Комбинаттың өнімдерін Орта Азия елдері де тұтынады

«Шемонайха ұн тарту – құрама жем комбинаты» ЖШС осыдан қырық жылдай уақыт бұрын посткеңестік аумақтағы барлық шошқа және ірі қара мал шаруашылықтары кешендерін қажетті жемшөппен қамтамасыз ету үшін жасақталған болатын. Сол бағытта өз міндетін мүлтіксіз атқарып келді де. Алайда, шаруашылықтар тараған 1996 жылы аталмыш шаруаның барлығы да құлдырап, тек комбинаттың шағын ғана бөлігі жұмысын сақтап қалған болатын.
2010 жылдан бастап комбинат басшылығы өзгеріп, кәсіпорынның жұмысына қайтадан қан жүгіре бастағандай болды. Оның алдағы жоспарында май сығу, жарма және жемшөп зауыттары мен диірмен кешенін іске қосу міндеті тұрды. Ал қазіргі уақытта тек бірінші, екінші сұрыпты ұн, кебек және құстар мен жануарларға арналған құрама жем өндіру бойынша зауыт іске қосылып, жұмыс істеп тұр. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен несие алынып, ол қаржыға зауытқа қажетті құрал-жабдықтар, қондырғылар сатылып алынған. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ да өндірістің аяғынан тұрып кетуіне өз септігін тигізген. Мәселен, былтыр облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы несиеге алынған қондырғыларға кеткен шығынның 20 пайызы комбинатқа қайтарылған.
– Біз мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының тікелей шапағатымен құрама жем дайындау өндірісін ашып отырмыз, – дейді комбинатты 2011 жылдан бері басқарып келе жатқан директоры Айваз Османов.
Бүгінгі уақытта зауытта 14 адам еңбек етсе, олардың бәрі де өз ісінің білгірлері. Өндіріске қажетті бидай, сұлы, қарақұмық, күнбағыс, жүгері, арпа секілді шикізаттарды аудан шаруаларынан қабылдайды. Мұнда өндірілген 1-ші және 2-ші сұрыпты ұн тек Қазақстан мен Ресейдің қалалары мен елді мекендеріне ғана емес, сонымен бірге, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран секілді Орта Азия елдеріне де жөнелтіледі. Ұннан бөлек, құстар мен жануарларға арналған құрама жемнің 32 түрін шығарып, бұларды да жоғарыда аталған елдердің тұтынушыларына және Түркияға да жөнелтеді. Әрі мұндағы дайын да сапалы өнімдер тапсырыс берушілердің жіберген параметрлеріне сәйкес дайындалатындықтан, тұрақты тапсырыс қалыптасқан.
Қазір зауыттағы диірмен қондырғысы тәулігіне 60 тонна бидайды қайта өңдей алады. Ал толық қуатына шыққанда бұл жерде сағатына – 25, тәулігіне – 600 тонна құрама жем өндірілмекші. Директордың айтуынша, кәсіпорын қазір 30-45 пайыздық қуатта ғана жұмыс істеп тұр. Алда жүз пайызға шығудың межесі тұр. Оған жету үшін келешекте өндіріске түрік технологиясын және сапалы әрі аз шығынды құрама жем өндірісі бойынша заманауи технологияларды енгізу көзделуде.
Мұнда сатылып алынатын шикізаттың және шығарылатын өнімнің сапасына ерекше мән беріледі. Сол үшін де зауыттың дербес зертханасы жұмыс істейді. Одан бөлек астық кептіргішпен, астық тазалауышпен, құрама жем дайындауға қажетті тауарлы-материалдық құндылықтарды сақтауға арналған элеватормен жабдықталған. Элеватор 18 мың тонна шикізатты және төрт мың тоннаға дейін дайын өнімді сыйғыза алады. Дайын өнім қоймасына 5500 тонна қаптағы құрама жем, 300 тонна ұн сыйса, бидай қоймасына 5000 тонна бидайды сыйғызуға болады.
Кәсіпорын жетекшісінің сөзінше, шикізатты вагонмен әкеліп дайындау үшін және дайын өнімді жөнелтуге дербес теміржол желісі тұйығы қалпына келтірілген. Өндіріске қажетті барлық қосалқы ғимараттармен жабдықталған. Бұдан бөлек вагондарға арналған бір 150 тонналық темір жол, автокөліктерге арналған бір 60 тонналық үлкен таразылар бар. Яғни, өндіріске қажетті дүиенің барлығы да мұқият ұйымдастырылған.
Ұлты түрік азаматы болса да, қазақ тілінде еркін көсілетін Айваз Якупұлы зауытта еңбек етіп жатқан адамдардың бәрі де өз істерін мұқият білетіндігін, алға қойылған міндеттерге біркісідей жұмылатындығын, ең бастысы, бәрі бір отбасының мүшелеріндей тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын айтады.
Мысалы, оның сөзінің жарқын үлгісі ретінде осында тер төгетін Николай Волженинді атауға болады. Ол – осы комбинаттың іргетасын қалауға қатысқан жандардың бірі. Мамандығы физик-мұғалім болса да, еңбектегі бақытын осыннан тапқан адам. Автоматты жүйенің реттеушісі болып комбинатта ұзақ жыл жұмыс істеген. Тіпті, 1996 жылда да тастап кетпей, зауытты қамтамасыз етіп тұрған екі күштік транформатордың жұмысын қарап әрі күзетшілік жұмысты да қоса атқарған. Қазір Николай Макарович – сүрлем дайындау корпусының шебері. Жетпістен асса да, өзін әлі сергек сезінеді. Диспетчерлік пульттің көмегімен бүкіл сүрлем корпусының жұмысын басқарып, реттеп, қадағалауды жауапкершілігіне алған. Оның қажырлы еңбегін осындағы жастардың бәрі өнеге тұтады.
Комбинаттың корпустарын толық аралап шыққанда, оның өндіретін өнімдеріне сұраныстың көптігіне көз жеткіздік. Олай болса, зауыттың қарқынды дамуы да, жарқын келешегі де осыған тікелей байланысты болмақ. Себебі, өңірде де, елімізде де құрама жем индустриясы енді-енді ғана дамуда. Ал ірі қара, шошқа, құс шаруашылықтары кеңінен дамытып, құрама жемге деген сұраныс жыл сайын артып келеді.
Суретте: операторлар – Сергей Андронов пен Юрий Кашин және комбинат директоры Айваз Османов (ортада).