ҚОЛӨНЕРІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ӨНЕРІ
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Тәй-тәй басқаннан бастап тамырлы тәлім, дәстүрлі тәрбие беретін алтын ордасы. Азуын айға білеген ақының да, жауырыны жер иіскемеген балуаның да, оқымысты ғалымың мен даңқы жер жарған өнерпаз болсын тегіне үңілсең, барлығы да сол ауылда туып, сонда өсіп-өніп, өмірдің ұлы көшіне ілескен.
Дәмелі апайымыз да Катонқарағай ауданының Қайыңды ауылының тумасы. Қазіргі күні зейнет демалысында. Риддер қаласында тұрады. Кейіпкеріміздің өзге тұстастарынан ерекшелігі – ол кісі бұл күндері көзімізден бұлбұл ұшып бара жатқан ою ойып, өрнек салу, алаша, текемет тоқу секілді ұлттық қолөнерімізді жанына серік еткен.
– Біз бір әке-шешеден жеті бала болдық. Сол кездегі ауыл адамдары, өзіміздің тұстастар қалай өмір сүрсе, біз де солай күн кештік, – дейді он саусағынан өнер тамған ісмер апамыз.
– Әрине, ол кезең мен бүгінгі заманды салыстыруға да, жарыстыруға да болмайды. Әр заманның өзінің есте қалар жақсы жақтары мен ауыртпашылығы, жоқшылығы болады екен. Ол кездегі ауыл тірлігі бүгінгідей емес, жұпыны болатын. Күнделікті мектепке киетін киімдеріміз де, ішіп-жейтін ас-суымыз да өлшеулі. Кейде жетпей қап та жататын. Солай болса да, сол кездегі адамдардың бір-біріне деген қайырымы мен мейірімі, жанашырлығы мен қамқорлығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген секілді ұлттық құндылықтарымыз бар еді.
Ата-анаға тірек болған алты қыз
– Балалық шағыңыз сол Қайыңды ауылында өтті ғой?..
– Иә, отбасында алты қыз болдық. Жалғыз ағамыз болды. Жастайымыздан үйдің жұмысы, түздікі демей, әкеміз бен ағамызға қолғанат бола білдік. Қыста ер балалармен қатар қар күреп, су тасысақ, жазда шөп те шаптық. Әке-шешеміз де қал-қадірлерінше бізді қатарымыздан қалдырмай киіндіріп-ішіндіріп, оқуымызды оқытты.
1976 жылы Берел ауылының азаматына тұрмысқа шығып, арада бір жыл өткенді сәбилі болдық. Жұмыс бабымен Үлкен-Нарын ауданында да бірер жыл тіршілік еттік. Сол жерде екінші ұлымыз дүниеге келді. Кейін Үлкен-Нарынды жерсінбедік пе, әйтеуір Берелге қайтып оралдық. Берелге келген соң Алла тағала бізге тағы да екі қыз берді. Жолдасым совхозда қарапайым механизатор боп жұмыс істеді. Содан аумалы-төкпелі бір заман келді де, біз қой шаруашылығына ауыстық.
– Сонда совхоздың қойын бақтыңыздар ма?
– Иә, совхоздың бір отар қойын алып, жеті жыл қойшы болдық. Қой бағуда да еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. Әр 100 саулықтан 150-ден қозы алған кездеріміз де болды. «Табанақы, маңдай терлеріңнің өтеуі» деп совхоз басшылары Берел ауылынан үй берді.
1997 жылы ойламаған жерден екінші балам қайтыс боп, қазасы қабырғамызды қақыратып кетті. Дәл осы кезде совхоздар тарап, адамдар жұмыссыз қалып, ақыры тығырыққа тірелген жұрт жаппай қала жаққа көше бастады. Әскер қатарынан аман-есен оралған үлкен ұлым ауылдың жай-күйін біраз байқастап жүрді де, «Қой, мына түрімізбен бір күні қайыр тілеп кетерміз» деп жұмыс іздеп, осы Риддерге кетті. Қанша дегенмен кеншілердің қаласы емес пе, ел қатарлы жұмысқа орналасып, көп ұзамай 2002 жылы бізді де көшіріп алды.
Кенет, манадан бері жарқын-жарқын сөйлесіп, өткені мен кеткенінен сыр шертіп отырған Дәмелі апамыздың қабағына әлдебір кірбің ұялай қалды. Сәл үнсіздіктен кейін: – Риддерге көшкеніміз бар болсын, арада үш ай өтер-өтпесте азаматымнан айырылып қалдым, – деді кемсеңдеп.
