Білім

Колледж студенттері пікір сайыстырды

Айжанат Бақытқызы

Өскемен жоғары политехникалық колледжінде «Алаш ұрпақтары» зияткерлік дебат клубының бастамасымен «Ата-баба жолы, ел бірлігі»  атты облыстық колледжаралық пікірсайыс турнирі өтті.

Іс-шара Бұқар жырау Қалқаманұлының  355 жылдығы және Өскемен жоғары политехникалық колледжінің 70 жылдығы аясында ұйымдастырылған.

Турнирдің ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының тәрбие ісі бойынша бас маманы Гүлмира Ілиясова, осы турнирдің өтуіне себепкер пікірсайыс демеушілерінің бірі – колледж директоры Исатай Исин және Қазақстан Республикасы дебат қозғалысын дамыту бойынша жобалық кеңсе сарапшысы Дәулет Қайратұлы құттықтау сөз сөйлеп, жалынды жастарға сәттілік тіледі.

  • Турнирдің мақсаты – Бұхар жыраудай әділ, шешен адамның өмір жолын насихаттай отырып, жастардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, өз ойын дұрыс қалыптастыруға үйрету арқылы еліміздегі пікірсайыс қозғалысын дамыту. Өскемен жоғары политехникалық колледжі тек техникалық білім беріп қана қоймай, мәдени шараларға ерекше мән береді. Сондықтан сайысты ұйымдастыруға қолдау білдірген колледж директоры Исатай Салихұлына алғысымыз шексіз. Бірнеше жылдан бері өңір жастарын қалалық, облыстық сайыстардан бастап республикалық деңгейдегі сайыстарға дайындап, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып жүрген политехникалық колледждің тарих мұғалімі, «Алаш ұрпақтары» дебат клубының жетекшісі Бақытжан Макаримовтың еңбегін ерекше атап өткен жөн, – деді Гүлмира Бейсенбайқызы.

Турнир барысында  өңірдегі он колледжден бұған дейін іріктелген 16 команда бақ сынасты. Негізгі тақырып Бұхар жыраудың өмірбаяны мен еңбектері аясында болғанымен, қатысушылар дебат барысында қазіргі қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелерге қатысты  ой-пікірлерін ортаға салып, дәлелдер келтірді. Қатысушылар өз ұстанымдарын қорғай отырып, оппоненттеріне қарсы тұрып, өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

Қазылар алқасы дарынды жастарды сөйлеу шеберлігі, дәлелдеме келтіру, жауаптардың толықтығы, сөйлеу логикасы мен пікірталас мәдениеті сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағалады.

Турнир қорытындысы бойынша «А» лигасында 1-орынды «Дебатизм» фракциясы – Өскемен жоғары медициналық колледжінен Ерке Төлеген мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінен Аружан Ұланқадырова, «В» лигасында 1-орынды «Ине» фракциясы – Өскемен қаласы Экономика және қаржы колледжінен Айым Бекішева мен Ақмарал Қамбетай иеленді,   Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінен Әмина Қыдырмоллаева «Үздік спикер»,  Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі «Үздік делегация», Қазақстан-Американ еркін университеті жоғары колледжінің дебат клубы «Үздік клуб»,  Еміл Әли «Бас төреші»,  Қазақстан-Американ еркін университеті дебат клубының жетекшісі Жігер Сәрсенбаев «Үздік төреші» аталымында жеңімпаз атанды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар мен дипломдар, кубоктар табысталды. Чемпиондар алдағы уақытта өтетін республикалық турнирге жолдама алды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button