Білім

Колледждерде көп өзгеріс болады

Өзгермелі өмір өрнегіне байланысты ендігі кезекте колледждер қатып қалған қағида ұстанып отырмайды. Заман талабы мен еңбек сұранысына сай маман даярлап, жұмыс берушілермен бірлесе жоспар құрады. Тіпті, білім алушылардың оқу мерзімі де өзгеретін болады.

Алдағы уақытта білім берушілерге де, білім алушыларға да еркіндік беріледі. Колледждердің академиялық еркіндік алатыны туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.

– Бұрын оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау кезінде колледждер жалпы үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына байланысты болатын. Олардың мазмұнын 50%-ға дейін өзгертуге рұқсат етілді. Сондай-ақ оқу жоспарының бөліктері оқу мерзіміне байланысты болатын. Ал жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл көбіне ресми болып, кәсіби тәжірибелерді жүргізу және олардың мемлекеттік аттестация комиссияларының құрамында болуы қажет болды. Оқуын аяқтаған түлектерді жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілердің колледждермен бірлесіп жұмысқа қабылдау кезінде олардың сұраныстарына сәйкес келетін білім беру бағдарламалары мен практикалық сабақтарды әзірлеуге толық мүмкіндігі болмады. Енді колледждерге берілген академиялық еркіндік бұл жағдайды түбегейлі өзгертеді. Ал студенттердің алған білімдері тәжірибе жүзінде қолданыла бастайды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, осыдан былай білім беру бағдарламаларын даярлауға және сараптауға жұмыс беруші тараптар қатысатын болатын. Осылайша олар қоғамға қажетті және сұранысқа ие мамандарды оқытпақ. Нақтырақ айтқанда, еңбек нарығының, кәсіптік стандарттың, өңірлік ерекшеліктердің және өзге де өмірілк сұраныстарға сай мамандар даярлайтын болады. Соныман қатар колледждерге оқу мерзімін анықтау құқығы берілмек. Егер бұрын оқу мерзімі екі жылдан төрт жылға дейін деп нақты бекітілсе, енді ол мамандықтың ерекшелігіне және оқу нәтижелеріне байланысты болады.

– Студенттердің мамандықты таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Біз стейкхолдерлердің (мүдделі тарап) өздерін тарта отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу олардың колледждердегі білім сапасына көзқарасын жақсарта түседі деп есептейміз. Колледждердің білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп әзірлеу алгоритмі қандай болады? Ол мамандықтар бойынша қажетті құзыреттерді анықтауды, кәсіптік стандарттардың талаптарына және жұмыс берушілердің үмітіне сәйкес келетін оқыту нәтижелерін анықтауды, құзыреттердің өзара байланысын, бағалау әдістері мен өлшемдерін анықтауды, білім алушылардың қажеттіліктерін зерттеуді, білім беру бағдарламасын толыққанды іске асыру үшін ресурстарды айқындауды қамтиды. Әзiрленген бiлiм беру бағдарламалары сараптамадан өтіп, одан кейін барлығына қолжетімді бiлiм беру бағдарламаларының электронды тiзiлiмiне енгiзіледі, – деді министр.

Осылайша білімнің әр саласы біртіндеп уақыт талабына сай қажетті өзгерістерге қадам басты. Білім беру бағыты дұрыс болса, болашағымыздың жарқын болары анық.

 Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button