Не деп жұбатарымды білмей, сәл дағдарып қалдым да:
– Қап, әттеген! Ағамыз неден қайтыс болды, ауырды ма? – деп сұрадым.
– Дәрігерлер: «Жүрек талмасынан ауа жетпей қалған» деп диагноз қойыпты. Кейін анық-қанығын сұрастырып білсек, ағаңа бұл жердің климаты жақпаған көрінеді.
– Қалайша, білетін жұрт Риддердің табиғаты керемет, ауасы дертке дауа, – деп жүруші еді ғой?
– Кім білсін, біреудің дертіне дауа болса, дауа шығар. Бірақ жолдасыма дауа бола алмады. Бұл жақтың табиғатының әсемдігіне дау жоқ. Мәселе, ауасында екен. Катонқарағайдың ауасы құрғақ қой. Ал бұл жақтың ауасы өте жоғары ылғалды. Сол өкпеге қатты әсер ететін көрінеді. Осында келген алғашқы күндерден бастап, «Дем алысым ауырлап, өзімді жайсыз сезініп жүрмін» деген еді. Біз сол қазақтығымызға салып: «Е, қайтер дейсің, жерсінбей жүрсің ғой, әлі-ақ үйреніп кетесің» дедік те, қойдық. Не алдын алып дәрігерге қаратпадық. Сөйтіп, сап-сау жүрген адам көз алдымызда кете барды…
Екі ұл, екі қызымыз бар еді. Тағдырдың жазуымен бір қыз, бір ұлдан айырылып қалдық. Енді қалғандары аман боп, солардан немере-шөбере сүйсем деп, жатсам-тұрсам солардың тілеуін тілеп отырам.
– Ою-өрнек сап алаша, текемет, сырмақ, жүн көрпе тігетін өнеріңіз бар екен. Мұны қайдан үйреніп жүрсіз, әлде арнайы тігіншілік оқу оқыдыңыз ба?
– Бабаларымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген ғой. Осы күні қолымнан нендей іс келсе, соның бәрін шешемнен үйрендім. Сондықтан, әуелі Аллаға, сонан соң ата-анама деген ризашылығым мен алғысым шексіз.
– Әкеңіздің қолы қандай еді, қолөнері бар ма еді дегенім ғой?
– Біздің бала күнімізде анам жарықтық іс тігумен айналысатын. Ыңылдап әнін айта отырып-ақ небір текемет дейсіз бе, алаша, құрақ көрпе, бөстектерді тігіп тастайтын. Сол кезде балалық қызығушылықпен айналсоқтап, анамыздың қасынан шықпаушы едік. Сынықтан басқаның бәрі жұғады екен.
Жас ұрпақтың қолөнерге құлқы жоқ
«Біз әке-шешеден алты қыз едік» дедім ғой. Жалғыз ағамыз түздің шаруасына үлгермей жатады. Әкеміз болса таңның атысынан, күннің батысына дейін совхоздың жұмысында. Совхоздың жұмысы деген жалғанда бітіп беруші ме еді? Дегенмен анда-санда жұмыстан қолы қалт еткенде немесе қыстың ұзақ кештерінде әкеміз үйде қарап отырмайтын. Жарықтық қолы ісмер адам еді. Мал терісін иін қандырып тұрып илеп, әлгіден таспа тіліп жүген, ноқта, өмілдірік, шылбыр секілді ат әбзелдерін істейтін. Ер шауып, домбыра, қымыз құятын саба жасайтын ағаш шеберлігі де болды. Біз сол алты қыздың кәдеге жарайтын үшеу-төртеуіміз ағамызға көмектесіп, қар күреп, су әкеліп, малға шөп салып дегендей түздегі шаруаға да араласып кете беретінбіз.
Сөйтіп жүріп бойжеттік. Іс тігіп, ою ойғанды анамыздан үйрендік. Ертеректе жұмыста жүрген кезімде қолым тие бермейтін. Қазір зейнетте болғасын, бір жағынан үйде отырып ішім пыспасын деп, бір есептен елге пайдасы бар іспен айналысайын деп осы тірлікті қолға алғам.
– Сонда, мынадай көздің жауын алатын текемет, сырмақ, көрпелеріңізді базарға шығарып саудалайсыз ба?
– Жоға құдай, қайдағы сауда?
