Колонияда жазасын өтеуші бөдене өсіріп отыр
Семей қаласында орналасқан ОВ-156/14 мекемесінде өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бөдене өсірумен айналысатын екінші кәсіпорын ашылды.
Мұнда төрт сотталған жұмыспен қамтылған. Атап айтсақ, кәсіпорындағы инкубаторлық аппаратта бөдене балапанын шығару технологиясы, бөдене өсіру, жұмыртқа алу жұмысы бүгінгі күнде өз жемісін бере бастады. Қазір күнделікті 100-120 дана бөдене жұмыртқасы сатылымға жіберіліп отыр. Сонымен қатар келесі балапан басып шығаруға жұмыртқаларды іріктеу жүргізіледі. Инкубаторлық аппараттан шығарылған балапандарды өсіру үшін ғимарат ішінде +29, +30 градустық жылулық қамтамасыз етілген.
Қыста бөдененің жұмыртқалау мүмкіндігі аздығына қарамастан, өнім жақсы. Күн жылынғанда бұл көрсеткіш 5-6 есе көбейеді екен. Қазір бұл жерде екі инкубатор машинасы жұмыс істеп тұр. Екі инкубаторлық аппаратқа 150-ден бөдене жұмыртқасы салынады. Оның балапанға айналуы үшін 18-19 күн бойы 38,1 градус температурадағы жылу қосылып, жарығы жұмсақ инфрақызыл шам жағылады. Балапандар жұмыртқа қабығын жарған сәтте оны дереу алып, құрғақ әрі жұмсақ жерге орналастырып отыру қажет, сонда да балапандардың барлығы бірдей тірі қалмауы мүмкін екенін айтады кәсіпорында жұмыс істейтін жазасын өтеушілер.
– Кішкене жұмыртқадан тіршілік иесінің шыққанын көргенде өз еңбегіңнің ақталғанын сезінеді екенсің. Күнделікті жұмысымда қатыгездік пен мейірімділіктің арасындағы көпірден жүз өтемін. Өмірімді өксіткен сол бір сәттегі осалдығым мен қаза тапқан әріптесімнің бейнесі әлі де маза берер емес. Мекеме әкімшілігі тарапынан тәрбие жұмыстарына қатысты барлық тиісті ықпалды шараларды әрі қолдауды өзім де бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғандықтан толық сезінемін, сол үшін рақметімді айтамын, – дейді колониядағы құс шаруашылығы өндірісін басқарумен қатар жазасын өтеп жатқан Арман.
Дәурен Аллабергенұлы