар осындай әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларына да қандай көмек түрлері көрсетіледі?
Сіздің сауалыңызға Өскемен қалалық жұмыспен қамту жауап берді.
Мұндай балаларға ай сайын азық-түлік және гигиеналық заттар жиынтығы беріледі. Атап айтсам, бірден үш жас аралығындағы балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жиынтығына кемінде 1200 грамдық жеміс және көкөніс гипоаллергенді езбесі, кемінде 320 грамдық балаларға арналған гипоаллергенді сәбилер ботқасы, кемінде 400 грамдық қаптамадағы жүгері жармасы, кемінде 800 грамдық қаптамадағы сұлы қауызы, кемінде 180 грамдық балаларға арналған печенье мен кемінде екі литр болатын пастерленген немесе ультрапастерленген сүт кіреді.
Ал үштен алтыға дейінгі бүлдіршіндерге берілетін ай сайынғы азық-түлік жиынтығына мыналар кіреді:
пастерленген сүт – кемінде екі литр;
қатты бидайдан дайындалған макарон, сұлы қауызы, арпа жармасы, шағылған асбұршақ – барлығы кемінде 800 грамм;
ұнтақ жармасы – кемінде 700 грамм;
қарақұмық немесе күріш жармасы – кемінде 1,6 кг;
күнбағыс майы – кемінде 0,8 литр;
гематоген – кемінде 240 грамм;
құрамында бүтін астық дақылдар бар таңғы асқа арналған сүтке қосатын тағам – кемінде 250 грамм;
балаларға арналған печенье – кемінде 400 грамм;
таза бал – кемінде 200 грамм.
Бұдан бөлек, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия құралдарының ай сайынғы жиынтығына тіс пастасы, тіс щеткасы, гипоаллергенді сабын, сусабын, жақпамай, кір сабын және кір жуғыш ұнтақ кіреді.
Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары берілмейді. Бірақ білім бөлімдері оларды мектепке қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл балалар мектепте күнделікті тегін тамақтануға құқылы болса, екіншіден, олардың қоғамдық көлікте жүру құнының 50 пайызы өтеледі. Сонымен қатар жылына бір рет балаларға мектеп формасы мен мектепке қажетті құралдар беріледі. Атап айтсақ, ұл балалар пиджак, желетке, шалбар, жейде немесе водолазка және аяқ киіммен қамтамасыз етілсе, қыздарға пиджак, желетке, белдемше немесе сарафан, жейде немесе водолазка және аяқ киім табысталады. Бұл жиынтыққа сондай-ақ спорттық костюм мен спорттық аяқ киім де кіреді. Ал кеңсе заттарының жиынтығына арқаға асатын сөмке, дәптер, қаламсауыт, қарындаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, жоғары сыныпта оқитындарға – циркуль, ал төменгі сыныптағыларға сурет салуға арналған альбом мен бояу кіреді.