Ұл-қыздарыма, туыс-туғандарға, тұрмысқа шыққан қыздарының жасауына тарту етем. Қайсыбір үйге келгендеріне көйлегің деп ұстатып жіберем. Анда-санда бірді-екілі тапсырыстар да болып тұрады.
– Е, оныңыз да жөн екен. Ал бұған қажетті материалды қайдан аласыз?
– Ертеректе жүнді жуып, сабап, түтіп, иіруден бастап жіпке дейін өздері істеген ғой. Қазір онымен ешкім айналыспайды. Базар, дүкендерде не керектің барлығы толып тұр. Қалағаныңды ал да тоқи бер, егер қолыңнан келсе. Өзім жылына бір рет, жаз айларында Катонға барып біраз уақыт демалып қайтам. Сол кезде жүнді жуып, сабап, қажетті түстерге бояп алам. Ал негізі, «Дайын дүниенің барлығын Қырғызстаннан әкеледі» деп естимін.
– Қазір осы қолөнерге қызығып, үйренсем деген жастар бар ма? Болса, соларға бір үйірме ашып, білгеніңізді үйретер ме едіңіз?
– Әрине, «Ұстаздық еткен жалықпас…» демеуші ме еді. Өмірден көрген-білгеніңді өскелең ұрпаққа үйреткенге не жетсін!? Бірақ ол мүмкін болмай тұр ғой…
– Неге мүмкін болмайды, оған не кедергі?
– Кедергі дейтіндей, кедергі де жоқ. Мәселе, үйренейін дейтін жастардың болмауында боп тұрған жоқ па? Бүгінгі жастар «Мұндай дүниемен айналысуды босқа уақыт өлтіру» деп санайды. Көздің майын тамызып, құрақ құрап, ою ойып, іс тігіп отырғылары келмейді. Одан да дүкендер мен базарлардан дайынын сатып ала салғанды жөн санайды.
Осы тұста әңгімеге Дәмелі апамыздың ұлы араласты.
– Біздің Катонқарағайға соңғы жылдары туристер көп барып жатқанын білесіз ғой? – дейді Назар бауырымыз. – Солардың қызығушылығын арттыра түсу мақсатында қайсыбір жекелеген адамдардың өзі бие байлап, бал жинап, аңшылық саят ұйымдастырып шағын туризммен айналысуда. Солар келген туристердің жатып-тұруына қолайлы етіп киіз үй тігетін көрінеді. Ол киіз үйлер көрер көзге тартымды әрі таңсық болуы үшін іші-сыртын қазақы ою-өрнекпен безендіреді екен. Өткен жылы анам Катонға барған демалысында сондай бір үйдің іші мен сыртын қазақы ою-өрнекпен безендіріп беріпті.
– Мұндай сұраныстың боп жатқаны тамаша ғой. Қол еңбегін төлеген болар?
– Әрине, төлейді ғой. Қазір тегін деген дүние қалды ма? Бұйырған қолақысын беріпті. Әйтеуір, еңбектің егесі өкпелемесе болды ғой.
– Маңайларыңызда қазақтар бар ма?
– Бар, әрине. Катоннан, Күршім, Зайсан жақтардан көшіп келген біраз қазақ отбасы бар. Солармен араласып, амандық-саулық білісіп, бір-бірімізге қонаққа да барып тұрамыз. Барлығы да елден келген, жаттығы жоқ, аңқылдаған ауыл адамдары. Балалары болмаса, көпшілігі біз секілді зейнеттегі адамдар. Бірі немерелерін мектепке апарып-әкелсе, енді біреулері үйде бағып-қағып дегендей, әйтеуір бос отырғаны жоқ.
Балаларым, «Енді қартайғанда көзіңді ауыртып, әуре боп қайтесің. Онан да күніне бір-екі мезгіл таза ауада демалып, серуендеп қайтпайсың ба?» дейді. Алаңдаушылық білдіргендеріне разымын, әрине. Алайда «ауру қалса да, әдет қалмайды» демей ме. Бұл да сол қалмай келе жатқан әдеттің бірі шығар.
Қазақтың ата-бабасынан мұра боп қалған қолөнер түрлері өте көп әрі бай. Соның ішінде киізден текемет, алаша, тұскиіз тоқып, жүннен көрпе тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
«Төл өнерімізді үйреніп, әрмен қарай дамытады-ау» деген жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы да, құлқы да жоқ.
Ойланатын-ақ жағдай…
Серік Құсанбаев
Риддер